Әдебиет

Ғашық жандар бірін-бірі сағынсын

Ғашық жандар бірін-бірі сағынсын

Шырын Мамасерікова.Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Меркі ауданының Құрметті азаматы, ақын Шырын Мамасерікова биыл мерейлі 70 жасын тойлады. ойлы сөздерімен, өрнекті ұйқастарымен оқырманды тәнті еткен Шырын Мамасерікова - газетіміздің «Пырақ» әдебиет бетінің бүгінгі қонағы. ақынды желекті жетпістен кейін де жемісті еңбек ете беріңіз деп құттықтай отырып, оның нәрлі, әрлі, сыршыл өлеңдерін оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.

Арман гүлі

Күллі әлемді шеберлікпен жаратқан, Хақ тағалам ізгілік нұр таратқан. Сондықтан да ғашық болып өмірге, Әлхамдулла, арайланып таң атқан.

Атажұртта қызғалдақтай жайнаған, Ауылымның сандуғашы ем сайраған. Тебіренткен мейірбанды жандарға, Той-думанда ұсынушы ем қаймақ ән.

Уақыттың ұстап алып жалынан, Тіршіліктің татқан сайын балынан. Туған елді нығметіңе бөле деп, Жаппар ием, жалғыз саған жалынам.

Арман гүлі шешек атсын, бапташы, Алай-дүлей дауылдардан сақташы. Әміріңе құлдық ұрам, Жасаған, Жабылмасын жарық дүние қақпасы.

Еңбекқордың ернінен май ақса екен, Жапа көрген зейнет, рахат тапса екен. Жылуы жоқ, қара тастай жүрекке, Шапағаттың шамшырағын жақса екен.

Төскейіне төрт түлік мал толса екен, Өр ұл-қыздар сырттан олжа алса екен. Тұғырынан тайдырмашы, Тәңірім, Қазақ халқы Мәңгілік Ел болса екен.

Неге, неге?

Өте шығар бұл жалған қас-қағымда, Екі айналып келмейді жас шағың да. Еңсемді езіп, есімнен тандырғандай, Жебір бұлттар жүзіп жүр аспанымда.

Неге, жаным, күлімдеп қарамайсың, Салқын жүзбен жүректі жаралайсың. Сүйіп, құшып сен неге баяғыша, Саусағыңмен шашымды тарамайсың.

Ерттеп мініп жұлдызды келуші едің, Көлеңкеңдей соңыңнан еруші едім. Неге, неге, төбемнен жай түсірдің, Тәңірімдей табынып сенуші едім.

Өңменімнен өткен жел ызғарындай, Өксіп тұрмын өкпемнің сызы арылмай. Өшпесе деп тілеймін от сезімді, Өсек сөзден қаңтардың мұз, қарындай.

Сені ойласам жабырқап жыр алаңым, Сағыныштан сарғайып бұраламын. Сүйек жасып сабырым таусылмасын, Сындырмашы сағымды сұранамын...

Парасаттың шамшырағы – ақындар

Ұшан-теңіз қайрат, қуат беретін, Ұшқыр оймен болашақты көретін. Ақындықты сәуле шашар жүрекке, Парасаттың шамшырағы дер едім.

Ұлықтайтын азаматтық парызды, Ұ стаздардай ұлағатты, жаны ізгі. Ақиқаттың шаңырағын көтерер, Кейде бала, кейде дана тәрізді.

Баһадүрдей дода бұзып, топ жарған, Бәйге әперіп тірліктегі көкпардан. Қаншама рет қорғап қалды өлеңім, Қызғанышқа толы күншіл оттардан.

Жауқазын жыр – шаттығымның шуағы, Жұлдызы ыстық, пәк сезімнен туады. Жабырқаған кездерімде жыр-сезім, Жанарымнан қайғы бұлтын қуады...

Қазақ

Өнері мен өнегесі азбаған, Жүрегінде арман оты маздаған. Жер шарында қазақ дейтін халық бар, Ақ жолынан ата салттың жазбаған.

Әлімсақтан мыңғырған мал айдаған, Ен даланы емін-еркін жайлаған. Қорғау үшін Отан, елін, отбасын, Жас шағынан бес қаруын сайлаған.

Айтқан серттің үдесінен шығатын, «Алла аты – уәде» деп ұғатын. Алып күштің балуаны болса да, Алысқанын ақылымен жығатын.

Ойға түйіп парасатын атаның, Бойға жинап инабатын апаның. Намыс туын биік ұста, құлыным, Даңқына сай дана көңіл бабаңның!

Әйел болу қағидасы

немесе қыздарға өсиет

Артта қалды қыз дәуренің – нұр таңың, Айналайын, дауыл соқса сынбағын. Ақ орамал салынған соң басыңа, Әйел болу қағидасын тыңдағын.

Сабырбайдың сырын сыртқа шашпаған, Адалдықтың арнасынан аспаған. Ақтайлақ би біле білсең, қарағым, Алтыннан тон кигізсе де таспаған.

Селтең қағып, қызық қуып, құнықпа, Тарта жесең тай қаларын ұмытпа. Жұбайыңның шықсын десең жақсы аты, Жұрт алдында хан көтеріп ұлықта.

Аз-кем демей төгіп мейір, шапағат, Табысына еткін дәйім қанағат. Тең бөліссең қуаныш пен қайғысын, Сонда ғана тамыр жаяр махаббат.

Тек өзіңе десең ерің иілсін, Тілді үйірер дәмді асыңа сүйінсін. Тұнық судай мөлдіреген көзіңнен, Ақ бұлақтай тазалықты түйінсін.

