Қайдасың, тәтті мұң?!.
Қайдасың, тәтті мұң?!.
(Мөлтек сыр)
Тұңғиық тереңінде әлдеқандай мұң жатқан сол бір жанар көз алдымнан кетер емес. Әлде бұл өзгелер көре алмайтын, менің ғана назарыма іліккен елес пе екен? ...Сол бір кеш, өзіммен бірге оқыған екі жастың шаңырақ көтерген тойы болатын. Қашанғы, бірнеше шетел көліктерімен той алдында қыдыратын үрдіс. Сол бір шаттықты, бәлкім, даңғаза шеруде мен онымен бірге жүріппін. Бірақ, қалай байқамағанмын? Тойханада асаба хабарлаған жастар столына бір топ құрбы-құрдастарыммен бірге жайғасқанымда қасымдағы жанның жанары көңілімді өзіне еріксіз аудартты. Тұп-тұнық мөлдір сол көздердің түбінде әлдебір бейкүнә мұң жасырынып жатқан тәрізді. Бейнебір көк теңіздің тұңғиығында жалт-жұлт еткен інжу маржан, жақұттардай ма еді, білмедім. Әйтеуір, ойлана қараған сол көзқарас, сұлу сезімге, құпияға толы мұңлы жанар неге екенін, мені өзгеше елітіп, жан-жағымда қалың қауым бар екенін де, той сәнімен шырқалып жатқан әнді де ұмыттырған. Тек сол қос жанар ғана баурады мені. Көңілім алабұртты. Көкке, бәлкім, өзге бір ғажайыптар әлеміне самғатты. Иә, сөйлестік, бірақ мұңлы жанар маған сырын ашпады. Қайта құпиялана түсті. Әлде өкініш пе? Ұға алмадым, ұға алмадым. Әйтеуір, бір аппақ та кәусар сезім ақ ұлпа қауырсындай қалықтап кеп жүрегімнің төріне қонып алды. Содан бері, иә, дәл сол күннен бастап сол тәтті мұң менің де жан дүниеме сол жанардан бөлініп келіп ұялап алғандай. Белгісіз ғажайып мұң тұнған қос жанар жеткізбес арманға айналып, бір сәттік қана бақытты қауышу сыйлап, сол күйі ғайып болған... Қайдасың, тәтті мұң?.. Орал, оралшы!..
Қамар Қарасаева.