Заңдылықтың сақталуы – еңбек өнімділігінің кепілі
Заңдылықтың сақталуы – еңбек өнімділігінің кепілі
Дина КЕРІМБЕК, мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағы облыстық филиалының заңгері.
Қайсыбір өндіріс орны, мекеме, ұйым болсын, ондағы еңбек қатынастарының заң аясында реттелуі, еңбек өнімділігінің тұрақты түрде артуына ықпал ететіндігі анық. Нақ сондықтан да еліміздің қолданыстағы еңбек туралы заңнамасы ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ ұдайы жетілдірілумен келеді. Бұл үрдіс Мемлекет басшысының Қазақстанды өркендету жолындағы бес халықтық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындау үдерісінде де көрініс табуда. Соның бір нақты мысалы ретінде, Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ағымдағы жылғы қараша айының 28-і күні осынау кешенді бағдарламаны іске асыру шеңберінде өз тапсырмасымен әзірленген Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің жаңа редакциясын бекіткендігін айтсақ та жеткілікті. Әрі ашығын айту керек, еліміздің жаңа Еңбек кодексі экономикадағы орныққан өзгерістерге, жаңа қаржы жүйесінің бекітілгендігіне, жұмыс беруші мен жалданып еңбек етушілердің арасында жаңа еңбек қатынастарының туындауына байланысты қабылданып отыр. Енді бір айға жетер-жетпес уақыт аралығында күшіне енетін республикамыздың жаңа еңбек заңнамасының құқықтық базамыздан өз орнын алып, жұмыс істеуі, баршамыздың іске жауапкершілікпен жұмылуымызды қажет ететіндігі әркімге де белгілі. Жаңа Еңбек кодексіне сәйкес, бұдан былайғы кезеңде еңбек қатынастары субъектілері өздерінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарының, заңмен қорғалатын мүдделерінің сақталуын талап етіп, сот орындарына шағымданудан бұрын, ең алдымен, ұжымдағы еңбек дауларын реттейтін келісім комиссиясына жүгінуіне тура келетін болады. Бұл ретте келісім комиссияларының жеке және еңбек дауларын қарау тәртібі тек еңбек заңнамасы негізінде ғана реттелетінін, ал соттарда мәселе Азаматтық іс жүргізу кодексінің негізінде қаралатынын ескеру қажет. Сондай-ақ, жаңа Еңбек кодексіне Бас келісімді барлық деңгейдегі атқарушы билік органдарының, жұмыс берушілердің, қызметкерлердің және олардың өкілдерінің орындауына жататындығы туралы өзгерістер енгізілген. Келісімдердің және ұжымдық шарттардың орындалу міндеттілігі әлеуметтік әріптестікте кәсіптік одақтардың рөлін күшейтеді, барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік мүдделерін алға қою мүмкіндіктерін кеңейтеді. Жұртшылыққа мәлім, үстіміздегі жылдың 30 қарашасында Республика Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстанды өркендету жолындағы бес халықтық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың бағдарларын айқындаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда; өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын республика халқына арнады. Аталған тарихи құжаттан туындайтын міндеттердің орындалуында еліміздегі өндіріс нысандарының, мекемелер мен ұйымдардың ұжымдарындағы еңбек қатынастарын реттеуде негізгі маңызға ие екенін жаңа Еңбек кодексі қағидаттарының сақталуы да үлкен рөл маңызға ие екені талассыз.