Бақыт мәңгі тұрсын десең қолыңда, Басыңды иіп бар тілегін орында. Жүрегінің тілін тапсаң жан-жарың, Қажет десең құрбан болар жолыңда!

Келіншек

Жас келіншек тал шыбықтай бұралып, Шықса алдыңнан қос шелекпен су алып. Қиылып сәл күлімдесе көздері, Бөрік киген есі кетер – бұл анық.

Жанарынан шапағат нұр таралған, Шие ерні сүю үшін жаралған. Әйел деген – таңғажайып сұлулық, Сұлулықтан бүкіл әлем нәр алған.

Найзағайы жылдар жылжып өткенмен, Оралатын қыз дәурені көктеммен. Әйел деген үкілі үміт емес пе, Құшағыңа қуат берген, от берген.

«Өмір озар, дүние тозар» десек те, Оларға сен қарттық жайлы сөз етпе. Келсін мейлі қырық, елу, алпысқа, Әйел жасы 18 деп есепте.

Кеудесіне парасатты ой жиғандар, Әйелдерді аялаңдар, сыйлаңдар. Мейірімнің бесігіне бөлейтін, Ыстық, іңкәр сезімдерін тыймаңдар!

Дала данышпаны

Хикаяттан ғажап дерек табасың, Афиналық Солон берген батасын. Жырға қостым жеті ойшылдың біреуі- Анахарсис – көсем сөздің атасын.

Скиф елі патшасының ұлы елі, Білім іздеп жат жерде өмір сүреді. Геродоттың «Тарихында» жазылған, Бабамызды бүкіл әлем біледі.

Уақыт – қазы, ақ қараны шешеді, Шежіреден шындық желі еседі. Диоген, Плутарх, Платон, Эзоп сияқты, Көне дәуір данышпаны деседі.

Парасаттың жайқалғандай көгалы, Ханзада едің ой-өрісі жоғары. Крез патша, Цицерондар бас иіп, Құрмет тұтқан Элладаның қоғамы.

Арқа сүйеп атажұрттың салтына, Адал перзент үлес қосар даңқына. «Тіл, нәпсіңе, құлқыныңа ие бол!» – Деп өсиет қалдырыпты халқына.

Жақсы нәрсе не? – деп одан сұраса ел, Анахарсис: «Тіл», – деп жауап қатыпты. – Жаман нәрсе не? – деп тағы сұраса ел, Анахарсис: «Тіл» , – деп ойға батыпты.

Қызыл тілің бақ боп баста тұра ма, Әлде сор боп көк желкеңнен ұра ма. Даңққа оранып Отанына келгенде, Күншілдерден мерт болыпты ғұлама.

Содан бері сырғып сансыз жыл өтті, Сайын дала сан мың қыран түлетті. Шешендіктің түп атасы, тұмасы, Бәрінің де тамырына гүл екті!..

Меркі

Тәттілігі балдай, Киелілігі нандай. Алла нұрын төккен, Меркім менің қандай?!

Жарқыраған шамдай, Арайлап атқан таңдай. Қарлығаштар сайрар, Құштарлығы қанбай.

Тіршіліктің нәрі, Баурайында бәрі. Айықтырар дерттен, Шөп пен суы –дәрі.

Таңғажайып көркің, Туған өлкем – Меркім. Ту ғып ұстар халқы, Адалдықтың сертін.

Өмірімнің мәні, Тұрмысымның сәні. Аналады саған, Жүрегімнің әні!

Ауыл адамы

Атажұртын алтынға балағандай, Төрт түлігі жайылған дала қандай? Қарбаласып кәрі-жас тер төгеді, Ырыс-құттың кірпішін қалағандай.

Туған жерге арналар лағыл әнім, Қызғалдағын шашыма тағынамын. Апта бойы ішпесем жеңешемнің, Ағарғанын, қымызын сағынамын.

Жаңылмайтын адалдық мақамынан, Ғибрат алар ұрпағы мақамынан. Астық орып, мал бағып, бала тапқан, Артық кім бар ауылдың адамынан?!

Кеткен емес мақтаныш жетегінде, Жасырады шабандоз екенін де. Түйе боздап, арғымақ кісінейтін, Ертегі елдің тұрады мекенінде.

Аттандырған арманға ар кемесін, Азаматты қалайша нар демейсің. Таудай биік, даладай пейілі кең, Көтеріп тұр кісілік мәртебесін!..

Тілек

Тура жолмен сенім таңын атқызған, Иманды етіп қуанышқа батқызған. Алғыс айтам аса қамқор Аллаға, Бұл фәнидің ризық дәмін татқызған.

Жаратқанның нығметіне бөлеген, Құран Кәрім – Заң кітабым, өнегем. Жасырсаң да Жер мен Көктің иесі, Құпияның бәрін білер көреген.

Хақ тағала, жаңылдырма тәубамнан, Сақта дәйім тіл-көз, қарғыс жауғаннан. Қарапайым, қанағатшыл халқымыз, Бақыт тапсын адал еңбек сауғаннан.

Төрге шықпас, топас мінез, тасыр кім, Жатып ішер жалқаулықтан қашырғын. Таңдай қақса бүкіл әлем қызығып, Туған жердің мәртебесін асырғын.

Түнгі аспан ай, жұлдызын тағынсын, Тіл мен жүрек тек ақылға бағынсын. Құдыретті Құдайдан шын тілеймін, Ғашық жандар бірін-бірі сағынсын!

Меркі ауданы.