Білім

Университеттің жаңа ғимараты

Университеттің жаңа ғимараты

Өткен аптада Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің 4 қабатты жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді. Жобалық-сметалық құны 315 миллион теңгені құрайтын, 250 орынға арналған үлкен және сыйымдылығы 60 орындық кіші мәжіліс залдары, оқу зертханасы, лекциялық аудиториялары мен студенттік асханасы бар ғимараттың құрылысын «ЦентрСнабСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті. Жаңа ғимараттың тұсаукесер рәсімін университет ректоры Ерболат Саурықов қысқаша сөз сөйлеп ашты. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, «Қазақстан» РТРК АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепбергенов, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлсін Орынбаева, іскер әйелдер қауымдастығы облыстық филиалының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Бұдан кейін жоғары оқу орнының бір топ оқытушыларына облыс және Тараз қаласы әкімдерінің, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының және қоғамдық ұйымдардың марапаттары тапсырылды. Университет ректоры Е. Саурықов ғылыми кеңестің шешімімен «Қазақстан» РТРК АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры М. Төлепбергеновке ТИГУ-дың Құрметті профессоры атағы берілгендігін жария етіп, куәлігін тапсырды.

Тұсаукесер рәсімі одан әрі білім ордасының оқытушылық-профессорлық құрамының қатысуымен ұйымдастырылған «Елбасы Жолдауы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа сындарлы саяси бағыты» атты «дөңгелек үстел» отырысына жалғасқан. Басқосуда «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ұ. Құрманбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ө.  Үмбетов, агробиологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, техника ғылымдарының докторы Н.Муслимов баяндама жасады. Соңынан «дөңгелек үстел» отырысына қатысушылар баяндамаларда көтерілген мәселелерге қатысты талқылауға белсене ат салысып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».