Бірлігі – берекелі, тірлігі – тиянақты
Бірлігі – берекелі, тірлігі – тиянақты
Ерқанат МАНЖУОВ, облыс әкімінің орынбасары.
Елбасымыз Н.Назарбаев ұсынған бес институттық реформа қоғамда үлкен серпіліс туғызды. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары құжаты заман талабына сай биік белестерге құлаш сермеуге мүмкіндік береді. Елбасы атап көрсеткен 100 нақты қадамның облыстың саяси әлеуметтік өмірінің жандануына, өңірде мекен етіп жатқан ұлт пен ұлыстың арасындағы ынтымақ пен бірліктің арта беруіне, экономиканың жаңа белестерге көтеріліп, ел экономикасының дамуына зор үлес қосуына игі әсерін тигізері сөзсіз. Қазақстан Президенті бұл реформалардың мемлекетіміздің нығайып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуына қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті. Бұл «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға бастар жол. Мұндай ауқымды реформаларды жүзеге асыру тек білікті билік пен жасампаз халықтың біріккен күшінің ғана қолынан келеді. Елдігіміздің еселі болуында осыдан 20 жыл бұрын қабылданып, мемлекетіміздің тұрақтылық нышанына айналған Қазақстан Республикасының Конституциясының алар орны ерекше. Еліміздің негізгі Заңы қоғамның қарқынды дамуы мен әлемдік жүйенің толассыз өзгерістеріне төтеп берумен қатар, жас мемлекетіміздің нығаюына кеңінен жол ашты. Көптеген ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, елдігіміздің нығаюына үлкен үлес қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы облысымыз татулықтың бесігі екендігін тағы бір паш етті. «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» атты акцияның бастау алуына байланысты облыс орталығында және барлық елді мекендерде бір мезгілде іс-шаралар өтті. Бұдан бөлек Баласағұн орталық концерт залы мен «Тараз-Арена» спорт сарайында әртүрлі мерекелік іс-шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Осынау мерекелік іс-шараға 102 мың тұрғын тартылды. «20 жылдыққа – 20 қайырымды іс» атты жобаның аясында 5 қайырымдылық акциясы өткізіліп, жоқ-жетімді және көпбалалы отбасыларға 650 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Этномәдени бірлестік өкілдерінің қолдауымен Сарымолдаев атындағы балалар үйінде қайырымдылық акциясы және облысымызда тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған аула ойындары өткізілді. Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында облысымызда «Бейбітшілік және келісім керуені» атты жоба сәтті іске асты. Керуен барлық аудандарда болып, «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттап, ұлт пен ұлыстың бай мәдениетін ұлықтады. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі облысымызда кеңінен аталып өтілді. Облыста Отан үшін от кешкен жауынгерлерге арналған 198 ескерткіш бар. Жеңістің 70 жылдығына орай 20-дан аса жаңа ескерткіш бой көтерді. Тараздағы «Мәңгілік алау» ескерткішін қайта жөндеуден өткізіп, мемориалды кешенге айналдырдық. Мерейтой аясында арамызда тірі жүрген соғыс ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетілді. Майдангердің жесірлері де қамқорлыққа бөленді. Тыл ардагерлеріне де тиісінше көмек көрсетілді. Биылғы жылы ел өміріндегі ең елеулі оқиға Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Жамбыл жерінде, Тараз төрінде өткендігін біз мақтаныш тұтамыз. Хандықтың мерекесі – халықтың берекесі екендігі той барысында тағы бір тәнті етті. Тараз төрінде тойланған Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесінің мақсаты – төл тарихымызды тереңінен танып, ақылман хандары бар, жол бастар ерлері бар, терезесі өзге жұртпен тең болған Қазақ халқының мәдениеті мен салтын, батыр бабаларымыздың ерлік істерін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру болғаны анық. Той сол мүдделердің үдесінен шықты. Ел өміріне ерекше серпіліс берген дүбірлі той іргетасын Жәнібек пен Керей қалаған қазақ хандарының ел басқарудағы ерен еңбегі мен тұлғасын ашып, Елбасымыз бен мемлекетіміздің бүгінгі саясатын, еліміздің қол жеткізген толағай табыстарын паш етті. Тараз төрінде өткен тойда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Жамбыл облысы жақсы дамып келеді. Биыл 170 мың шаршы метр баспана салынды. Жыл басынан 7 мектеп, 3 балабақша, аурухана пайдалануға берілді. