Қырғызстанда қазақстандық фильмді көрсетуге тыйым салынды
Қырғызстанда қазақстандық фильмді көрсетуге тыйым салынды
Бішкектің ауданаралық соты қазақстандық «Регион 13» фильмін Қырғызстан аумағында көрсетуге тыйым салды. Оған Қырғызстандағы «Айкол Ала-Тоо» қоғамдық ұйымының арызы түрткі болған.
Қоғамдық қор өкілдерінің пікірінше, картинада 2010 жылы сәуірдің 7-сі күні Құрманбек Бакиев биліктен кетірілген Қырғызстандағы Сәуір төңкерісі кезінде қаза тапқан адамдар есірткі заттар қолданғаны көрсетіледі. Ал фильмнің Қырғызстандағы продюсері кинокартинаның ол оқиғаларға қатысы жоқ екенін айтады.
“Фильмнің трейлерінде сәуірдің 7-сі күні және маусым оқиғасы кезінде жігіттердің есірткі қолданғаны айтылады. Біздің сотқа арыздануымызға осы түрткі болды. Картина сәуір оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың атына кір келтіреді”, – дейді «Айкол Ала-Тоо» қоғамдық қорының басшысы, депутат Меербек Мискенбаев.
Мискенбаев ұйым мүшелерінің фильмді толық көріп шықпағанын мойындайды. Сотқа арыздануға фильмнің ғаламтордағы үзіндісі жеткілікті болған.