Болашаққа деген сенімімізді нығайтты
Болашаққа деген сенімімізді нығайтты
Кәріғұл Сүлейменқұлов, зейнеткер, Қордай ауданының Құрметті азаматы.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауын мұқият тыңдадым. Рас, дүниені дүрліктірген мынадай дағдарыста «Ертеңгі күніміз қалай болады?» деген дүдәмал ой әркімді-ақ мазалаумен жүр. Ал Президент Жолдауынан көкейдегі сауалдарымның бәріне жауап таптым. Мемлекет басшысы бүгінгі жағдайды бүкпесіз ашып көрсетті. Ел экономикасын дамытуды көздеген мақсатты жоспарын жариялады. Елбасының жаңа Жолдауда дамудың бес бағытын ұсынғаны мәлім. Бұл – салиқалы саясаткердің әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып ұсынған бағыт-бағдары. Ұлт Көшбасшысының дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары жүзеге асырылса, күрделі кезеңнен қиналмай өтетінімізге кәміл сенемін. Ол үшін етек-жеңімізді жиып, уақытты да, қаржыны да үнемдей отырып, бәріміз бірдей еселі еңбек етуіміз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Бірлігіміз бен берекелі тірлігіміздің арқасында қандай қиындықтарды да жеңіп шығатынымызға сенімім мол. Ұлт Көшбасшысы Жолдауында «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады» деді. Бұл – ақиқат. Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік саланың дамығаны – бүгінде тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінен айқын көрінуде. Жаңа жылдан бастап дағдарыс жағдайына қарамастан, дәрігерлердің, мұғалімдердің, әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы өсетін болды. Халықтың өмір сүруінің орташа көрсеткіш жасы 64-тен 72 жасқа көтерілгені де көңілге медет. Осылардың өзі-ақ елдің өсу динамикасының ұлғайғанын байқатуда. Сонымен қатар, Елбасының қазақстандықтарды ұлттық валютамызды қолдауға, теңгенің беделін нығайтуға шақыруы да көкейге қонымды ұсыныс. Жаңа Жолдау баршаны жаңа жеңістерге жігерлендіретін, күрделі кезеңде рух беретін, тығырықтан шығудың жолын көрсетіп берген маңызды құжат болды. Мен Жолдауды қызу қуаттайтынымды білдіргім келді. Кемеңгер көшбасшымыздың қиындықтан шығар тың жол таба білер қасиеті мен болашақты болжай білген көрегендігіне сүйсінемін.
Қордай ауданы.