Экономика

Жаңа мүмкіндіктер кезеңі

Жаңа мүмкіндіктер кезеңі

Сейдехан Бақторазов, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасырлық тойы өтетін жылға арналған Мемлекет басшысының Жолдауы дүниежүзілік саяси және экономикалық ахуалдың барынша ушығып отырған жағдайында жарияланып отыр. Әрине, әлемді шарпыған қаржы дағдарысының бізді де айналып өтпейтіндігі белгілі. Экономиканың даму қарқынының бәсеңдеуі дүниенің барлық түпкірінде білінуде. Бүгінде мұнайдан түсіп жатқан қыруар мол қаржы жоқ. Осындай әркіл-тәркіл кезеңде «жол бастайды» деген алып державалардың да бір-біріне сес көрсетіп, өзара қырқысуға әзір тұрғаны белгілі. Елбасы өзінің жаңа Жолдауында: «Біз солай екен деп қол қусырып отыра алмаймыз», – дей келе, мұндай сынақтардан еліміздің әркезде-ақ сүрінбей өте алғанын еске салды. Егемендігіміздің алғашқы онжылдығында мұнайдан түсетін мол қаржының жоқ кезінде-ақ дамудың даңғыл жолына түсе алғандығымызға тоқталды. Шындығында да, тәуелсіздігін жариялап, қоғам дамуының тың соқпағына түскен егемен еліміздің алғашқы қадамдарында үлкен әлеуметтік-экономикалық ауыртпалықтарды еңсергені мәлім. Елбасының ел Үкіметінің алдына қойған нақтылы міндеттеріне сәйкес, 1994 жылдың шілдесінде республикада сол тұстағы ел экономикасын тығырыққа тіреген гиперинфляцияға қарсы арнайы бағдарлама қабылданып, соның арқасында оң өзгерістерге қол жеткен болатын. Ал Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттерінде қаржы дағдарысының салқыны барынша сезіліп тұрған 1997 жылдың қазанында Республика Президенті «Қазақстан-2030» Даму стратегиясын ұсынды. Тіпті, басқа елдер қаржы-экономикалық тұрғыда титықтап, шарасыздық танытып отырған жағдайда Қазақстан «Каспий труба құбырлары консорциумын» құру арқылы өзімізде өндіріле бастаған мол мұнайды шетелдердегі тұтынушыларына жеткізуге мүмкіндік алған болатын. Бұл орайда Мемлекет басшысының 1996 жылы өз Жарлығымен «Қазақстан Республикасының инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетін» құруы елімізге мұнай-газ саласындағы «Exxon Mobil», «Shell», «ENI», «Shevron Texaco», «Лукойл» сияқты трансұлттық компанияларды тартуға жол ашқандығын айрықша атап айту керек. Ұлт Көшбасшысының Қазақстанның қазіргі жаһандық дағдарыстан қиналмай шығу жолдарын көрсеткен биылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында осы бағыттағы іс-шараларды жандандыру арқылы экономикамызға тартылған инвестиция көлемін әр жыл сайын 10 миллиард долларға ұлғайтып, алдағы 10 жылда 100 миллиард долларға жеткізу жоспарланып отыр. Әрине, Тәуелсіздіктің 24 жылында елімізге 170 миллиард доллар инвестиция әкеле алған республикамыздың бұл межеге жетуі қиын болмайтындығы анық. Дағдарыс кезінде қайсыбір жағдайда білініп қалатын енжарлық дағдымыздан ажырап, келер күннің кемелді болуы жолында еңбек етуімізге Президент жақында ғана жариялаған «Ұлт жоспарының» да берері мол. Қазірге дейін осы тұрғыда қабылданған 80 заң актісі Президенттің заң шығарушы және атқарушы билік жұмысының үйлесімділігін басты назарда ұстап отырғандығын көрсетсе керек. Тағы бір өзекті мәселе ретінде Жолдауда келесі жылдан бастап бірте-бірте еліміздегі инфляция деңгейін 4 пайыздық мөлшерде ұстап тұру жолдары қарастырылатындығы айтылған. Тәуелсіз еліміздің дамуы барысында бұл көрсеткіштің деңгейінен асып түскен кездеріміз де болған. Нақтылап айтар болсақ, 1998 жылы еліміздегі инфляцияның орташа деңгейі 1,9 пайызды құраған. Салыстырмалы тұрғыдан алғанда, әлемдегі экономикасы барынша дамыған алпауыт мемлекеттердің бірі АҚШ-тағы инфляцияның орташа деңгейі де сол жылы осындай болғандығы көп жайды аңғартса керек. Елімізде жүргізіліп жатқан институционалдық – заңдық негіздегі оң өзгерістердің шағын және орта бизнесті де айналып өтпейтіндігі Жолдауда нақты атап көрсетілді. Ендігі жерде аталған саладағы шенеуніктер тарапынан болуы мүмкін кедергілер барынша азайтылмақ. Себебі, дамыған елдердегі ұстаным солай. Мәселен, Оңтүстік-шығыс Азия жолбарыстарының бірі Сингапурде жеке кәсіпорын ашу үшін электронды поштамен арыз жазу ғана жеткілікті болса, Германияда үкіметтің қолдауы нәтижесінде елдің жалпы ішкі өнімінің 50 пайыздан астамын өндіретін кіші және орта бизнес саласының өкілдері өз өнімдерінің басым бөлігін дүниежүзінің ең ірі 20 нарығына өткереді екен. Егер әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 30 елдің қатарынан табылғымыз келсе, бізде де шағын және орта бизнесті дамытуда осындай тенденция қалыптасуы шарт. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында, алдағы уақытта қайта өңдеу, химия, құрылыс материалдарын өндіру ісі және машина жасау салаларын мықтап дамыту қолға алынатындығы айтылды. Яғни, қазіргі индустриялық даму деңгейіміз жылына 60 мың автомобильмен шектелсе, болашақта бұл көрсеткішті еселеп арттыру көзделініп отыр. Көршілерімізге көз салар болсақ, ондаған жылдар бойы АҚШ-тың арандатуымен оқшау жағдайда өмір сүрген 80 миллионға жуық халқы бар Иран 2009 жылы әлемдегі автомобиль өндірісі көрсеткіші бойынша 12-орынға тұрақтапты. Бүгінгі таңда Иранның автомобиль экспортының қуаты жылына 1,5 миллион данаға жетіп, соның нәтижесінде автомобиль өндірісі Иран экономикасының мұнай-газ саласынан кейінгі екінші табыс көзіне айналып отыр. Ал дамыған 30 мемлекеттің қатарынан емін-еркін орын алған Чехия өзінің өнеркәсіп өнімі экспортының 40 пайызын әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жөнінен Еуропада көш бастап тұрған көршісі Германияға өткеруде. Енді өз еліміздің сынақ өткелінен өтер тұстағы әлеуетіне тағы бір көз жіберсек, біздің еліміздегі жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің көлемі 1994 жылғы 700 доллардан 2015 жылы 13 мың долларға дейін жеткен. Біз үлгі етіп отырған мемлекеттердің ешқайсысы мұндай көрсеткішке жете алған жоқ. Алмағайып заманның қайсыбір кедергілеріне қарамай болашақта Президент жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің деңгейін қазіргі 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін өсіруді көздеп отырғандығы да белгілі. Олай болса, Қазақстанның ендігі жерде дамыған 30 елдің қатарына енуге құлшынуы саяси амбиция емес, прагматикалық талпыныс болып табылатындығы анық.