Саясат

Рухы мықты ел барлық қиындықты жеңеді

Рухы мықты ел барлық қиындықты жеңеді

Қайрат ӘБДІҚҰЛОВ, облыстық көз орталығының бас дәрігері.

Елбасымыз айтқандай, Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағы бой көтерді. Олардың барлығы ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталды. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Соңғы жылдарда әлеуметтік нысандардың толықтай дерлік жаңарғаны рас. Бір ғана біздің өңірімізде 60-тан аса медициналық мекемелер салынып, пайдалануға берілді. Соның арқасында денсаулық сақтау саласы жедел дами бастады. Біздің облыстық көз орталығында арнайы «Глаукома кабинеті» жұмыс істейді. Ай сайын глаукомаға шалдыққан науқастарға арналған «Глаукома мектебі» өткізіледі. Биыл глаукома ауруымен 1123 адам клиникалық – диагностикалық бөлімде тексеруден өтіп, соның ішінде, күндізгі бөлімге – 65, ал тәуліктік бөлімге 121 науқас жатқызылды. Қалған емделушілер диагностикалық бөлімде зерттеулерден өтіп, яғни көзішілік қысымды төмендетін дәрілік заттар тағайындалып, диспансерлік есепке алынды. Ота жасау бөлімінде көзішілік қысымды төмендетуге бағытталған, антигипотензивтік мақсатпен оталар жасалды. Біздің елімізде антиглаукомалық қызмет жұмыс атқарады. Басты мақсат – глаукоманы ерте сатысында анықтау және дер кезінде шара қолдану. Арнайы қабылданған бағдарламада көрсетілгендей Қазақстан Республикасының әрбір көз орталықтарында глаукомалық кабинеттің болуы және қажетті құралдармен жабдықталуы тиіс. Антиглаукомалық қызмет ұйымының ұсынған стратегиясы бойынша облыстық көз орталығында Ашық есік күні өткізіледі. Барлық емханаларда скрининг жүргізіледі, яғни барлық адамдардың көзішілік қысымы өлшенеді. Көзішілік қысымы жоғары болған тұрғындарға облыстық көз орталығына медициналық көмек алуға, глаукоманы диагностикалауға көз дәрігеріне жолдама беріледі. Облысымызда жыл сайын 40-70 жас аралығында 100 мыңнан аса облыс тұрғындары скринингтік тексерілуден өтеді. Скрининг нәтижесі глаукомаға шалдыққандар 0,08-0,09 пайызды құрайтынын көрсетті. Әрине, әр адамның денсаулығы өз қолында. Бірақ мемлекет тұрғындар денсаулығын сақтауға барлық мүмкіндікті жасап отыр. Жаңа жылдан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға өсетіні де көңілге қуаныш сыйлайды. Елбасы айтқандай рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым ел барлық қиындықты жеңетіні анық.