Ассамблея – ПРЕЗИДЕНТ перзенті
Ассамблея – ПРЕЗИДЕНТ перзенті
Елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір шаңырақ астына біріктіріп, достық пен татулықты, ынтымақ пен бірлікті ту етіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы рөлінің қаншалықты маңызды екенін бүгінде барша жұрт түсінді. Ассамблеяның басты міндеті – мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халықтарының форумында алғаш рет аталған Ассамблеяны құру туралы ойын ортаға салған болатын. Ал 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президент Жарлығы шықты. Міне, сол уақыттан бері 20 жылдың ішінде Ассамблея талай іс атқарып, талай белесті бағындырды. Елдегі демократия мен толеранттылықтың жарқын көрінісі іспетті болған ұйымның беделі мен салмағы артты. Мысалы, 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе беріліп, ол Парламент Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің 9 депутаты елдегі барлық этностардың мүддесін қорғайды. Сонымен қатар, қазақстандық этникалық қоғамдастықтардың Парламентте өкілдік етуі олардың саяси партиялар арқылы өкілді органдарға тікелей қатысуы негізінде де жүзеге асырылады. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. Ал 2008 жылғы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Оның негізінде Ассамблея еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субъектісіне айналды. Еліміздің Тұңғыш Президентi Қазақстан халқы Ассамблеясын өмiр бойы басқару құқығына ие. Хатшылықты бiр мезгiлде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын Хатшылық меңгерушiсi басқарады. Ал Ассамблеяның өңірлердегі құрылымдарын облыс әкімдері басқарады. Биыл Ассамблеяның құрылғанына 20 жыл толды. Атаулы датаға орай 2015 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланған болатын. Сәйкесінше, елде татулықтың жаршысы болған ұйымның ұйымдастыруымен және Ассамблеяның құрметіне түрлі деңгейде жүздеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Салтанатты шаралар легі әлі де тоқтаған жоқ. Жалпы алғанда Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан, Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты.
Лариса ЛЫСОВА, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі.