Жаңалықтар

Алатаудың сұңқары

Алатаудың сұңқары

1941 жылғы 26 ноябрь күні маршал К.К.Рокоссовский мені полк командирі етіп тағайындады. Онда менің жасым 30-да еді. Әскери дәрежем аға лейтенант болатын. Ол кезде партия қатарында жоқпын. Полк командирі болу дейтін оңай емес. Мен одан бұрын батальон командирі болатынмын. Бес рет қоршауды бұзып шыққам. Соны марқұм генерал Иван Васильевич Панфилов Рокоссовскийге жеткізген екен. Маршал Рокоссовскийдің маған сенгендігінің төркіні сонда жатыр екен. Партия қатарында жоқ аға лейтенантты полк командирі етіп тағайындау – үлкен сенім. Ал полк штабының бастығы подполковник Сорокин екен. Аға лейтенант пен подполковниктің айырмасы жер мен көктей. Полк комиссары – батальондық аға комиссар Петр Васильевич Логвиненко. Батальон командирлерінің әскери дәрежесі майорлар. Полкты қабылдауға келдім. Полк штабы Трусово деревнясында екен. Менің штабқа кіргеніме бір сағат болған жоқ, күтпеген жерден немістер Трусовоға шабуыл жасады. Мен қатты састым. Немістердің күші мол. Қарсыласуға шамам жоғын сездім. Шегінуге мәжбүр болдым. Шегіну – оңай емес. Шегінуден шығу үшін тосқауыл керек.

– Комиссар, сіздің қарамағыңызға бір рота қалдырамын. Мен полкті алып шығуым керек. Сіз тосқауыл боласыз, – дедім. Комиссар Логвиненко: – Түсінікті, командир жолдас, – деді маған. Жасыратын еш нәрсесі жоқ, быт-шытымыз шығып қашып бара жатырмыз. Обалы не керек, комиссар бір ротамен сіресіп тұрып алып, тосқауылға тоқтау болып, немістерді алға жібермепті. Бұл да оңай нәрсе емес. Соколово дейтін қыстаққа жеттім. Соған барып қорғаныс ұйымдастырдым. Есімізді зордан жинап алдық. Логвиненко ротаның қалғандарымен қайтып келді. Күштің аты – күш. Немістер тықсыртып келе жатыр. Біз де бедірейіп, қарсыласып тұрып алдық. Полкімде алты зеңбірегім бар еді. Соларды алғы шепке қойдым. Немістер сегіз танкпен келе жатыр. Зеңбіректер ата бастады. Немістердің де танкісінде зеңбірегі бар. Сарт-сұрт атып, алты зеңбірегімнің бесеуінің тас-талқанын шығарды. Бір ғана зеңбірек қалды. Шыдай алмастан қалған зеңбіректің қасына жүгіріп бардым. Сөйтсем еңгезердей, қап-қара қырғыз екен командирі. Дәрежесі – старшина. – Ат! – деп айқай салдым. – Атып жатырмыз ғой, командир жолдас, – деді. Соғыста сәтті, сәтсіз нәрсе болады. Атқан оғың әркімге тие бермейді. Сол жолы (әлгі қырғыз жігітінің фамилиясы – Тоқтағұлов, аты – Сатыбалды екен) оның зеңбірегінің сәті түсті. Әр атқан снаряды далаға кеткен жоқ. Сегіз танктің бесеуін қиратты. Немістерге жан керек. Қалған үш танкі шегінуге мәжбүр болды... 30-шы ноябрь күні Крюковоға шегініп қайттық. Ол Москвадан отыз-ақ километр жерде. Москваның іргесі дірілдеп, қалтырап тұрған кезі еді. Крюковода алты күн соғыстық. Қолма-қол Крюковоны біресе немістер бізден тартып алады, немесе біздер немістерден тартып аламыз... Мен соғыс кезінде батальон командирі де, полк командирі де, дивизия командирі де болғандардың біреуімін. Бірақ та үлкен дәрежеме қарамастан (ол кезде жас едім ғой), солдаттармен қатар жүрген командирдің бірі болдым. Әр уақытта алдыңғы шепте жүргендердің біреуі болатынмын. Немістер бізді Крюководан қуып шықты. Есімізді жинап алғаннан кейін біз күш жинап, тағы да қарсы шабуылға шықтық. «Отан үшін, Сталин үшін!» деп айқайлап, ұран салып бара жатырмыз. Мен де алдыңғы шептің қатарында жүгіріп бара жатырмын. Немістердің бірнеше минометтері бізді атқылай бастады. Сол бір шақта минаның жаңқасы менің алдымда кетіп бара жатқан әскердің қолына тиіп, білезігінен жұлып кетіпті де, оның қолы екі-ақ елі теріге ілініп қалыпты. Менің көзімше жаңағы әскер теріге ілініп тұрған қолын жұлып алып, қарға лақтырып жіберді. Соны көрген мен есімнен танып қала жаздадым. – «Атаңның гөрі, қоқи!» – деп мылтығын оқтап алып, сермеп атып, алға тұра жүгірді. Соғыс заңы бойынша ол ауыр жараланғаннан кейін шетке шығып тұрып қалуы керек еді, бірақ ол өйтпеді. Ол қайта ызыланып-өршеленіп алға жүгіріп барады. Мен тағы таңғалдым. Мен оны қуып жетіп, түріне қарасам, әлгі жауынгер – баяғы старшина Тоқтағұлов Сатыбалды екен. Мен соғыста қорқақтықты да, батырлықты да көп көрген кісілердің біреуімін. «Шын Алатаудың сұңқары екенсің ғой!» деп ердің ерлігі алдында жүрегіммен басымды идім.

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.