Әдебиет

Шіркін, ауылдың адамдары-ай!

Шіркін, ауылдың адамдары-ай!

(Қаламгердің қойын дәптерінен)

Алтын қор

Беделді адамдар – алтын қор. Мұны ақылды басшылар жақсы білген. Айтбай Назарбеков сондай басшы болған. Мойынқұм ауданын ұзақ жылдар табысты басқарған бұл адам жөнінде айтылар әңгіме көп. Айтбай Назарбеков мыжырайған жатаған үйлі Фурманов ауылын 70-80-жылдары сол заманғы әсем кентке айналдырған. Айтекеңе бұл істе дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев өлшеусіз көмек көрсеткен. Құрылыс, жол салатын болсын, басқа да игілікті іс бастамақ болсын, Айтекең Жазекеңді машинасына отырғызып алып, Алматыға тартады екен. Содан ағызып отырып, ақсақалды Димаш інісінің қабылдау бөлмесіне алып келіп, айтады екен: – Ал, Жазеке, Димаш ініңізден емхана салатын қаржы сұраңыз. Жазекең бірінші хатшының кабинетіне кіреді. Димекең Жазекеңді ілтипатпен қарсы алады, бұйымтайын сұрайды. – Әй, Қонай, – дейді Жазекең жарықтық, – Порманопкаға емхана керек. Бер. Димаш Ахметұлы береді. Фурмановкада қандай да бір күрделі құрылыс салуды ойға алған екен, Айтекең Жазекеңді алға салатын болған. Соның бірде-біреуінде Димаш Ахметұлы қабақ шытып көрмепті. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осындай-ақ болар!

Еркек – әйелдің пірі

Әйел – ерін шексіз сыйлаған, беттен алу, қарсы тұру атымен болмаған. Әйел өзін еркектен аласа ұстаған, алдынан кесіп өтпеген. Осынысымен әйел еркектің сыйластығын туғызған. Ауыл көшесінің басынан түскен ақсақалды алдын кеспей, күтіп тұрып, сәлем жасап, ілгері оздырып жіберетін әйелді өзіміздің көзіміз көрді. Қария: «Көп жаса, қарағым!» – деп бата беріп өтетін. Ақсақалдың көңілі көркейіп, келіннің мерейі өсіп калатын. Қазір өзіміз қария болдық. Келіндер, көшені айтамыз, есіктен бұрын өтуімізге мұрсат бермей, тайраңдап алдымызды орайды. Оларға бірдеңе деп ренжімек түгілі, ала көзіңізбен қарасаңыз, пәлеге қаласыз. Ой-өрісі «Артта қалған, мәдениетсіз», – деп өзіңізді күстаналайды. Онысы – Еуропа халықтарынан үйренген үлгісі. Оларда – еркек әйелге жол береді, бізде – әйел еркектің алдын кесіп өтпейді. Әйелді біздің қазақтай қастерлейтін халық кемде-кем. Ерлі-зайыптылар, яки қыз бен жігіт атқа мінгесуге мәжбүр болса, ұрғашы алға, ерге, еркек артқа, бөктергіге отырады. Осында, аңдап қарағанға, әйел затын сыйлаудың теңдессіз тәлімі бар. Ал енді жаңағы әйелге есіктен бұрын өтуге жол беретін халықтардың еркектері әйелдерін аттың артына екі аяғын салақтатып мінгестіріп алады. Әйелді қорлаудың, зәбір көрсетудің бұдан артық көрінісі бола қоймас. Қазақ ат артына отырғызуды жарына емес, жауына жасаған. Меніңше, біздің атқа мінетін ер жігіттеріміз жарын, жалпы, әйел затын алдына отырғызудан танған емес. Ал, әйелдеріміздің еркектің алдын орап тайраңдауын үдетпесе, кемітетін түрі жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы кезімде кабинетіме қадірменді ақсақал Жапар аға Түйебеков келді. – Әлдихан, осы қазір кіріп келе жатсам, бірінші қабатта бір әйел күтіп тұрып жол беріп, сәлем жасап өткізіп жіберді. Ол кім? – деп сұрады. Көпті көрген ағаның үнінде ризалықпен қоса таңданыс бар еді. Қазақы дәстүрді ұстанған әйел таңдандырған ағамызды. Ойланып қалдым: Кім болды екен? «Ақ жолда» ондай әйел жоқ, бәрі – осы заман мәуесі. Бірінші қабаттағы облыстық радио кеңсесінде ондай екі әйел бар: Нұржамал мен Несіпкүл. Екеуі әрі өтіп, бері өткенде маған да жол беретін. – Ол – Нұржамал деген қызыңыз. Өзіңіз Шуда аупарткомның бірінші хатшысы болғанда Ленин атындағы ұжымшардың төрағасы болған Жұмағұловтың келіні. Қара жер қозғалса, қозғалмайтын Жапар аға: – Апырай-а, – деді де қойды. Ағаның «апыр-айында» үлкен астар бар еді. Жұмағұлов қоғам мүлкіне қол салып, сотталып кеткен. Пәленің бір ұштығы оның әйеліне барып тірелген тәрізді болатын. Сондай отбасынан, енеден тәлім алған Нұржамал қалайша инабатты бола қалды? Жапар ағаны таңдандырғаны – осы. – Аға, бұл – бізге емшектен біткен қасиет, сүйекпен кетеді. Жастар жағы ұстанбаса, ол – заманның зауалы. Көрдіңіз бе, түйсігі бар әйелдер орала бастады инабаттылығымызға. Көн тартса, қалыбына, қалпына келеді. – Көп уақыт керек. Қысқа да нұсқа сөйлейтін Жапар ағаның сөзі рас еді. Көп уақыт керек. Мың өліп, мың тірілген менің халқым небір жоғалды деген ата салтымыз бен дәстүрімізге қайта оралып жатыр емес пе? Әйелдің күйеуін, жалпы, ер адамды өзінен жолы үлкен деп сыйлайтын жақсы дәстүріміз сөйтер, жалғасын табар. Сенгің келеді.

