Әдебиет

Тұрғын дегенше,тұйғын еді десеңші

Тұрғын дегенше,тұйғын еді десеңші

Білінбей өтіп жатқан біздің жастық шақтарымыз қазір өзі­мізге көрген түстей, балаларымызға, кейінгі жастарымызға ертегі сияқты көрінетіні рас. Біз ауылда өстік. Біз өткізген жастық шақ, сол кездегі адамдардың да тұрмыс-тіршілігі өзгеше болып көрінетін. Ол кезде ауылымызды Үшарал деп атамайтын. Қоғамдық шаруашылық кезінде мал көп болғандықтан ба, жоқ, совхоз болғандықтан ба, оны Талас қаракөл қой заводы деп қана атайтын. Көбінесе, ауыл қариялары Лақ деп айтушы еді.

Лақ – Талас өзенінің батыс жағында тұрған биік, ол, тіпті, алыстан менмұндалап көрініп те тұрады. Біздің ауылымызда халық көп болатын. Оның себебі соғыс аяқталысымен неміс, грек, кабардин, шешендер «жер аударылып» келген еді. Біз солардың балаларымен бірге ойнап өстік. Мектепте оқитын балалар мыңнан астам болушы еді. Мұнша көп бала бірнеше жерге орналасқан, шикі кірпіштен салынған мектепте екі маусыммен оқитынбыз. Бізге сабақ беретін мұғалімдер шетінен өз мамандықтарының иесі, білгір болып көрінетін. Әсіресе, Ермек Дүрімбетов, Керімби Амантаев, Жаңабек Әбдрайымов есімізден шықпастай үлкен әсер қалдырған жандар еді. Ауылда баланың көптігі соншалық, оныншы сыныпта оқитын үш қазақ сыныбы, бір орыс сыныбы болатын. Тұрғын Қойшығараев орыс сыныбында оқушы еді. Лақ бетіне орналасқан үйлердің шығыс жағында Талас өзенінен бөлінетін Құмөзек (қазір ол Құрөзек деп аталады) бар еді. Одан қысы-жазы су үзілмейтін, қыста мұз қатып, ауыл балаларының сырғанап ойнайтын сүйікті орны еді. Ал жаз айларында сол өзектің шығыс жағына қарай Көшек ауылына дейін созылып жатқан көл болатын да, жағалай адам өтпестей нар қамыс өсетін. Оның биіктігі сондай, аспан әзер көрінетін. Ал көлшіктердің жағаларында шағала, қызғыш, қаз-үйректер жұмыртқа басып, күндіз-түні улыған-шулыған болып жатушы еді. Біз мамыр айы басталысымен күздің соңғы күндеріне дейін айналдыратынымыз осы көлшіктердің маңайы болатын. Сабақ бітісімен Құмөзектен өтіп алып, қамыстың ішінен қаз-үйректің жұмыртқаларын іздейтінбіз. Қамыстың ішінде ауыл сиырларының жүретін жалғыз аяқ сүрлеуінен басқа жол жоқ. Қамыстың арасы көлдің суы көтеріп қопаға айналдырған қалың жыныс. Жалаң аяғымызға шөңге кіріп, денемізді қанша жарақаттаса да жанымызды шүберекке түйіп, діттеген жерімізге жетеміз-ау әйтеуір. Тұрғынның үйі көлге баратын жолымыздың үстінде болатын. Сабақтан шыққан біз сол үйге соғып, оразамызды ашатынбыз. Тұрғынның апасы Зиякүл бізді көргенде қатты қуанатын. Не шаруамен жүргенімізді сұрамай-ақ, табаға пісірілген сап-сары нанды алдымызға қоя салатын. Біз бір шаруадан қалып бара жатқандай оны апұл-ғұпыл асыға асайтынбыз. Сонда Зиякүл апай жымиып қана: – Ақырын, асықпаңдар, қақалып-шашаласыңдар, – деп аналық мейірімін төгіп тұрушы еді жарықтық. Біз болсақ аз да болса тояттап, сөмкелерімізді бұрыш-бұрышқа атып ұрып, кезекті «сапарымызға» аттанатынбыз. Кетерімізде Зиякүл апай: – Қайда асықтыңдар? Күнде осындай қарбалас жүресіңдер, бір бәлеге ұрынып қалмаңдар, денелеріңді, аяқтарыңды жарақаттап алмаңдар. Байқауымша, көлге барып жүрсіңдер. Ол жақ қалың жыныс, ішінде жабайы аңдар бар дейді, қорқып қалмаңдар, – деп бізді қауып-қатерден сақтандырушы еді. Бірде мынандай қызықты оқиға болды. Құмөзектен өтіп, қамыстың ішіндегі жалғыз аяқ сүрлеумен келе жатсақ, кеше ғана өткен жолымызда алты-жеті жабайы шошқа жерді соқамен аударғандай қопарып жатыр екен, бізді көріп жан-жаққа