Саясат

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ

Өткеніңді білмей, болашағыңды бағамдау мүмкін емес. Ұлы даланың ұлы мұраты- тәуелсіздікке ие болып, халқымыз азаттықтың бақыт нұрын кешкенге дейінгі аралықта не көрмеді! Кешегі 70 жыл ғұмыр сүрген Кеңес үкіметі де жарылқай қойған жоқ. КСРО құрамындағы өзге ұлттар да  күйкі күн кешті.

Жыл өткен сайын елдегі саяси жағдай ушығып күрделілене берді. Одақты басқаруда Мәскеу ұстанып келген түрі ұлттық, мазмұны ұлы державалық өркөкіректік саясат «дамыған социализмді» түбінде орға жығатындығы сөзсіз еді. Жүйелі негізде ұлттық қадір-қасиетті кеміту, ой-сананы сансырату халықтар тарапынан іштей қарсылық тудырып келсе, Горбачевтің қайта құруы кезінде, әсіресе, жастар жағынан қандай жолмен болса да ұлттық рухтың еңсесін тіктеуге ділгерлік басым еді. Ол әлемге кеңінен аян болған ауқымы мен өткірлігі жағынан кеңес дәуіріндегі демократиялық қозғалыстардың көшбасшысы атанған 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы – қазақ жастарының бұлқынысы арқылы көрініс тапты. Аталмыш оқиғаның жаңғырығы өзге ұлттардың қалғып кеткен санасын сілкіндіріп, еңсесі түскен төл мәдениетін, салт-дәстүрін түзетуге деген құлшынысын оятты. Армениядағы, Литвадағы, Әзірбайжандағы, Молдавадағы ұлтаралық кикілжіңдер партия жетекшілік етіп отырған саясаттың осал тұстарын жалаңаштап берген-ді. Көп кешікпей кеңес үкіметі құлап тынды, «мызғымас одақ» тоз-тоз болды. Азаттық әкелетін ұлы өзгерістер дәуірінің ақ таңы құланиектеніп атып келе жатты. Осынау тағдыршешті кезеңде халқымыз болашақ тағдырын ортасынан ойы озық, қатарынан қалпы озық, кең ойлап, кемел шешім қабылдайтын, ісі дара, сөзі сара перзенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Қателеспеді. Кемеңгер ұлы халқының басына бабаларымыз ғасырлар бойы қан төгіп айқасып өткен Тәуелсіздіктің бақыт құсын қондырды. Тәуелсіздікті алған соң оны орнықтыру, дербес мемлекет орнату оңай емес. Осы тұста Елбасы қиыннан жол тапты. Қоғам дамуының тұрпаты бөлек қазақстандық деп аталатын әлем таныған жолын тапты, бұрылысы мен бұлтарысы көп шырғалаңнан елімізді аман алып шығып, егемендіктің небәрі 16 жылы ішінде өз елін әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына шығарды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы тарапынан қандай құрметке болса да лайық. Осыған орай Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасы бас қосып, бұдан 14 жыл бұрын Н.Назарбаев жөнінде тарихи шешім қабылдаған сәт дәл бүгінгідей көз алдымда. Мінберде бүкіл жұрт ақ ұлпа шашынан Қаратай Тұрысов екендігін айтқызбай танитын Қазақстан парламентаризмінің абызы қоңыр даусымен асықпай, баппен сөзін бастады. – Ертең, еліміз Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығын бүкілхалықтық мереке ретінде тойламақшы. Бұл – мерзім тарих үшін ұзақ уақыт емес, бірақ халқымыз аңсары ауып күткен тарихи күн. Бұл болмысы бөлек заманаға бет алу, адами құндылықтарды қайта зерделеу, жарқын болашақты жаңаша пайымдау жылдары болды. Ендеше тәу етер тәуелсіздігімізді тарихтағы тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыруға толық хақымыз бар. Егер қазақ елін Дүниежүзі қауымдастығы өзге елдермен терезесі тең мемлекет ретінде таныса, БҰҰ-ға мүше болса, Семей атом полигоны жабылып, Қазақстан атом қаруынан бас тартса, өзгелер біздің елге стратегиялық әріптесі ретінде қараса, елімізді сара әрі дара ішкі және сыртқы саясаты үшін қадірлесе, онда ол – Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдегі беделі мен тыным көрмей еткен еңбегінің, төккен терінің нәтижесі. Егер осы он жыл ішінде этносаралық рухани бірлік, азаматтық келісім орнығып, кейбір елдердегідей тыныштығымыз кетіп, тынысымыз тарылмаса, ұлтымыздың тарихи зердесіне қайта оралып, бостандық үшін алысып өткен ата-бабаларымызды, батыр-даналарымызды ұлықтап жатсақ, бұл да Елбасының айрықша ынтасы мен ықыласының іс жүзіндегі көрінісі. Егер нарықтық экономикаға түпкілікті таңдау жасап, қаржы жүйесін қалыптастырып, төл ақшамыз теңгені дүниеге әкеліп, оның тұрақтанғандығына қол жеткізсек, Қазақстан мұнайдың барланған қоры жөнінен әлемде бестіктің қатарынан орын