Экономика

Табысқа жаңа технология қол жеткізуде

Табысқа жаңа технология қол жеткізуде

Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты кезекті Жолдауы «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің еңбек ұжымын еңбектегі жаңа жетістіктерге жігерлендіруде. Кәсіпорын жұмысшылары Жолдаудың басты ерекшелігі – мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық шешуші салаларының қамтылғаны және жүзеге асырылатын іс-қимылдардың нақтылығында дейді. Сарысу ауданындағы ең ірі өндіріс орны – «Қазфосфат» ЖШС филиалының «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінде фосфор кенін өндіру 1946 жылдың 5 желтоқсанында басталған. Тау-кен өңдеу кешені негізінен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізумен, фосфорит кенін шығару және өңдеумен айналысады. Оның негізгі өндірістік цехтары – Орталық байыту фабрикасы, Ұсақтап-сұрыптау фабрикасы және «Көксу», «Ақсай», «Шолақтау», «Шиелі бұлақ» кеніштері болып табылады. Сонымен қатар, қосалқы 12 көмекші цех жұмыс атқарады. Кешенде барлық мамандықтар бойынша 2036 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа айлық жалақылары 90 мың теңгені құрайды. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жалақы 10 пайызға өсірілді. Кешен бұл күнде жаңа технологияларды пайдалану арқылы қайта өркендеу жолына түскен. Жылдан-жылға өндіретін кен көлемі артып келеді. Өткен қазан айында барлығы 182000 тонна фосфор кені өндіріліп, көрсеткіш 108,4 пайызды құрады. Былтырғымен салыстырғанда 8400 тонна өнім артық өндірілді. Үстіміздегі жылдың 10 айының қорытындысы бойынша барлығы 1386301 тонна фосфор кені өндірілді. Кәсіпорында қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына баса көңіл бөлінеді. Жұмысшылар бір ауысымда 60 адамға қызмет көрсететін «Көктал» емдеу-сауықтыру кешеніне, ал олардың балалары жылына 1000-ға тарта балғын демалатын «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагеріне демалуға жіберіледі. Биылдың өзінде сауықтыру лагерінде 885 бала демалды. Кешенде спорт түрлерімен айналысуға да мүмкіндіктер жасалған. «Фосфорит» стадионы, теннис және ауыр атлетика залы, шахмат, дойбы үйірмелері, жұмысшы қызметкерлердің балалары үшін «Кенші балапан» көркемөнерпаздар үйірмесі тұрақты жұмыс істейді. Елбасы Н.Назарбаев облысымызға келген кезекті бір сапарында Қаратау қойнауындағы байлықты химиялық тәсілмен өңдеп, халық игілігіне жарату қажет екендігін айтты. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында өңірімізде химия өнеркәсібі қайта жанданды. Президент биылғы Жолдауда елімізде бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есеге, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есеге өскенін атап көрсетті. Жылдың бас құжатында айқындалған дамудың басым бағыттары жүзеге асырылғанда бұл көрсеткіштердің арта түсетініне сенім мол.

Дихан Ақділда, «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас менеджері.

Талас ауданы.