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында 33 нысан іске қосылды, екінші өнеркәсіп бесжылдықта 27 нысанды іске қосып, 6 мың жұмыс орнын ашу қарастырылған. Тараз қаласының іргесінен халықаралық көлік дәлізі өтіп жатыр. Бұл күре жолдың облыс орталығының тыныс-тіршілігіне тың серпін беретіні анық. Алдағы уақытта Жамбыл облысы талай биік белестерге қол жеткізетініне сенімім мол. Жамбыл облысы – менің ең жақсы көретін өңірім. Тарих туралы сөз бола қалса, көне Таразды айтпай кету мүмкін емес. Өңірде талантты жастар өсіп келеді. Көп шаруалар істелді», – деп ағынан жарылуы жамбылдықтардың төбесін көкке жеткізгендей болды. Иә, мерекеге орай Тараз қаласының да келбеті жаңарды. Бұған барлық облыс атсалысты. Соның нәтижесінде той дүркіреп өтті. Оған шетелдерден, еліміздің барлық өңірінен келген қонақтардың жүрекжарды лебіздері куә. Қарап отырсақ, адам баласының бақытты болуының оннан тоғызы денсаулығына байланысты екен. Соңғы жылдары Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп, бірқатар медицина мекемелері жаңа ғимараттарға көшті. Бір Тараз қаласының өзінде 200 орындық облыстық балалар ауруханасы, 200 орындық қалалық балалар ауруханасы, «Химпоселек» аумағында 500 орындық қалалық емхана, облыстық қан орталығы, қазір 300 төсектік көпсалалы аурухана құрылысы жүріп жатқаны осы сөзіміздің дәлелі. Ал аудандарға келетін болсақ, Шу ауданында 150 орындық орталық аудандық аурухана, Меркі, Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында және Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында әрқайсысы 250 адамға арналған емхана құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қашанда ана мен бала денсаулығының жағдайы – қоғамның әл-ауқатының көрсеткіші. Жамбыл өңірінде жылына он мыңға жуық сәби дүние есігін ашады. Жақында облыстық перинаталдық орталық Тараз қаласының төрінен орын тепкен жаңа ғимаратқа ие болды. 4 гектар аумақты алып жатқан, 200 төсектік орталықтың ашылуы өңірде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асып жатқанының бір белгісі. Сондай-ақ, 2014 жылы 121 жас маман облысқа келіп, жұмыспен қамтамасыз етілсе, оның 89-ы ауылдық жерге келген. 2015 жылдың 10 айында 75, оның 49-ы ауылдық жерге қоныс тепті. Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде облыста кадр тапшылығы 2014 жылы 176-дан 108-ге төмендеді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Білім – бақтың жібермейтін қазығы» деген еді. Олай болса, білімді, әрі бақытты жастарды тәрбиелеу – бүгінгі ұстаз атқарып отырған ұлағатты іс. Білім саласы қашанда басымдыққа ие. Әлемдік дағдарысқа қарсы шаралар жүргізілгеніне қарамастан, білім саласын қаржыландыру көлемі өткен жылға қарағанда қысқармай, биылғы жылы да осы салаға бөлінген қаржы 75 млрд. теңгені құрады. Облыста білім нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы осы мақсатқа 10,2 млрд. теңге бөлінсе, биылғы жылы 7,4 млрд. теңге бөлініп 24 білім нысанының құрылысы жүрді. Оның ішінде 9 мектеп пен 4 балабақшаның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға қабылданды. Қалған 11 білім нысанының құрылысы 2016 жылы аяқталмақ. Биылғы оқу жылында облыстың 449 мектебінде 199231 оқушы білім алуда, оның ішінде 24993 оқушы 1-ші сыныпқа қабылданды. Шәкірттердің зияткерлік және рухани дамуының бірден-бір қайнар көзі оқулық екендігі даусыз. 2015 жылы оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес 4, 5, 6 және 11 сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендеріне тапсырыс беріліп, осы мақсатқа 918 млн. 683 мың теңге бөлінді. Жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен толық қамтылды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» дейді халық даналығы. «Тәрбиесіз берілген білім – ол адамзаттың қас жауы» деген екен әл-Фараби. Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Сондықтан, оқытылатын пәндер мен тәрбиелік жұмыстар оқушылардың патриоттық сезімдері мен азаматтық көзқарастарының қалыптасуына, көшбасшылық қасиеттерін жетілдіруге бағытталуы тиіс. Cпорт – ел мен елді байланыстырып, жақын қылатын, барыс-келісті дамытып, дос қылатын үлкен күш. Жүзден жүйрік шыққан мықтыны бәрі мойындайды, құрмет тұтады, бәрі басын иеді. Жамбыл облысында спорттың бай тәжірибесі мен жақсы дәстүрлері қалыптасқан. Облыстың атын төрткүл дүниеге танытқан даңқты С.Қонақбаев, Ж.Үшкемпіров, Е.Ыбрайымов, Б.Жұмаділов, И.Байрамуков, Е.Яровенко, А.Мұсабеков, А.Таңатаров, Б.Ыстыбаев сынды жампоз спортшылар шыққан өлкелі өңір. Бұл дәстүр өз жалғасын тауып келеді. Ал енді соңғы жылдары облыста бұқаралық спорттың өркендеуіне үлкен мән беріліп келеді. Бүгінде спорт жас Қазақ мемлекетін дамыту мен оның ұлттық әлеуетін арттырудың темірқазығына, денсаулық кепіліне айналды. Облыста спорт саласын қаржыландыру жыл санап өсіп келеді. Бір ғана мысал, 2011 жылы өңір спортын дамытуға 4,47 млрд. теңге бөлінсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 7,32 млрд. теңгеге жетті. Соңғы жылдары аудандар мен Тараз қаласында спорт нысандарының материалдық-техникалық базасы нығайып, қолжетімділігі айтарлықтай өсті. Міне, тарихымыздың алтын діңгегі – Тараз қаласы биылғы жылды осындай берекелі бірлігімен, тиянақты тірлігімен аяқтағалы отыр. Алдағы уақытта біз барымыз бен бағымызды бағалай білсек, шығар биігіміздің мұнан да зор болатыны айдан анық.
Тараз.
(«Егемен Қазақстан», 11 желтоқсан, 2015 жыл).