Әлеумет

Төрт жылға бас бостандығынан айырылды

Төрт жылға бас бостандығынан айырылды

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған Тайчибековтің ісіне нүкте қойылды. Қордай аудандық соты әлеуметтік желілердегі жазбаларымен еліміздің Тәуелсіздігіне қарсы пікір таратып жүрген блогерді 4 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеуге үкім шығарды. 

Сот отырысында айыпкердің сот төрағасы Қайрат Белгішевке сенімсіздік білдірген талап-арызын аудандық соттың коллегиясы негізсіз деп кері қайтарғаннан кейін тараптар соңғы пікірсайысқа шықты. Мемлекеттік айыптаушы Ардақ Бакишев соттан Ермек Тайчибековке 4 жыл 8 ай жаза тағайындауды сұрады. Ал адвокат Анатолий Окуньков болса, Ермек Тайчибековті қазақтың кемеңгері Абаймен салыстырып, оның әрекетін ақтауға тырысты. Окуньковтің пікірінше, Абай да қазақтың патриоты бола тұра әйгілі «Қара сөздерінде» қазақтар туралы жағымсыз шындықтарды айтқан. Тайчибековтің жазбаларында да ащы шындықтан өзге ештеңе жоқ дейді қорғаушы. Ал тағылған айыпта қылмыстық құрамның болмауы себепті ол толық ақталуы тиіс көрінеді. Сотталушының өзі де сот сарапшыларының қорытындылары мен өзіне тағылған айыпты тағы да теріске шығарып, неге жауапты болып отырғанын түсінбейтінін айтты. 11 желтоқсандағы сот отырысында Тайчибековке соңғы сөз берілді. Ол бір жарым сағат бойы балалық шағынан бастап, бүкіл өмірбаянын шолып шығып, өзіне қарсы қозғалған істе қылмыстан бұрын саяси астар басым екенін айтты. «Қазақстанды ұлы ел деп санамаймын, бірақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев – ұлы тұлға. Ол бірлескен Қазақстан – Ресей мемлекетінің басшысы, ал Владимир Путин арнайы қызметтің басшысы болғаны жөн» деп өзінше тон пішті. Осы сөзімен-ақ Тайчибеков бұрынғы ресейшіл көзқарасынан қайтпағанын, Қазақстанды Ресейдің құрамында көргісі келетін пиғылын анық аңғартты. Ол Елбасы есімін ауызға алсам, жазамды жеңілдетемін бе деп дәмеленсе керек. Бірақ, үміті ақталмады. Сотталушы мен адвокаты бұл үкіммен келіспейтінін, енді облыстық сотқа апелляциялық шағым жолдайтынын айтты. Тайчибековке қазақ елінің территориялық тұтастығына қарсы пікір жазып, елімізді аумақтық тұрғыда бөлшектеп Ресей Федерациясының құрамына қосуға шақырды. «Қазақстан Ресейдің бір губерниясы, мемлекеттік тіл орыс тілі, ортақ валютамыз рубль болсын» дегенін сайт оқырмандары ұмыта қойған жоқ. Дегенмен, оның жазасыз қалмағанын – қазақстандық биліктің ел ішіне іріткі салушыға берген ресми бағасы деуге болады. Ермек Тайчибеков әлеуметтік желілердегі сепаратистік жазбалары үшін сотталып отырған бірінші блогер емес. Өткен айда ғана Шығыс Қазақстан облысында Риддер қалалық соты «сепаратизмге шақырды» деген айыппен Игорь Сычевті бес жылға кескені белгілі. Ол «В Контакте» әлеуметтік желісінде «Дауысқа салу Риддер қаласында өтіп жатыр деп елестетіп көрейікші» деп сауалнама жариялаған болатын. Аталған сауалнамада Сычев көпшілікке Шығыс Қазақстан облысын Ресей Федерациясы құрамына қосуды «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп жауап беруді ұсынған. Міне, осы сауалнамаға байланысты ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл Қазақстанның Тәуелсіздігін ашық мансұқтап, екі елі аузына бір елі қақпақ қоя алмай жүргендерге ащы сабақ болсын дейік.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.