«Бөбек» деп өбектеп өткен
«Бөбек» деп өбектеп өткен
ағалы-інілі ақындарды еске алды
Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған қаламгерлер Асқаржан Сәрсек пен Лесбек Сайлаубекті еске алуға арналған «Бала жанының бағбандары» атты іс-шара мектеп оқушыларының бірқатар қаламгерлермен кездесуі түрінде өтті.
Бала болып ойлап, бала болып сөйлеудің, бүлдіршіндер мінез-құлқын, қылығын сол күйі қағазға боямасыз түсіре алудың қиындығынан да болар, облысымызда балалар ақындары аса көп те емес. Мыңатай Қыстаубаев, Сұлтан Қалиев, олардың ізін ала Асқаржан Сәрсек шықты. Кейін ағалары шоғырынан Лесбек Сайлаубек шаң берді. Соңғы аталған екі ақынның да қанаты «Ақ жол» газетінде ұшталды. Журналистика саласында тер төгіп жүрсе де, шығармашылықтарынан қол үзбей, балалардың бал тілімен тәрбиелік ой түйе білетін қарымды қаламгерлерге де айналды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі А. Сәрсекті қаламдастары көзі тірісінде-ақ «балалар әдебиетінің классигі» деп мойындағандары белгілі. Айрықша «балажанды» ақын ересектерге де арнап көптеген мысал өлеңдерді қазақша да, орысша да көсіле жазды. Өлеңде ерендігінен, өмірде қарапайымдылығынан танбай өтті. Оның шәкірті, әріптесіміз Лесбек Сайлаубек те аға үлгісімен жүрді, балалар ақыны болып қалыптасты. Ауылдас, қанаттас қос ақынның қысқа да нұсқа, шымыр жазылған, тәрбиеге, тағылымға толы өлеңдері бүгінде жас ұрпақ тәрбиесіне қызмет етуде. Іс-шара аталған ақындармен бірер жыл бұрынғы кездесу кешінің бейнетүсірілімін тамашалаудан басталды. Бұдан кейін осындағы драма үйірмесінің қатысушылары кезегімен көпшілік алдына шығып, қос ақынның өлеңдерін жатқа айтып берді. Кітапхана директоры Мейраш Ысқақова іс-шараның тәрбиелік мәні мен маңызына тоқталып, қонақтарға сөз берді. Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбарак Жинақбаева, белгілі айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков, қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті редакторының орынбасары, журналист Ерман Әбдиев және осы жолдардың авторы қос ақынның өмірі мен шығармашылығы жөніндегі естеліктерімен бөлісті. Аталған ақындардың өлеңдері мәтініне ән жазу бойынша облыстық байқау өткізу арқылы балаларға арналған ән қоржынымызды толықтыру, олардың шығармаларының толық жинақтарын мол таралыммен басып шығару мәселелері де ортаға салынды. Жас өрендердің кітап оқуға деген құлшыныстарына қолдау білдіріліп, тиісінше ақыл-кеңестер берілді.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».