Енді «Протон» құласа, шығынды Ресей өзі төлейді - Н.Назарбаев
Енді «Протон» құласа, шығынды Ресей өзі төлейді - Н.Назарбаев
Бүгін Қазақстан телеарналарына ашық сұхбат берген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Байқоңырдың болашақ тағдыры не болады?" деген сұраққа жауап бере отырып, енді Байқоңырдан ұшқан «Протон» зымыраны жерге құласа, шығынды Ресей өзі төлейтінін, ол құлаған жерді өзі тазалайтынын мəлім етті.
«Байқоңыр болмаса, Ресеймен сенімді қарым-қатынас болмаса, біздің жігіттеріміз ғарышқа ұшпас еді. Бұл -бір. Екіншіден, қазір Қазақстан ғарышқа шығатын зымыран жасай алмайды. Ғарыш айлағын ұстап тұратын, кадрлар дайындайтын жағдай жоқ. Бірақ біз осыған қарай бет алып келеміз, осыны орындаймыз. Елді қобалжытатын «Протон» деген зымыран бар. Ол жерге түсіп, жарылған кезде, зымыран түскен жерде қиындық болады. Соңғы рет «Протон» құлаған оқиға əлі есімізде. Сол жағдайдан кейін біз Ресеймен келіссөз жүргізіп, егер де ондай оқиғалар тағы қайталанатын болса, Ресей жағы апат шығынын төлейді деген келісімге келдік. Сондықтан енді ол зымыран құласа, шығын Ресей өзі төлейді, «Протон» құлаған жерді өзі тазалайды»,- деп қадап айтты Н.Назарбаев. Елбасы атап өткендей, Қазақстан Ресей тарапымен басқа зымыран тасымалдағыш туралы келісімге қол қойған. «Біз түбінде сол зымырыннан арылып, басқа зымыран тасымалдағыш болады деген шартқа қол қойдық. Көп мəселелерді шештік. Қазақстанмен бірлесе ғарышқа ұшырылатын жаңа құрылғы - «Бəйтерек» жасалды. Осы істің жолында қиындықтары көп болғанымен, біз айтқан бетімізден қайтпай, осы мəселені көтеріп келе жатырмыз. Орыстар арасында «шығыста тағы бір ғарыш айлағы болады» деп сөз шығарып қалады. Біздің ешқандай қарсылығымыз жоқ, жасасын да бара берсін. Байқоңыр бассыз қалады деген əңгіме жоқ. Сондықтан тəуелсіздік алған алғашқы жылдары Байқоңырды ешкімге бермей, өзіміз алып қаламыз дегенде, ол жерде Қызылорданың шаңынан басқа түк қалмайтын еді. Ресеймен келіссөзге отырып, Байқоңырды сақтап қалдық, жұмыс істеп тұр. «Шығыс» ғарыш айлағы болады екен деп, Байқоңыр жабылмайды. Себебі, оның өз міндеті бар. Кеңес одағы ақымақ емес, бекерден бекер дəл сол жерді таңдаған жоқ. Байқоңырдың орналасқан жері эквадорға жақын, ғарышқа алып ұша алатын жүгі көп. Сондықтан ары қарай да Ресеймен бірге жұмыс істей береміз. Байқоңыр - қазақтың абыройы үшін, екінші жағынан мамандар даярлау үшін қажет», - деді Елбасы.