Денсаулық

халық қаһарманы – Қайрат

халық қаһарманы – Қайрат

16 желтоқсан күні таң сәріден Тараз жұртшылығы Төле би көшесінің бойындағы Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішіне жиналды. Соғыс және еңбек ардагерлері, басқармалар мен мекемелердің қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Желтоқсан оқиғасы қаһармандарының рухына тағзым етті. 

– Өткен күндердің тарихы жадымызда. Қылышынан қан тамған қызыл империяға қарсы қасқая тұрып, 1986 жылы 16 желтоқсанда Алматы алаңына шыққан боздақтардың ерлігін біз жыл өткен сайын терең ұғына түсетін боламыз. Олар ғасырлар бойы еркіндік пен Тәуелсіздік жолында күресіп келген ата-бабалар арманын жүрегінде сақтаған алғашқы азаттық жаршылары еді. Ұрпақтар бойындағы күрескерлік рухтың өшпегенінің арқасында біз Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Енді біз баға жетпес байлығымызды сақтауымыз және нығайтуымыз керек, – деді ақын, жазушы, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын ер ескерткішінің алдында. Батыр бабалар жолын жалғаған Қайрат Рысқұлбековті қазақ жастарының бейбіт замандағы ерлік эпопеясының басы десек, асыра айтқандық болмас. «...Неғұрлым адамның рухы шырқау биік әрі берік болса, ол еш нәрсеге бой бермейді, ондай адамға өлім де бата алмайды» деп Қайраттың өзі айтып кеткендей, Рысқұлбеков бастаған қазақ желтоқсаншыларының рухы өлген жоқ. Жыл өткен сайын халық жадында жаңғыра түсуде. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, бар болғаны 21 жыл ғана ғұмыр кешіп, бұл жалған дүниеден бақилыққа қапыда аттанған, халқымыздың Қайраттай аяулы ұлдың бейнесі жылдар жылжып, ғасырлар алмасқан сайын биіктей түспек.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».