Саясат

Еліміздің ертеңіне сенеміз

Еліміздің ертеңіне сенеміз

Сейсекүл Көшімбетова, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Жалпы педагогика және психология» кафедрасының профессоры.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, еліміз еңселі, беделіміз биік, жастарымыздың болашағы жарқын болуын ойласақ, ертеңгі қамымызды қазірден жасауымыз керек. Бұл бағытта елімізде ауқымды шаралар қолға алынып, көптеген игі жоспарлар жасалуда. Ел ертеңі үшін жасалатын жарқын бастамалар Елбасымыздың халыққа жолдаған кезекті Жолдауында да айрықша көрініс тапты. Сондықтан болса керек, халық дәстүрлі Жолдауды асыға күтеді. «Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді» деген Елбасының сөзінен елімізде болып жатқан әрбір іс-әрекет, қазақ халқының Туы биікте желбіреуі үшін жасалып жатқанын аңғарамыз. Ал оған әрбіріміз ерен еңбегімізбен жауап беруге тиіспіз. Бүгінде Елбасы Жолдауы көптеген мекемелерде кеңінен талқыланып, одан туындайтын міндеттерді орындаудың кешенді жоспарлары жасалуда. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, оқытушы-профессорлар мен студенттердің арасында Жолдау қызу талқыланды. Елбасы Жолдауындағы міндеттер бүгінгі сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай бейімделіп, еңбек етуге үндейді. «Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз». Халықты бірлік пен сындарлы тірлікке шақырған Елбасының осы сөзін толықтай құптаймыз. Сонымен қатар, Елбасы өз сөзінде біршама салаларда ешқандай қаржылық қысқарту болмайтындығын, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле беретіндігін айтты. «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіс екенімізді нұсқады. Мұндай аса жауапты сәтте бірліктің сақталуы маңызды екенін, сондай-ақ барша қоғам ел игілігі үшін аянбай тер төгуі қажеттігін атап өтті. Ендеше, барлығымыздың мойнымызда еліміздің болашағы үшін орасан зор жауапкершілік жатыр. Алдымызда қиын жұмыстар күтіп тұр. Дегенмен, Аллаға шүкірлік айтуға тиіспіз. Тәуелсіздік жылдарында еліміз көптеген табыстарға қол жеткізді. Оның барлығының игілігін қарапайым халық көріп келеді. Мәселен, Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағы бой көтеріпті. Бұл тізімді нақты мысалдармен тізе берсек, ауыз толтырып айтарлық жаңалығымыз көп. Сондықтан, Елбасы – біреу, халқы оған тіреу болып, аянбай еңбек ете берейік. Өйткені, халқына деген нық сенім, кімді болса да шабыттандырмай қоймайды. Әсіресе, біздер үшін, яғни ұстаздардың алдында үлкен жауапкершілік тұр. Біз күнделікті сабақ барысында жастарға білім мен тәрбиені қатар беріп, әрбір жастың санасына еліміздің көксегені тек қана бейбітшілік пен ынтымақ екендігін, соның нәтижесінде алға қарай даму, көркею, алға жылжу қажеттігін жақсы түсіндіре білуіміз керек. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгі, тұрмысымыз сәнді болмақ.