бытырай қашты. Ит тұмсығы батпайтын қалың нуға қалай кіріп кеткенін байқамай да қалдық. Сөйтсек, олар қара батпақтың ішінен қамыстың тамырларын қазып жейді екен. Олар бізден қорқып қашса, біз олардан қорқып үрпиіп тұрып қалдық. Сол «сапарымызды» сәтсіз аяқтап, қайтып келе жатсақ, алдымыздан бір үйрек пыр етіп ұша жөнелді. Қуанып кеткен біз әлгі үйрек ұшқан ескі маяның шөбін аударыстырып, ұясын алдық. Қарасақ, ұяда жып-жылы болып он шақты жұмыртқалары жатыр екен. Тұрғын көре сала тез қимылдап барлығын етегіне салып алды. Біз де бала емеспіз бе, жұмыртқаны бөліске саламыз деп таласа жөнелдік. Сонда Тұрғын: – Бүйтіп таласа берсек, барлығын жарып аламыз, одан да от жағып пісіріп жейік деді. Тұрғынның бұл айтқаны бәріміздің ойымыздан шыққандай дереу от жағуға кірістік. Әуеліде барлық жұмыртқаны бірдей отқа салмақшы болғанда тағы да Тұрғын: – Асықпаңдар, мүмкін жеуге жарамайтыны бар шығар, әуелі бір-екеуін салып көрейік, жараса түгел салармыз, – деді. Шындығында пісті-ау деген жұмыртқаларды жарып көрсек, олар енді екі-үш күнде балапан болып шығатын түрлері бар екен. Біз амалымыз таусылғандай қалған жұмыртқаларды үйректің ұясына қайтадан салдық та, бетін шөппен жауып қойдық. Бұған кейбіреуміз өкіндік те. Шіркін, балалық шақ десейші, мұндай шақтар көп болды ғой. Әсіресе, ауылдың шетіндегі көл біздің ең бір сүйікті кездерімізді басымыздан кешіретін, есте қалатын көріністер еді. Мұнда сан алуан құстардан басқа, елік, жабайы шошқа, түлкі, қасқыр сияқты аңдар бар болатын. Бөлек қамыс өспейтін ойдым-ойдым жерлерде таңертең, кешкілік жайылып шығатын қырғауыл, шіл сияқты құстарды айтсайшы. Әсіресе, қырғауыл қамыстың арасынан балапандарын ертіп жайылуға шыққанда біз дереу отыра қалып солардың жайылғанын қызықтаушы едік. Алыстан қарағанда қораздарының қызыл-көк қауырсындары күнге шағылысып, әдемі бір түс беретін. Сәл сыбдыр шықса, көзді ашып-жұмғанша қамыс арасына кіріп, бәрі бірдей жоқ болатын. Ол кезде аңшылар аз ба, әлде мылтық жоқ па, қазіргідей құсты қырып-жою болмайтын. Жан-жануардың барлығы да емін-еркін өмір сүретін, сондықтан да болар, әлгі мен айтқан құстардан басқа, қоян жыртылып-айырылатын. Үлкендер жағы «Үшаралдың әр бұтасының түбінде бір асым ет» деп әңгіме айтатын. Біздің балалық шақ, балдәуреніміз уайым-қайғысыз осылай өткен еді. Бір-екі жылда он жылдық білім алып, жан-жаққа оқуға аттандық. Оны да аяқтап маңдайымызға жазылған пешенеміз бойынша жұмысқа, қызметке жөнелдік. Мен аудан орталығы Ақкөл селосына қызметке кеттім, Тұрғын болса жоғары оқуды бітірісімен өзі оқыған ауылдық мектепке орыс тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім болып орналасты. Өзінің етінің тірлігіне ме, жоқ қабілеті солай ма, бес-алты жылдан соң Тұрғын Қойшығараев аудандық комсомол комитетіне қызметке келді. Енді біздің қызметтестік дәуреніміз аудан орталығында жалғасты. Мен әртүрлі қызметте жеті-сегіз жылдан жүретін болсам, ол ары кеткенде екі-үш жылдың көлемінде қызмет өсіріп отырды. Әрдайым жақсы жағынан көрініп, өсумен болды. Аудандық партия комитетінде, аудандық бақылау комитетінде қызметтер істеп, партия комитетінің бөлім бастығы, бюро мүшелігіне дейін көтерілді. Мен Үшарал ауылдық кеңесінің төрағасы болып елге келгенімде Тұрғын аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі әрі бюро мүшесі болып қызмет істеді. Жастық шақтан бірге өскендіктен өзара қалжыңдарымыз үзілмейтін. Марқұм Тұрғын менімен қатты қалжыңдасушы еді. Бірде