Табиғи байлық – Тәңір сыйы оны тиімді пайдалануға тиіспіз
Табиғи байлық – Тәңір сыйы оны тиімді пайдалануға тиіспіз
Ұлт жоспарында көрсетілгендей, пайдалы қазбаларды пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін облысымызда 1 желтоқсанға дейін кең таралған пайдалы қазбалар бойынша 142 келісімшарт жасалса, оның 34-і республикалық маңызды нысандар қатарына жатқызылған. Кең таралған пайдалы қазбалар нысандары бойынша келісімшарт міндеттемелерінің орындалмауына байланысты жер қойнауын пайдаланушыларға оларды бұзу туралы хабарламалар жолданып, нәтижесінде 3-еуі бұзылса, 4-еуінің қолданылуын тоқтату бойынша құжаттары әзірлену үстінде. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов баспасөз брифингінде Елбасы тапсырмасының өңірімізде қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, «Ерекше авариялы су шаруашылығы құрылыстары мен гидромелиорациялық жүйелерді қалпына келтіру» бағдарламасы бойынша өңірімізде коммуналдық меншіктегі 36 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 104,4 миллион теңге бөлінсе, бүгінде оның 101,7 миллион теңгесі игерілген. Бүгінге дейін 36 нысанның 29-ы пайдалануға беріліп, 6 нысан бойынша қабылдау актісі толтырылыпты. 14 су қоймасы мен бөгеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. – Қазіргі уақытта облыстың коммуналдық меншігіндегі 177 су шаруашылығы жүйесін республикалық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге Жамбыл ауданындағы 21 канал мен «Талас-Аса» коммуналдық мемлекеттік су шаруашылығы кәсіпорны теңгеріміндегі су шаруашылығы нысандары «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміне өткізілді. Ал Шу ауданындағы «Тасөткел» магистральды каналының тармақтарымен қоса жерге орналастыру жобасы дайындалып, «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалымен жер актісін дайындауға келісім-шарт жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді Серік Мамыртайұлы. Баспасөз мәслихатында Серік Қойбақов орман және су шаруашылығымен айналысатын мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Сонымен қатар, орман шаруашылығы, өрт қауіпсіздігі мәселелерін де қозғады.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».