СОҚПАҚБАЕВ СОҚПАҒЫНА АДАЛ ЖАЗУШЫ
СОҚПАҚБАЕВ СОҚПАҒЫНА АДАЛ ЖАЗУШЫ
немесе Дос кетті мұрасын елге қалдырып...
Талантты жазушы әрі белгілі журналист Әлдихан Қалдыбаевтың дүниеден озғанына да қырық күн болып қалыпты. Ол қаламы үшкір, ойы ұшқыр жан еді. Менің қадірлейтін, сүйсініп араласатын досым еді. Ол момын, адам баласына жамандық жасамайтын адал азамат болатын. Әлдиханмен алғашқы таныстығымыз Алматыдағы университеттің (КазГУ) кіреберіс баспалдағында басталып еді. Ол Шудың бір топ жігіттері – Қарауылбек Қазиев, Болат Бодаубаев, Әбдімомын Желдібаев, қыздардан Жібек Елемесовалармен бірге жүретін. Мен Жамбыл қаласы төңірегіндегі ауылдардан келген абитуриенттермен бірге болатынмын. Алғаш осылай араластық. Сөйтіп таныстығымыз үлкен достыққа айналды.
КазГУ-дың филология факультетіне оқуға түсіп, дәріс ала бастадық. Университет қабырғасында Мұхтар Әуезов, Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабдолов, Бейсенбай Кенжебаев, Ісмет Кеңесбаев сияқты сол кездегі жазушы, ғалымдар мен тіл мамандарынан дәріс алып, білім нәрімен сусындадық. Оқып жүріп Әлдихан екеуміздің аудиторияға емес, «басқа жаққа» кетіп қалатын кездеріміз де болатын. «Басқа жаққа» кеттік деп отырғаным, редакцияларға баратынбыз. Яғни, Әлдихан екеуміз жазғандарымызды бүктеп, қойынға тығып алып «Балдырған», «Қазақстан пионері» редакцияларына барып көрсететінбіз. Журналистер бағыт-бағдар беретін. Менің «Таласым» деген өлеңім «Лениншіл жас», Әлдиханның «Көк дөңгелек» атты әңгімесі «Балдырған» журналына шыққан кезең – сол кездер.
Әлдиханның «Көк дөңгелек» әңгімесі жыл қорытындысы бойынша сыйлық алды. Содан бастап Әлдиханның жазған әңгімелері қай газетке, қандай журналға шықса да сыйлық алып тұрды. Әлдиханды курстастары, оқыған қауым: «Балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың шәкірті», – дейтін. Бұл ойды бәріміз де айттық. Өйткені, оның шығармалары тілге жеңіл, уақиғалы болып келетін. Әлдиханның кітаптары жиі-жиі шығып, кішкентай оқушыларын көп күттірмей қуантып тұратын. Оның «Шаншар атай» (1979 ж.), одан бұрын шыққан «Қос тентек» (1964 ж.), «Су тасушы Әшірбек» (1969 ж.), «Байнаш солдат» (1969 ж.) кітаптары жарыққа шығысымен көлікке міне салып біздің үйге қарай тартатын. Мысалға, «Автобус аялдамасы» кітабына жазған автографы: «Жора – ағаға, Бағдагүл – жеңгеге. Біздер бір адамбыз. Жанымыз да, тәніміз де бір. Екеуіңнен асқан адам жоқ бізге (Бануды қосып айтып отыр). Сүйдім, қолы, 13-01-91; «Мишка – менің досым» кітабында: «Жөке! Бағда! Сенен асқан дос жоқ, сенен асқан мен үшін адам жоқ. Әлдекең, май 1971 ж.; «Су тасушы Әшірбек» (1969 ж.): – «Жөкеңе – досыма, Жақсылыққа – балама, Жанарға – қызыма, Бағдагүлге – жеңешеме нағыз құрметпен» Әлдихан, 19-07-09; «Менің ағам – солдат» (1980 ж.) – «Жансерік! Мінген тайың болсын! Автор - ағаң, қолы, 30-11-80 ж. Жамбыл» деп жалғаса береді. Әлдекеңнің алдында мен де қарыздар болып қалған жоқпын. Ол кезде мектептерде басшылық қызметтерде жүрдім. Жамбыл аудандық білім бөлімінің меңгерушісі де болдым. Әлдекеңді шақырып, мектеп оқушыларымен кездесу жиындарында әдеби әңгіме-дүкен құруға ұйытқы болдым. Жамбыл ауданындағы «Жасөркен» орта мектебі мен бөлімшесіндегі орталау, Асадағы Гагарин атындағы орталау мектебі мен басқа да мектептерде жазушының кездесулерін өткіздік. Оқушылар Әлдиханның «Шаншар атай», «Көк дөңгелек», «Су тасушы Әшірбек» сияқты тағы басқа да шығармаларын сахналап, кейіпкерлерінің монологтарын оқып, кездесу тағылымы ұмытылмастай болып өтетін. Кейінгі жылдары Әлдекеңнің «Ата» деп аталатын таңдамалысы, «Мен апамның баласымын» атты романы және «Көңіл көмбесі» атты жинағы жарық көрді. Төрт томдық шығармалар жинағын да оқыдық. Жазушының бірқатар шығармалары шетел тілдеріне аударылып, біразы театр сахналарында қойылды. Әлдекең қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол еңбектері бағаланбай қалған жоқ. Ол «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты болды. Оның есімі қазақ әдебиеті тарихында, оқырман қауымның жүрегінде, дос-жарандарының есінде мәңгі сақталарына мен сенімдімін.
Жорабай Молдақұлов, еңбек ардагері, ҚР Білім беру ісінің үздігі.