Экономика

Ақбақайдың алтыны

Ақбақайдың алтыны

Кеніш 2016 жылы айына 140 килограмға дейін алтын өндірмекшіМойынқұм ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жүрсеңіз, Ақбақай алтын кен орнына кез боласыз. Өңір экономикасын дамытуға қомақты үлес қосып келе жатқан өндіріс орны Елбасы­ның жаңа Жолдауынан туындаған тапсырмалар мен міндеттемелерді жүзеге асыруға дайын ба? Дағдарыс жағдайында еңбек өнімділігін сақтап қалу үшін кәсіпорын қандай шаралар қабылдауға мәжбүр? Жалпы, келешектегі жоспарлары қандай?

Осы сауалдарға жауап алу үшін «Алтын алмас» акционерлік қоғамы Ақбақай филиалының басшысы Бағдат Бахрамовпен әңгімелескен едік. – Бағдат Амангелдіұлы, қызметіңіз құтты болсын! Бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кеткен шығарсыз?

640gold– Үлкен рахмет! Біріншіден, маған сенім білдірген компания басшылары мен қызметтес әріптестеріме ризашылығымды жеткізгім келеді. Маған бұл ұжымның жайы етене таныс. Осында жұмыс істегеніме 7 жылдан асты. Жалпы, таңдағаным осы бағыт болған соң, саладағы қандай да бір қызметті атқарудан тартынбас едім. – Ақбақай алтын өндіру фабрикасының биылғы өнімінің экономикалық үлесінің көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда қандай? Әлемдік дағдарыс кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па? Өндіріс орнына жергілікті тұрғындардан қанша адам жұмыс істеуде? – Өткен жылға қарағанда биыл 80-90 килограмм алтын артық өндіреміз деп жоспарлап отырмыз. Жұмысшылар санына келер болсақ, бүгінгі таңда «Алтын алмас» акционерлік қоғамы Ақбақай филиалында 1000-нан аса жұмысшысы бар. Соның ішінде 75 пайызы Мойынқұм ауданынан, ал Ақбақай ауылынан 222 адам қызмет етеді. – Соңғы жылдары өндіріс орны алтын, күміс өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бүгінгі таңда қанша кеніш жұмыс істеуде, алдағы уақытта іске қосылатын кеніштер бар ма? – Иә, өндіріс өркендеп келеді. Ақбақай кен өндірісіне үлкен қаржы жұмсалды. Қазір индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде көптеген ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, 2011 жылы іске қосылған жаңа үлгідегі алтын айыру (өңдеу) зауыты және кен өндірудің толық механикаландырылып, жаңа технологиялар енгізілді. Реті келгенде айта кетейін, кәсіпорында жаңа технологиямен жұмыс істейтін мамандар даярлау ісі де жолға қойылған. Ал кен орындарына келер болсақ, бүгінгі таңда Ақбақай филиалында нақты «Ақбақай», «Бескемпір», «Карьер» және «Ақсақал» кеніштері жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта олардың санын көбейту жоспарда бар. Болашақта «Кенжем», «Жарық» жане «Жұмбақ» кеніштері іске қосылмақ. Елбасының жаңа Жолдауында айтылғандай, 2016 жылы бізді үлкен белестер күтіп тұр. Еңбек өнімділігіне қол жеткізу және қандайда бір жағдайларға қарамастан, жұмыс орнын сақтап қалу – басты міндетіміз. Сондықтан біз кеніштер санын көбейтіп, ел экономикасына қосатын үлесімізді молайта білсек, дағдарыс артта қалып, Елбасы айтқан мақсаттарға тезірек қол жеткізуге болады деп ойлаймын. – Орайы келгенде Жолдау жүктеген міндеттерге тоқтала кетсеңіз... – Президент «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында 2016 жылдан бастап «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары шеңберінде қабылданған жаңа заңдар жұмыс істей бастайтынын айтты. Өздеріңізге белгілі, бес институционалдық реформаның үшінші бағытында жер қойнауларын пайдалану саласының мөлдірлігі мен болжамдылығын арттыру көзделген. Сондықтан, біздің жұмыс жоспарымыз осы бағытқа сай құрылатын болады. – Алтын өндіру оңай емес. Айына қанша алтын өндіресіздер? – Биыл орташа айлық көрсеткішіміз 100 килограмм болды. Келесі жылы бұл көрсеткішті 120 килограмнан асырып, 140-қа дейін жеткіземіз деген жоспарымыз бар. – Қазақ жерінің қойнауы пайдалы қазбаларға толы. Дегенмен, Ақбақай алтыны таусылуы мүмкін бе? – Таусылмайтын нәрсе болмайды, дегенмен шамамен айтар болсақ, 15-20 жылға дейін Ақбақай алтыны таусыла қоймас. Міне, сондықтан да біз Елбасымыз айтқандай, жаңа технологияларды игеріп, инновацияны дамытуға тиіспіз. Мысалы, Оңтүстік Африка Республикасы кезінде Қазақстан тәрізді шикізат өндіретін мемлекет болған. Бірақ, олар дер кезінде өз шикізатының, яғни кен байлықтарының шексіз емес екенін түсінді. Осы салада инновациялық, ғылыми-техникалық жаңалықтар ашып, көптеген технологиялар мен жабдықтарды өндіріп, әлемдік нарыққа шығаруда. Осы жетістіктерінің нәтижесінде Оңтүстік Африка шикізатқа тәуелділіктен арылды, бүгінде дамыған елдердің қатарына қосылуда. Бұдан түйгенім, қазақ елі де осындай бағытты ұстануы керек. Ерінбей еңбек етсек, шикізатқа тәуелділіктен арылып, дамыған 30 елдердің қатарына қосылатынымыз анық. Елбасының жаңа Жолдауындағы жаңғырту идеяларының құндылығы осында. Президент дамудың нақты бағдарын белгілеп берді, Жолдауда еліміздің жаңғыруына, өсіп-өркендеуіне негіз болатын салмақты тұжырымдар айтылды. – Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға толағай табыс пен сәттілік тілейміз!

Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.