Байлығымыз – ынтымақты елдің арқасы
Байлығымыз – ынтымақты елдің арқасы
Азаттық алғанымызға ширек ғасырға жуықтады. Ақтамберді жырау «Кеуде бір жерді жол қылсам, Шөлейт бір жерді көл қылсам, Құрап жанды көп жиып, Өз алдына ел қылсам!» деп жырлаған ғой. Сол бабалар аңсаған тәуелсіздіктің таңы атқанын көру бақыты біздің бағымызға бұйырыпты. Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болғалы – 24 жыл! Ал дүниежүзінде қаншама халық азаттық үшін әлі де алысып, арпалысып жатыр. Сондықтан, біз Тәуелсіз ел болғанымыз басымызға қонған бақ, Алланың берген баға жетпес сыйы екенін түсінуге тиіспіз. Қазір кеудемізді айқара ашып тыныстап, басымызды тік көтеріп жүргеніміз осы Тәуелсіздігіміздің арқасы. Еліміз осы мерзімде мол табыстарға қол жеткізіп, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің өзі санасатын деңгейге жетті. Тәуелсіздік ел азаматтарының көңілі сүйген іспен айналысуларына зор мүмкіндік берді. Қазір еңбек етіп, өз кәсібін ашамын дегендерге кедергі жоқ. Керісінше, оларға мемлекет тарапынан айрықша қолдаулар көрсетіледі. Тәуелсіз Қазақстанымыздың тізгінін ұстаған Елбасының сарабдал саясатының арқасында халқымыз бейбіт, бақуатты күн кешіп отыр. Мемлекет қамқорлығын сезініп, шаруасын дөңгелетіп отырған шаруалардың бірі менмін. Қазір біздің «Шәушен» шаруа қожалығында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың табанды еңбегі және мемлекет қолдауының арқасында шаруашылығымыз іргелі агроқұрылымға айналды. Бүгінде шаруа қожалықта 30 мың қой, 3000 жылқы бар. Алдағы уақытта шаруашылығымызды дамытуға күш сала беретін боламыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жиынында сөз сөйлегенімде Елбасы: «Осы ұстап отырған бағытың, істеп жатқан тірлігің дұрыс, қолдаймыз, қуаттаймыз. Бірақ, жассың ғой, байлық әлі бітеді, сондықтан тапқан ақшаңды жамбасыңа баса бермей, елге қарас. Елдің батасын алсаң жаман болмайсың, өсесің, өнесің», – деді. Елбасының осы бір қамқорлықпен айтқан сөзін жадымнан шығарған жоқпын. Елге жасаған қамқорлықтарымның арқасында бүгінде жұрттың сеніміне ие болдым. Көптің алғысын, батасын алдық, шаруамыз да одан ары дамып, алға басты. Мен мұны неге айтып отырмын. Қазір елін сүйетін әр азамат «Мемлекет маған не береді?» деп емес, «Мен мемлекетке не бердім, еліміздің гүлденуіне, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына қалай үлес қосамын?» деп еңбектенуі керек. Сонда ғана Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік, ғұмыры мәңгі болмақ. Қазіргі әлемде қалыптасқан жағдайларға қарап, біз бүгінгі бейбіт күнімізді бағалай білуге тиіспіз. Барымызды бағаласақ, бақ-дәулет, ырысымыз одан бетер асып, атағымыз аспандай бермек.
Сайрамбай Дөненбаев, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері.
Т.Рысқұлов ауданы.