Өзіне теңдессіз ескерткіш орнатқан жан
Өзіне теңдессіз ескерткіш орнатқан жан
«Өзінің елін сүйе алмайтын адам ештеңені де сүйе алмайды. Ал Отанының Тәуелсіздігі мен игілігі үшін жан қиюға, тер төгуге даяр адам өзіне теңдессіз ескерткіш орната алады» деген екен ағылшынның танымал романтик-ақыны Джордж Ноэл Байрон. Міне, сондай ел-жұртының бостандығы үшін қан майданда қасық қанын аямай, ерен ерліктің өнегесін көрсеткен, ал бейбіт уақытта іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілетімен елінің ризашылығына бөленген айтулы азаматтардың бірі Әулиеата өңірінің перзенті Уәлихан Рахымұлы Қайназаров десек, онымыз артық айтқандық болмайды.
1919 жылдың ақпан айының 15-і күні қазіргі Жамбыл ауданының Ақтөбе ауылдық кеңесі аумағында дүниеге келген Уәлихан Рахымұлы 1940 жылдың тамыз айында Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын тәмамдаған соң, Сарысу аудандық жер бөлімінде еңбек жолын бастайды. Алайда, сол кездегі халықаралық жағдайдың шиеленісуіне байланысты КСРО мемлекеті жариялаған мобилизация бойынша Уәлихан 1940 жылдың қазан айында әскер қатарына алынып, содан 1945 жылдың мамыр айына дейін офицер шенінде Қызыл Армия қатарында болады. Гитлерлік Германия Кеңестік одаққа баса-көктеп кірген 1941 жылдың 22 маусымынан бастап, соғыстың соңғы сәтіне дейін фашистермен арада болған жан алысып, жан беріскен қиян-кескі шайқастарға қатысады. Балтық жағалауы үшін болған ұрыстарға, Мәскеуді қорғауға, ал 1942 жылдың қазан айынан бастап, бұрынғы 5-інші Витебск атқыштар дивизиясының негізінде құрылған Ленин және Суворов орденді Қызылтулы 44-інші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында Ресей, Белоруссия, Украина, Польша және Германия аумақтарын гитлершілдерден азат етуге ат салысады. Әуелде оқу батальонында рота командирі, армиялық бағыныстағы 338-інші жеке рота командирінің орынбасары, командирі болған қазақтың батыл, жаужүрек перзенті, кейінірек 44-інші гвардиялық атқыштар дивизиясы 128-інші атқыштар полкінің 1-інші батальоны командирінің орынбасарлығына, соңынан командирлігіне тағайындалады. Уәлихан Қайназаров 44-інші гвардиялық дивизия құрамында болған Оңтүстік-Батыс, Беларусь, 1-інші және 2-інші Беларусь майдандарының сапында өзі жуан ортасында жүрген Кіші Сатурн, Калинкович-Мозырск, Бобруиск, Белосток, Люблин-Брест, Млавск-Эльбингск, Шығыс Померания және Берлин әскери операциялары сияқты соғыс тағдыры шешілген шешуші шайқастарда өзін ержүрек жауынгер, қажетті жерінде дұрыс шешім қабылдай білетін білікті командир ретінде танытады. Сол үшін гвардия капитаны У.Қайназаров «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» және екі бірдей ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталады. Оның жасаған ерліктері «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Кеңестер одағы Қарулы күштері Жоғары Бас Қолбасшысының көптеген грамоталарымен атап өтілген. Бір айта кететін жай, Уәлихан Рахымұлының қазіргі Украинаның Харьков облысындағы Изюм қаласын жаудан азат етуге қатысқан сәті өткен ғасырдың сексенінші жылдары түсірілген көп сериялы «Ұлы Отан» киноэпопеясының 10-ыншы сериясында көрініс тапқан. Соғыс кезінде әскери киножурналистер таспаға сәтті түсірген эпизодта қарамағындағы жауынгерлерінің алдында қасқайып келе жатқан қазақтың қайсар ұлы Уәлихан Қайназаров бейнеленеді. Ал қазақ кинодокументалистері ол жайында 1979 жылы көрерменіне жол тартқан «Ұрпақтар өмірбаяны» деректі фильмінде арнайы сюжет түсіргендігі мәлім. Гитлерлік Германия тізе бүгіп, фашизм өз апанында тұншықтырылған 1945 жылдың соңына қарай әулиеаталық батыр ұл елге оралады. Әуелі біраз жыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының аға зоотехнигі, Меркі және Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармаларының бастығы болып қызмет атқарады. Кейін 1954 – 1961 жылдар аралығында партиялық жұмысқа ауысып, оған Жамбыл аудандық партия комитетінің хатшысы, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Көктерек аудандық партия комитетінің 1-інші хатшысы қызметтері сеніп тапсырылады. Өзіне жүктелген қандай міндет болсын, жауапкершілік жүгін терең сезініп, барын салатын Уәлихан Рахымұлының іскерлік қабілеті, ұйымдастырушылық қасиеті қазіргі Мойынқұм ауданының барлық аумағын түгелдей қамтыған бұрынғы Көктерек ауданына басшылық жасаған жылдары ашыла түседі. Ол бірінші басшы болған кезеңде негізінен төрт түлік мал өсіруге маманданған аудан шаруашылықтарының ұжымдары айтарлықтай жетістіктерге жетеді. Ондаған шопан, бақташы, жылқышылар ел үкіметінің жоғары марапаттарына ие болады. Ал әр жүз саулықтан 145-тен қозы алып, әр қойдан 3,3 килограмнан жүн қырыққан тәжірибелі аға шопан Жазылбек Қуанышбаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1958 жылғы 29 наурыздағы қаулысымен екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Уақаңның басы-қасында болуымен 1960 жылдың шілде айында Бірлік ауылында Еңбек батырының қола бюсті орнатылады. Уәлихан Қайназаров – өзінің саналы ғұмырында ауыл шаруашылығын жетік білетін, ауылдың әлеуметтік проблемаларын шеше алатын білгір басшы ретінде танылуымен қатар, егіншілік пен мал шаруашылығына қажетті кадр даярлау ісінің іскер ұйымдастырушысы тұрғысында да жұртшылық жадында қалған жан. Оның Қазақстанда тұңғыш ашылған Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Красногор совхоз-техникумының алғашқы директоры болып қызмет атқарған он төрт жылдық еңбек жолы жайлы бүгінде зейнет демалысына шыққан, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Барлыбай Рысбеков құрметпен еске алады. «Жаңа типтегі орта арнаулы оқу орнының құрылып, дамуына ерекше еңбек сіңірген азамат – Уәлихан Рахымұлы Қайназаров. Қордай жұртшылығы ол кісіні Қазақстанда құрылған бірінші совхоз-техникумының директоры деп біледі. Оқу орнын қазіргі Ноғайбай ауылына көшірген де сол кісі. Уақаңның алдын көрген шәкірттері облысымызда ғана емес, республиканың барлық өңірлерінде мыңдап саналады» депті ол кісі республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жазған мақаласында. Ел намысы сынға түскен сұрапыл соғыста батырлық танытқан, бейбіт өмірде еңбек майданының алғы сапында болған Уәлихан Рахымұлы 1975 жылдан қашан зейнет демалысына шыққанша Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрлігі Жамбыл балық зауытының директоры болып қызмет атқарады. Ол кісі бейбіт өмір орнаған мамыражай кезеңдегі еңбекте қол жеткен жетістіктері үшін Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Үлкен Күміс медалімен, бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Халқының қадірлі ұлдарының бірі, біртума азамат У. Қайназаровтың есімі ол өмірден озғаннан кейінгі жерде де жерлестерінің жадында сақталумен келеді. Облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл ауданына қарасты Қапал ауылындағы Бурыл көшесінің, Тараз қаласындағы бұрынғы Аносов көшесінің ендігі жерде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Уәлихан Рахымұлы Қайназаровтың есімімен аталуы – ел-жұртының абзал перзентіне деген қадір-құрметінің бір көрінісі. «Ер есімі – ел есінде» деген қағидалы сөз, сірә, кейінгі ұрпақтың тағылымды аға буынға деген осындай құрметінен шыққан болуы керек.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Тараз қаласы.