Жұмылсақ қана жеңеміз
Жұмылсақ қана жеңеміз
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсат Қожабаев 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының басым бағыттарына тоқтала келе, Мемлекет басшысының бес институционалды реформасындағы қоғам дертімен күресудің нақты қадамдарын жүзеге асыру жолдарын сөз етті. – Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлықпен күресуде жаңа бағыт алды. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді мемлекеттік орган құрылды. Уақыттың талғамы мен талабына сай құқықтық базамыз бар. Біздің міндетіміз – жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған іс-шараларды сауатты ұйымдастыру, орындау. Бүгінде агенттіктің бастамасымен азаматтық институттармен бірлесе отырып, жемқорлықтың кез-келген көріністеріне төзбеушілік жағдайын және қоғамда оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы Ашық келісім әзірленген. Мәселен, этномәдени, діни, қоғамдық бірлестіктермен, жастар ұйымдарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және жеке тұлғалармен барлығы 27 Ашық келісім жасалды. Алайда, жемқорлықпен күрес жүргізуде бізге атқарушы органдардың да қолдауы қажет. Сондықтан бүгінгі сәтті пайдалана отырып, мемлекеттік сектордың өкілдерінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруда бізбен өзара іс-қимылды нығайтуды сұраймыз. Еңбек ұжымдарында құқықтық оқуларды ұйымдастырумен шектеліп қана қоймай, өз қызметінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету, азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау мен оның салдарын жою және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша жүйелі әрі кешенді шаралар қабылдауға шақырамыз. Ал азаматтық сектордың өкілдерінен, өздерінің әлеуетін пайдалана отырып қоғамдық бақылауды орнатуда, қоғамда болып жатқан жағымсыз көріністерден гөрі үлгі аларлықтай мысалдарды насихаттау арқылы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға белсенді араласуын сұранамын, – деді Мақсат Қожабаев. «Дөңгелек үстелде» «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің өзекті мәселелері туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында сыбайлас жемқорлықпен күресудің ашықтығын қамтамасыз ету аясында бұқаралық ақпарат құралдарымен жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде республикалық басылымдардың бірқатар журналистеріне агенттік төрағасы Қ.Қожамжаровтың Алғыс хаттары және департамент басшылығы тарапынан осы бағытта белсене жұмыс атқарған бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар тапсырылды.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».