Бүлікшілермен бірлесіп күресу керек
Бүлікшілермен бірлесіп күресу керек
Бұл мәселе облыс әкімдігінде германиялық мамандардың қатысуымен өткен «дөңгелек үстел» отырысында кеңінен сөз болды
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы және «IRZ халықаралық құқықтық қарым-қатынас» германдық қорының ұйымдастыруымен «Ақпараттық технологиялар: лаңкестік және экстремизммен күрестің рөлін арттыру» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл басқосудың аса маңызды екенін айта келіп, экстремизм бойынша аймақта жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, аса қажетті жерлерге 379 бейнебақылау қондырғылары қойылғанын, жергілікті ақпарат құралдарынан имандылық бағытындағы хабарлар, бағдарламалар көбірек көрсетілетінін, жақсы жұмыстар өз нәтижесін беріп келе жатқанын айтып өтті. Одан әрі облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов жиынға төрағалық жасады.
Ернат Мұхаметқалиұлы қонақтарды іс-шараның негізгі мақсатымен, облыстық прокуратураның лаңкестік және экстремизммен күрес бағытында атқарып жатқан жұмыстарымен, қолданылып жатқан технологияларымен таныстырды. Келесі сәтте «IRZ халықаралық құқықтық қарым-қатынас» германдық қорының жоба менеджері Елена Филиппсен сөз сөйлеп, аталған ұйымның мақсат-міндетін түсіндіріп берді. «Дөңгелек үстелге» жиналғандарды жоғарыда аталған германдық қордың вице-президенті Юрген Маурердің жасаған баяндамасы қызықтырды. Ол баяндамасында экстремизммен бүкіл әлем болып күресуіміз қажет екендігін айта келіп, Германияда лаңкестік және экстремизммен күрес тұрғысында әлеуметтік желіден келетін ақпараттарды саралап, сұрыптайтын бақылау тобы барын үлгі ретінде қозғап өтті. Сондай-ақ, ол терорризм, экстремизммен күрес жөнінде және ортақ мүддені қорғайтын заңдарды Германия мемлекеттік шеңберінде ғана емес, Еуропа деңгейінде қабылдасақ деген ұсынысын жеткізді. Баяндаманы талқылау кезіндегі түрлі сауалдарға да жан-жақты жауап берді. Мұнан соң сөз алған ҚР Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті төрағасының орынбасары Ерғали Мабиев жиынға қатысушылар назарын құқық қорғау, мемлекеттік ұйымдардың ақпарат алмасуы жағдайына аударып, лаңкестік және экстремизмге қарсы күрес саласындағы ақпараттық жүйелер туралы сөз қозғады. Содан кейін Алматы облысының прокуроры Ғабит Миразов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшылары Нұрлан Кәрібжанов, Батырбек Атамқұлов, Бас прокуратура өкілі Асқар Албытов, облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев және өзгелер талқыға түскен негізгі тақырып бойынша баяндамалар жасады. Басқосудың екінші күнгі отырысы да қызу пікірталаспен жалғасын тапты. «Дөңгелек үстелді» ҚР Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті төрағасының орынбасары Ерғали Мабиев ашып, басқарып отырды. Жиналғандар алдында «IRZ халықаралық құқықтық қарым-қатынас» германдық қорының вице-президенті Юрген Маурер сөз сөйледі. Ол лаңкестік және экстремизмге бастайтын әрекеттер орталық базада тұруы қажеттігіне, бұл бағытты арнайы полиция штабы бақылауға алуы тиіс екеніне көпшіліктің назарын аударды. «Мәселен, Парижде орын алған терракті жайлы алдымен германиялық БАҚ өкілдері хабарлады, қозғау салды. Бұл тұрғыда барлық мемлекеттің ақпарат құралдары белсенді болуы тиіс», – деді Ю.Маурер. Кейінірек, шарада көтерілген мәселелер талқыланып, ҚР Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің басқарма басшылары Ерәділ Ахметов, Мұхтар Тілегенов ұсыныс, ой-пікірлерін білдірді. Екі күнге созылған жиынның түйінді пікірі лаңкестік және экстремизм әрекеттерімен бірлесіп күресу, ондай келеңсіздіктердің үнемі алдын алу тұжырымына тоқайласып, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған басқосудың жемісті өткені айтылды. «Дөңгөлек үстел» отырысын Ерғали Қайыржанұлы қорытындылап, әлемге ортақ тыныштық, діни қатерлердің алдын алу бағытында сіңіріп жүрген еңбектері және Тараз жерінде үлкен ойларды қозғағаны үшін Юрген Маурер бастаған «IRZ халықаралық құқықтық қарым-қатынас» германдық қорының өкілдеріне ризашылық білдіріп, алдағы жұмыстарына жеміс тіледі.
Есет Досалы, «Ақ жол».