Денсаулық

Руға, жікке бөлінген жұрт Ливияның тағдырын қайталайды - Елбасы

Руға, жікке бөлінген жұрт Ливияның тағдырын қайталайды - Елбасы

20151120141014Руға, жікке бөлінген жұрт Ливияның тағдырын қайталайды. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылды қорытындылап телеарна журналистеріне сұхбат беру барысында рушылдық дертіне қатысты өз пікірін осылай жеткізді.

Сұхбат барысында журналист Бейсен Құранбек Президенттен рушылдық туралы пікірін сұраған болатын. «Қазір рудың атын көлігіне, киіміне жазып алатындарды көреміз. Менің ойымша, қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады. Бізді құраушы ру болуы тиіс еді. Алайда жаңағыдай жағымсыз әрекеттерге не айтасыз?» - деп сұрады Бейсен Құранбек. Өз кезегінде Елбасы рушылдықты мүлдем жақтамайтынын алға тартты. «Біз ат төбеліндей қазақпыз. Біз түріктер секілді 80 миллион, орыстар сияқты 140 млн адам емеспіз. Еуропаның көптеген елінен азбыз. Әрең дегенде он-он бір миллионға жеткен қазақты қырық руға жіктейтін болсақ, онда ел болмаймыз. Ресейдің тарихында, орыстардың архивында қазақты қалай жаулап алғандығы туралы бәрі жазулы жатыр. Көп тарихшылар да біледі, қазақты руға, жүзге бөліп жаулады. Керісінше, қазақ біріккен Аңырақайда атақты жауына үлкен соққы берді. Қалай жеңді? Басы біріккенде жеңді. «Сен қай жақтансың? Қай рудансың?» деп ешкім сұраған жоқ, бар қазақ бірікті. Абылай ханның жанында әр өңірдің де батырлары болды. Егер біз бұндай дертке ілігетін болсақ, Ливия секілді құрдымға кетеміз. Қазір онда тайпалар соғысып жатыр дейді, ал біздің рулар сол тайпалар секілді болып кетсе не боламыз?», - деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел болу үшін бірлікке сызат түспеуі шарт екенін баса айтты. «Кезінде Вьетнамды алпауыт Америка ала алмады. Рухы күшті, бірлігі мықты болатын ол елдің. Біздің де ел болуымыз - бірлігімізге қарай. Рушылдық дертінен келер ұрпақ та ада болуы керек. Бұған, әсіресе, зиялы қауым көбірек зер салуы керек. Мен ағайын-туғаннан алыс жүріңдер деп айтпаймын. Той-томалақта кездесеміз, сол кезде қалжыңдап айтармыз әңгімелерді, бұл жақсы қасиет. Дегенмен, рушылдықта ары қарай бармау керек. Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзді әр ауылдың төріне жазып қойса да болады. Тәуелсіздігімізге өліп-өшіп жеткен халықпыз. Бұндай заман қазақтың басында бұрын-соңды болған емес. Менің айтарым, бізді сырттан алатын жау жоқ. Бірлігіміз болса, қазақ ешкімге де бой бермейді. Біз «арым - жанымның садағасы» дейтін намысқой халықпыз. Сондықтан да бабадан қалған аманатты сақтау үшін бір болуымыз керек», - деді Н.Назарбаев.