Экономика

Кеңседен шығар кез келді. Аудандар мен ауылдарда кемшілікке кеңшілік болмауы тиіс

Кеңседен шығар кез келді. Аудандар мен ауылдарда кемшілікке кеңшілік болмауы тиіс

Ұятқа қалдырма, ҰБТ!

Мектеп бітірушілер үшін сынақ уақыты жақындап қалды. Аймағымыз бойынша биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге жалпы білім беретін орта мектептерді бітіретін 9349 оқушының 6773-і қатыспақ. Оның 301-і «Алтын белгіден», 118-і үздік аттестаттан үміткер. Олар өздерінің білімдерін ақтай ала ма? Білім бәсекесін ұйымдастыру мен өткізуге байланысты дайындық жұмыстарының жағдайы қалай? Кеше бұл мәселе облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында қаралды. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың айтуынша, аудандардағы мектеп бітірушілердің тамақтануына, тасымалдауына және жатын орнына жеткілікті қаржы бөлініп, тестілеуді өткізетін пункттер бейнебақылау камераларымен, ұялы телефон дабылын тұншықтырғыш, сондай-ақ, металіздегіш құралдармен қамтамасыз етілген. Ал, сынаққа қатысатын бітірушілердің 3557-і тасымалдауды қажет етеді екен. Сондай-ақ, түлектердің тестілеуге дайындығын тексеру барысында «Edtech-kz» халықаралық білім орталығы өкілдерінің қатысуымен байқау тесттері жүргізілген. Былтырғы сынақта көзге түсіп, жоғары нәтижеге қол жеткізген №1,40,45 гимназиялар мен облыстық дарынды балаларға арналған №3 мектеп-интернатының базасында төменгі көрсеткішке ие болған мектептерге әдістемелік көмектер көрсетіліпті. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспайтын 27,6 пайыз бітірушінің дені Қордай ауданынан болып шықты. Онда дүнгендер көптеп шоғырланған. Ал олардың қыз балаларына оқуға түсуге тыйым салатын дәстүрлері бар. Бұл бірінші себебі болса, екіншіден Қордай, Шу, Меркі аудандарының бітірушілері көбінесе іргелес жатқан Қырғыз еліне оқуға кетіп жатады. Өйткені, онда оқу ақысы арзандау. – Қордай ауданының 40 пайыз тұрғыны дүнгендер, осы себепті барлығын сол ауданға жауып қоя салуға болмайды ғой. Бір ғана Қордайдың өзінде соңғы екі-үш жылда 12 мектеп, бірқатар балабақшалар соғылды. Осылардың барлығын біз не үшін істеп жатырмыз? Егер олар оқымайтын болса, сынаққа қатыспайтын болса, мұның қажеті бар ма, жоқ па? Шалғай аудандарды айтпағанда, жанымыздағы Жамбыл мен Байзақ аудандарының былтырғы көрсеткішін алайықшы. Олар неге төмен болды? Бұл шараны ұйымдастыруда мектеп директорынан қателік кеткен болса, өткен жылғы тестілеуден соң қанша директорға әкімшілік шара қолдандыңыздар? – деді Кәрім Нәсбекұлы. Білім басқармасы басшысының мәліметінше, өткен жылғы тестілеуден кейін 147 білім мекемесінің басшысына тәртіптік шара қолданылып, оның ішінде 9-ы қызметтен босатылған. Облыс басшысы, сондай-ақ, тестілеудің былтырғы көрсеткіші бойынша жақсы нәтиже көрсетпеген Байзақ ауданын өткір сынға алды. Бұл аудандағы үздік аттестаттан үміткер 29 оқушының бірде-біреуі білімдерін дәлелдей алмаған. Биыл мұндай қателіктерге жол берілмеуі керектігін ескертті. Жылда үкілеген үздіктерінің санын тым арттырып жіберіп, кейін сенімнен шықпай жататын жайттар оқиғаның соңы еместігінен, облыс басшысы биылғы тізімнің көшін бастап отырған, 38 «Алтын белгі» алудан үмітті Меркі ауданының әкімі Бақтияр Бейсенбайұлына сауалды төтесінен қойды. – Осы көрсеткіштеріңіз қаншалықты шындыққа жанасады? – деген облыс басшысына аудан басшысы «Осыған дейін мектептен алып келе жатқан бағалары бойынша болып отыр ғой. Біздің пайымдауымызша, 20-ға жуық талапкер өз білімдерін дәлелдеп қалады» деді. Облыс басшысы бұл мәселенің де болашақта шешімін табуын тапсырды. Мұнан соң тестілеу жүргізілетін ТарМУ мен ТарМПИ ректорлары өздерінің бұл шараға толық дайын екендіктерін жеткізді. Кәрім Нәсбекұлы барлық аудандардың әкімдеріне алдағы 25 мамыр соңғы қоңырау салтанатты шарасын ойдағыдай өткізуді және тәртіпті қадағалауды тапсырды.