үлкен балам үйленіп, келінді болдым, артынша көршіміз Торғауыт деген кісі келін алды, сонда сол үйде көмектесіп жүргенімде бір бала «сіздің үйге екі кісі келіп тұр, сізді шақырып жатыр» дегенге үйге келсем, жанында Мақсұт Жалалов бар Тұрғын есікті ашып, дастарханды жайып отыр екен. – Келінің құтты болсын, Ақкөлдегі барлық жора-жолдастарың құтты болсын айтыпты, сен мына отырған Мақсұтты неге шақырмайсың, бәріміз бірге өстік қой, сенің келінің біздің келініміз емес пе?! – деп дүрсе қоя берді. Ол кезде Мақсұт аудандық мал дәрігерлік станциясының бастығы болып қызмет істейтін. Сондықтан да оны Сарыарқаға іссапармен жіберген болатын, ауылда жоқ еді. Осы сылтауды айтқанымда Тұрғын: – Мақсұт болмаса үйінде Шолпан отыр ғой, соған неге хабар бермедің? – деп одан сайын екілене түсті. Шындығында мен ұялып, сасайын дедім. Екеуінің алдында бір шөлмек арақ таусылайын деп қалған екен. Үшеулеп соны тауысқан соң, тағы да Тұрғын: – Мақсұттың Сарыарқадан әкелген сенің сыбағаң бар екен, соны үшеуміз есіктің алдындағы мәшиненің ішіне барып ішейік деп ұсыныс айтты. Онсыз да ұялып тұрған мен «айтқаның болсын деп» Мақсұттың «Газ-69» машинасының ішіне кірдік. Үйде ешкім жоқ, жолдасым жұмыста. Жаңадан алған келін ертеңіне Алматыға жүру керек болатын. Соған деп жарты қап балық алдырып, оны тұздап сырттағы бақанға жайып қойған екен. Мен оны білмеймін. Оны көрген Тұрғын: – Мына балықты қайдан алдың? Мақсұт балықты жақсы көруші еді, бәрін осыған бер, сөйтіп ұятыңды жу, – деп соғып қалды. Басынан ұятты болып тұрған мен бірауыз сөзге келмей балықтарды бақаннан сыпырып алып, қапшыққа салып бердім. Олар кетті, кешке жұмыстан әйелім келді, ол келе сала: – Үйде кімдер болды? Шкафтағы шөлмектер қайда? Бақанға жайып қойған балықтарды кім алған? – деп сұрақтардың астына алмасы бар ма! Байқасам, Тұрғын мені қатырып кетіпті, олар ішкен шөлмектер өзіміздікі екен. Міне, қалжың болса осындай-ақ болсын. Тұрғынмен ауданда бірге қызмет істеп жүріп те көп уақыт араластым. Оның туған ауылға деген, ауылдың жігіттеріне деген сүйіспеншілігі орасан зор еді. Басқаны қайдам, өз басыма жасаған қамқорлығы әлі есімде. Ол аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып отырған кезінде маған Үшарал селолық советінің төрағасы болып баруыма бірінші болып ұсыныс айтты. Мен онда ауданда әжептәуір мекеменің бірін басқаратынмын. Шынын айтсам, жылы орнымды суытқым келмеді. Сонда ол маған: – Мекеме деген бірде бар, бірде жоқ. Күнде өзгеріп жатқан заман. Сен екеуміз ауылда өстік, ауылда оқыдық, өз ауылымыз. Оның бер жағында ел басқарып, ауылды көркейтуге қосқан үлесің зор бақыт емес пе?! Мен бұл ұсынысымды бірінші секретарьға айтып қойдым. Ол кісі толық қолдап отыр, – деп ақыл айтты. Тұрғынның бұл ақылын үйге келіп көп ойландым. Жас болса жылжып алға кетіп бара жатыр, Тұрғынның «ауылға барып, көркеюіне үлес қос» дегені санамнан бір кетпей қойды да, ақыры келістім. Айтқан қызметіне орналастым, одан жаман болған жоқпын, ауылдағы төрт жүз орындық Мәдениет үйін, жиырма орындық монша, еңселі-сәулетті жаңа үлгідегі әкімшілік үйі, тоқсан балалық балабақшасының пайдалануға берілуіне үлес қостым, оны мен бүгін мақтанышпен айтып отырмын. Өткен күндерді айта берсең әңгіме көп қой, мына қысқа өмірде осындай-осындай сәттер есіңе түседі екен. Марқұм Тұрғынның жатқан жері жайлы, алды пейіш, арты кеніш болсын деп дұға жасағаннан басқа не айтайын.

Сәти Сайлыбаев, ардагер.

Үшарал ауылы, Талас ауданы.