Әлеумет

Бетпақдаланың білгірі

Бетпақдаланың білгірі

Оның аты-жөні – Темірлан Божбан. Кәсібі – аңшылық. Жайлаукөл ауылының тұрғыны. Ауылы Шудың төменгі сағасында. Мойынқұм тиіп тұр, ары қарай Бетпақдала...

«Тоқсаныншы жылдары даланың санитары болдым...»

Тоқырау жылдары және күні кешеге дейін ауылға қаладан кісілер ағылып келетін... Менікі құмда жол бастап жүру. Ол кезде ақбөкен, елік, қарақұйрық дегендерің жосып жүретін кез. Мылтығы барларға қасқыр атқан қызық. Қабанды «Джиппен» қуалайтын еріккендер болды. Кей қонақтарды балыққа апарсам Шудың қамысында апталап жатып алады. Шу ол кезде мол ағатын. Ені отыз шақырымға дейін жайылып жататын. Мен Құдайдан қолы бос адаммын, байлардың қастарында көп жүрсем «мынандайды» көп алам (бас бармағы мен сұқ саусағын үйкелеп көрсетті). Бетпақта «Джип» мінгендерге жол көрсетіп, бала-шағамды асырадым. Еркін әңгімелесейік деген соң айтып отырмын. Тоқсаныншы жылдары даланың «санитары» болдым. Жұмыс жоқ не істейсің? Бетпаққа жұттан қырылып қалған киіктердің мүйіздерін теруге бала-шағаммен шығамын. Инспекторға ұсталған кезім де болды. Қай баялыштың түбінде қандай жылан жатқанын білетін маған тағатын айыптары «броконерсің» дейді. Тапқан екен ақымақты. Күннің ыстығында шіріген мүйізді теріп, пұлдап үйге нан тасу отағасына қылмыс болып па? Даланың тағысын Құдай тағала адам баласына ырзық болу үшін жаратқан. Мен анау байлар сияқты аңды ермек үшін емес, үйіме азық болсын деп аулаймын. Кейде аяушылықты білмейтін, табиғатқа жаны ашымайтын қонақтармен аңға шығып қалған кезде құлазимын. Қарындары тоқ немелер киіктерді шетінен қырады. Тоқтай қалып бауыздаймын... егер ауылға ерте қайтсақ «Уралмен» түнделетіп үлгергенімше үйге тасимын.

Шаназ апаның өтініші

Ұмытпасам 1991 жыл, шілде айының бас кезі. Азаңғы шайымды ішіп алып, сарай түбінде ноқтаға жіп ширатып отырғам. Көршім Серікбай Исабек балыққа жүр деп қолқа салды. Екеуміз Сапа Сыздықтан қармақ алуға бардық. Борпылдаған топырақты кешіп соңымыздан бір кемпір сүрініп-құлап ілесіп келеді. Шаназ апай ғой. Ә, не болды деймін, Серікбайға. Сөйтсек, Шаназ апайдың баласы Ислам әзірбайжан досы Әбіл екеуі кеше кешкісін ағасы Хайдты іздеп Бетпақдалаға кетіпті. Маған ауылдасымды құмнан тауып әкеліп берші деп өтініп келіп тұр. Сөзге келген жоқпыз, «Уралға» жанармай құйдық та жолға шықтық. Жайлаукөлден жиырма сегіз шақырым асқанда іздеріне түстік. Алпыс шақырымдық Түңлікті деген жердегі «водокашканың» қарауылынан жөн сұрап едік, «екі адам батысқа қарай кетті» деп жол сілтеді. Бірінші Дәненнің жолында мотоциклі бұзылған Әбіл мен Исламды тауып, екеуіне тоса тұрыңдар деп, Хайдтың ізіне түстік. Бетпаққа төтесінен тарттық. Азаңғы тоғызда шыққан біз қасқарайғанда Хайдты жолдың шетінде, аударылып қалған мотоциклдің қасынан таптық. Ауылдасым жан тәсілім етіпті. Ауылға жеткен бойда көлік тауып, Хайдтың денесін үйіне жеткіздік. Шаназ апай «Бұл жақсылықтарыңды өлгенше ұмытпаймын, сендер бір емес үш адамды тауып әкелдіңдер» деп рахметін айтып риза болды. «Өзім жесір, балаларым жетім қалар ма еді...»