«Жол картасы» қашан жолға қойылады?

Еліміз бойынша орта және шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың аса маңызды тетіктерінің бірі – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы болып отыр. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаевтың айтуынша, бағдарламаның бірінші және үшінші бағыттарының шеңберінде жалпы сомасы 26,1 миллиард теңгені құрайтын 205 жоба банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесі бойынша субсидияланған. Ал осы жылдың соңғы төрт айында 2,2 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба мақұлданыпты. Десек те, бұл көңіл көншітерлік мәлімет емес екен. Облыс әкімінің арнайы бекіткен қаулысы бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына әр тоқсан сайын субсидиялау мен кепілдендіру құралдары бойынша Тараз қаласы кем дегенде 20, ал аудандар 5 жобадан өткізіп отырулары тиіс болған. Өкінішке қарай, осы кезге дейін ешбір аудан тиісті деңгейде жұмыс жасамапты. Бағдарламаның аудандардағы іске асу жағдайы әлі күнге дейін төменгі деңгейде. Дейтұрғанмен, бағдарламаның облысымызда жүргізілуі жеміссіз емес. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 6 мыңнан астам жұмыс орындары сақталып, мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған. Бағдарлама шеңберінде көмек көрсетілген кәсіпкерлерден салық түсімдері артқан. Инфрақұрылымды дамыту тетігі бойынша 2012 жылға жоспарланған 2 бірдей жоба жұмысы бүгінгі күнге дейін шешімін таппай отыр. Оның біріншісі – «Тараз құбыр зауыты» ЖШС-на газ құбырын тарту болса, екіншісі – «Нарт» шаруа қожалығына электр жүйесін жүргізу. Сондай-ақ, басқарма басшысы кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдауы туралы ақпараттарды аудан, ауыл әкімдіктерінің, тіпті, кәсіпкерлік бөлімдерінің мамандары толық білмейтіндігі алға тартып, бұған кәсіпкерлердің өздерінің ынтасы да жоқ екенін өкінішпен жеткізді. Ал аудандар мен ауылдардағы кепілдік базасының жоқтығы немесе мардымсыздығынан облысымыз бойынша ауылдық округтерде жүзеге асырылған жобалар өте төменгі деңгейде. – Cарысу, Мойынқұм, Жуалы аудандарында жобалар мүлдем аз. Бұларды қашанғы қолынан жетектеп отырамыз? Аудан әкімдері халықпен тығыз байланыста жұмыс жасауы керек. Ауыл басшылары мұнымен неге айналыспай отыр? Қай ауданның әкімі осы бағытта өзінің қарамағындағы орынбасарларына, бөлім басшыларына тиісінше шара қолданып, жұмыс талап етті? «Алдыңа ас қойдым, екі қолды бос қойдымның» кері ғой, бұл. Аудандарға шығыңдар, кәсіпкерлерді жинаңдар, тұрғындармен кездесіңдер!- деген Кәрім Нәсбекұлы бизнес өкілдерінің өзінің ғана пайдасын ойламай, жобаның жүйелі жасалуын құнттауды тапсырды. Бұған қоса аудан әкімдерінің жоба ұсынудағы салғырттығын да сынға алды. Күн тәртібіндегі екінші мәселені қорытындылай келе Кәрім Көкірекбаев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жүргізілетін барлық жұмыстарға тиісті мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдерінің жұмыла жұмыс жасауын міндеттеді.

Гүлжан Рахман, «Ақ жол».