Жер пайдаланылмаса, мемлекетке қайтарылады
Жер пайдаланылмаса, мемлекетке қайтарылады
Жерді пайдалану және қорғалуын бақылауда негізгі басшылыққа алынатын құжаттар –мемлекеттік қадағалау және бақылау Заңы, Жер кодексі, Әкімшілік құқық қорғау кодексі. Ал тексеру құзырлы органдардың нұсқаулары, заңды немесе жеке тұлғалардың арыз-шағым, өтініші бойынша жүргізіледі. Облыстық жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, көп жағдайда заң бұзушылыққа жол беретіндер аудандық жер қатынастары бөлімі мен ауыл, аудан, қала әкімдері екен. Тіпті, асфальт төселген тас жол мен көлдің өзі жекеменшік иелікке өтіп кеткен деректер де кездескен. Кемшілік жекеменшікке жер бергенде тас жол жағасынан, су жағалауынан, электр жүйесі мен газ құбыры маңынан қанша қашықтықта жер берілетіні жазылған заңдарға назар аудармаудан кеткен.
Баспасөз мәслихатында облыстық жер пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікбай Тәпиев жерді пайдалануда жіберген кемшіліктерді айтты. «Негізі, Жер кодексінің 26-бабында мемлекет меншігіндегі ешқашан жекешеге берілмейтін және ерекше қорғалатын жердің тізімі көрсетілген. Бірақ, тексеру нәтижелері көрсеткендей, заң талаптары толық орындалмай отыр. Наурыз айынан бері облыста 286 тексеру жүргізіліп, 18 мың 265 гектар жерге қатысты 130 заң бұзушылық анықталды. 29 заңды және жеке тұлғаға 3 миллион 795 мың теңге айыппұл салынды. Оның 17-сі 2 миллион 147 мың теңге айыппұлды өз еріктерімен төлесе, 495 мың теңгені мәжбүрлеп төлету үшін 3 тұлғаның ісі сотқа жіберілді. Оңтүстік Қазақстан облысының бір фирмасы Шу ауданында автожол салу кезінде рұқсат берілмеген жерді қазып, жолға пайдаланған. Оған біз шара қолданғанымызбен, олар бой тасалап жүр. Бұл жөнінде облыстық прокуратураға өтініш жазып, шара қолдану туралы ықпал етуін сұрадық»,-деді журналистермен өткен баспасөз брифингінде Серікбай Тәпиев. Басқарма басшысы қазіргі талап бойынша ауыл шаруашылығындағы жер пайдаланылмаса, ол мемлекет меншігіне қайтарылатынын, яғни, бұрынғыдай жалгерлік мақсатта қолдан-қолға өтіп кетуіне жол берілмейтінін айтты.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».