Кезекті оқиға Мұсылманбектер отбасы басынан өткізген жағдайға байланысты өрбіген. Оны Бетпаққа жоқ іздеп кеткен отағасының жұбайы баяндап берді. «1997 жылдың шілде айы болатын. Жолдасым Руда Бетпақдалаға мал іздеп кеткен. Екі күнде оралмаған соң біз абыржи бастадық. Кімге барып көмек сұрасам деген ой мазалады. Себебі, жолдасым жүздеген шақырымнан ұзап кеткені анық. Шақшадай басым шарадай болып отырғанда ойыма сап етіп Темірлан аға түсті. Бір қайыры болар деп көкенің шаңырағына келдім. Жағдайды түсіндірдім. Ол кісі сөзге келмей, жолға шығатынын айтты. Бақали мен Бейсенбек деген жігіттердің мотоциклін дайындап, дәрі-дәрмек, ас-суын қанжығаларына байладым. Содан ауыл азаматтары жолға шықты. Олар әуелі Жайлаукөлден алпыс шақырым жердегі Түңлікті деген жерді шарлапты. Табылмаған. Екіге бөлініп іздеуді жалғастырған. Бейсенбекпен сексен шақырымнан кейінгі Бозінгеннің жазығында кездесеміз деп келісіпті. Ақырында Темірлан аға Дәнендегі құдықтың басынан менің жолдасым Руда мен жолдасы Әуесбекті тауыпты. Жағдайлары мәз емес. Біреуінің қабырғасы сынса, екіншісінің бұғанасы жарақаттаныпты. Жоқ іздеген екеудің мотоциклі Бозінгеннің жазығында аударылып, содан әупірімдеп жүріп Дәненнің басындағы құдыққа титықтап жетіпті. Шіліңгір шілденің ыстығында екеуі бізді біреу іздеп келеді дегеннен үміт үзіп естерінен танып жатса керек. Темірлан аға жақындап барғанда тырп етпепті. Жер шалғай, айдалада қалдық деп ойлаған ғой. Егер де сол кезде Темірлан ағам болмаса қайтер едік? Балаларым жетім, өзім жесір қалатын едім ғой. Бүкіл ауыл «көке» деп атап кеткен Темірлан ағама алғысым шексіз. Бала-шағасының қызығын көрсін.

Түнде атылған мылтық

Көпшілік «көке» деп атап кеткен кісі туралы мына бір оқиғаны тағы бір ауылдасы жайып салды. Ол өзін Әбіл Мәмедпін деп таныстырған. Досым Бөкен екеуміз құмға мал іздеп шықтық. Қамқалыға апаратын жолдың үстімен ызғытып келе жатып Жапырақтыға жете бергеніміз сол еді мотоцикліміз бұзылды. Сарышұнақ аяз бет қаратпайды. Айнала тас қараңғы. Қасқырға жем боламыз деп ойладым ішімнен. «Өлмегенге өлі балық» деген ғой, анандайдан көліктің даусы құлаққа шалынды. Айқалап шақыруға даусымыз жетпейді, қол бұлғасаң көрмейді. Шыбын жан тәтті. Үскірген аязға қарамай сасқанымыздан ысқырдық та. Жандалбасалап мылтықты аспанға қаратып, гүрс еткізіп аттық та. Сол-ақ, екен әлгі көлік бізге қарай бұрылды. Қуанышымызда шек жоқ. Келген кім? Баяғы елгезек ағамыз – Темірлан көкем. Қасына Валераны ертіп алыпты. Олар да жоқ іздеп жүрген болып шықты. Содан Валера екеуміз ауылға барып, түн ортасында керек бөлшектерді алып келдік. Сөйтіп таң ата екі көлікке міңгесіп бәріміз аман-есен ауыл шетіне іліндік. Егер сол 1995 жылдың желтоқсан айында құмда Темірлан көкем жүрмегенде үсіп кететін бе едік. Құдай сақтады деген осы.

Жайлаукөлдіктер «көке» деп атайтын аңшы Темірлан Божбан – қарапайым кісі. Қазір зейнет жасында. Аңқұмар ағайынның аяғы бір тимей кетпейтін Бетпақдаланың іргесінде ғұмырын өткізіп жатқан қарапайым ауыл азаматының қайырымдылығын ауылдастары аңыз қылып айтады. Біздің мақсатымыз сонау қияндағы ауылда елеусіз ғана жүріп, елеулі тірлік тындыратын адамның ортамызда әлі де бар екенін жалпақ жұртқа жария ету еді. Өмір осындай адамдармен көрікті екен-ау деген ой санамызға келіп еді.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

Жайлаукөл ауылы, Сарысу ауданы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.