Қала мен ауыл айырмашылығы

Коммунистік партия қала мен ауылдың айырмашылығын жоямыз деп қаншама зарлады, бәрін істеді, бірақ ештеңе шығара алмай кетті. Енді де ондай ұран көтергендер табыла қалса, мұныңыз ақымақтық дегеннен басқа айтарымыз болмаса керек. Оған тегі бір үлкен де түбегейлі мәселелерді алға тартпай-ақ, өмірдің өзінен кішкентай мысал келтірсем де жеткілікті. Қазір – көктемнің күні. Арагідік жаңбыр жауып тұр. Күн көзін кішкентай бұлт басқанда қалалық бір әйелдің: – Тағы да! – деп қиналғанын естіп қалдым. Сондағысы, жаңбыр жауса, жақсы киімін кие алмайды екен. Сонда сонау бала кезімде әкем айтқан бір сөз есіме түсті. Мен онда Шоқпар бетінде алтыншы сыныпта оқитынмын. Әкем 1 Мамыр мерекесі қарсаңында атқа мінгестіріп, Кербұлақтағы ауылымызға алып келді. 1-2 мамыр күндері аспаннан шелектеп жаңбыр құйып тұрды. Әкем онда қорықшы еді. Жаңбыр басылған күннің ертеңіне әкем Кербұлақтың басын аралап қайтты. Шай үстінде ол кісі: – Құдайдың нұры-ай! Кешегі жаңбырдан шөп, егін бір қарыс өсіпті! – деп таңданып, рахат күй кешіп отырды. Міне, осы екі мысал-ақ қала мен даланың айырмашылығының еш уақытта жойылмайтынын көрсетеді. Қаланың тікбақайларына береке – жаңбыр жауғанынан жақсы киімдерін кигені артық. Ауыл адамына Құдайдың нұры – жаңбыр жауып, шөп, егін бір қарыс өссе, қуаныш.