алса, өндіріс орындары жанданып, индустриалды бағыт ұстанса, орта және шағын бизнес қанатын кеңге жайса, мұның бәрі де Нұрсұлтан Әбішұлының талмас талабы мен қажымас қайратының жемісі. Егер елордасының Алматыдан Ақмолаға көшірілуі ерлікке пара-пар шешім болды десек, елдегі демократиялық үрдістердің жаңа сапалы сипаттарға ие болуы, үйлесімді тіл және дін саясаттарының қалыптасуы, шығыста Қытаймен, оңтүстіктегі және батыстағы жақын шетелдермен дау-дамайға ырық бермей, шекарамызды нықтап алсақ, мұның барлығы да Нұрсұлтан Әбішұлының перзенттік парызын азаматтық жауапкершілікпен ұштастыра алған сарабдалдығы. Егер 1990 жылы Мәскеудің билігі босаң тартқанмен әмірі әлі жүріп тұрған кезде Жоғарғы Кеңеске Қазақ КСР-індегі меншік және банкілер мен банк қызметі туралы заңдарды қабылдатып, республиканың орталық басқару органдарын одаққа бағыныштылығынан шығарып, оларға дербес экономикалық билік тізгінін бергені, табиғи ресурстар мен жер, кен байлықтарының Қазақстан меншігінде деп танылуы, еліміздің ұлттық банкісінің айналымға ақша шығару мүмкіндігіне ие болуы, тәуелсіздігімізді тұғырландыруға негіз болған шын мәніндегі революциялық шешімдер еді, бұлар Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі, – дей келіп Қаратай ағамыз: – Нұрсұлтандай ұлы бар халық бақытты. Ендеше тәуелсіз еліміздің Көшбастаушысы, еліміз бен жеріміздің қазіргі бас иесі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Халық Қаhарманы болуға лайық қой! – дегенде, біздер, депутаттар, орындарымыздан дүркірей көтеріліп, қол соғып қолдадық. Келесі күні Президент халық қалаулыларының оның еңбегін бағалауының өзі зор награда екенін айтып, ризашылығын білдірді. Елбасының Жарлығы бойынша берілетін ең жоғары атаққа өзінен басқа ешкімнің де қол қоюға құқы жоқтығы Ата Заңмен белгіленген еді. Тәуелсіздіктің әр күні жылға татитын 24 жылы ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен Қазақстанның әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары бас қосатын дәстүрлі съезі, Азиядағы бейбітшілік пен келісім конференциясы, әлемдегі тәуелсіз саясаткерлер мен журналистер бас қосатын «Еуразиялық» медиафорумы, Түркі елдері достастығы тұрақты конференциясы өтетін халықаралық дәрежеде пікір алмасу алаңына айналғаны, Еуразиялық экономикалық одақтың бой түзегені, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғаны, азиялық ел бола тұра 2010 жылы Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымына басшылық еткені, «ЭКСПО-2017» көрмесінің Астанада орнығуын жеңіп алғаны әлемдік саясат жасайтын мемлекеттердің қазақ елінің құдіретін мойындағаны. Осы тұғырдан таймай «Мәңгілік Ел» идеясын шындыққа айналдыру – Елбасының да, халықтың да діттеген мақсаты. Келер жылы Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Оны толайым табыстармен қарсы алу әлемдік экономикалық дағдарыстан еліміздің сүрінбей өтуіне байланысты. Қазақстан дамуының жаңа тарихи кезеңі, 2012 жылдың 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдаудан бастау алады. Бұдан кейінгі «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту: қоғам дамуының басты бағыты», «Қазақстан жолы: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол», «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары «Қазақстан-2050» Стратегиясын кезең-кезеңімен байыппен жүзеге асырудың бағдарламалары болып табылады. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының әлемді жайлаған дағдарыстың қоғам дамуына қиындық тудырумен қатар, одан шығудың жолдарын тауып, мүмкіндіктерді барынша кәдеге асыруға жігерлендіретін қуаты бар екендігін баса көрсеткені ерекше қанағат сезімін көңілге ұялатады. Елбасы дағдарыс тығырығынан шығу, жаңа белестерді бағындыру, қандай қиындықтар болса да әлемдегі озық 30 елдің қатарынан көріну мақсатынан таймау үшін 5 халықтық реформаны жүзеге асыратын, «100 нақты қадамға» қуат беретін бес міндетті айқындап берді. Елбасы Н.Назарбаев «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік! Мен халқыма сенемін» деп ағынан жарылуы әр қазақстандықтың жүрегіне жол табатыны сөзсіз. Өйткені, Жолдаудың мәні – халықтың қамы.

Жандар Кәрібайұлы, қоғам қайраткері.