Әлеумет

Мәдениет - тіл тазалығынан басталады

Мәдениет - тіл тазалығынан басталады

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы мен Қазақстан Журналистер одағы қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы бірлесе отырып «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл нормалары» атты облыстық семинар өткізді. 

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің мәжіліс залында өткен семинар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Марат Әзілхановтың телеарна тілшілерінің, журналистердің және жүргізушілердің тіл мәдениетін жетілдіру үшін курстар ұйымдастыруды жолға қою, сөздердің айтылу нормалары (орфоэпиялық) мен жазылу нормаларына (орфографиялық) мән беруін қадағалау тапсырмасын жүзеге асыру мақсатына негізделді. Семинарды басқарма басшысы Ғалия Боранбаева ашып, жүргізіп отырды. Семинардың маңыздылығына жан-жақты тоқталған Ғалия Бектенқызы жиын тақырыбына орай баяндамашыларға кезек берді. Алғашқы болып сөз алған «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл мәдениеті» тақырыбында ой қаузады. Жуырда ғана Елбасының БҰҰ-ның басқосуында қазақша сөйлеп, ана тілінің беделін әлем алдында асқақтата түскенін ұлтымыздың мәртебесі екенін тебірене жеткізген Мейрамбек Мылтықбайұлы әуелі қазақ тілінің бай әрі ырғақты тіл екеніне тоқталды. Алайда, қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл мәдениеті мұқият сақталмайтынына қынжылыс танытқан ол біршама келеңсіздіктерді алға тартты. Оның айтуынша, әсіресе, жас журналистер тіл тазалығына, сөздерді дұрыс қолдану мәселесіне бейжай қарайды. – «Саламатты өмір салты» деген тіркесте «салауатты» сөзі саламаттың орнына қолданылғаны – үлкен қателік. «Салауат» ол өткен шаққа айтылады, – деген ол, сондай-ақ «салдары», «етек алды» деген сөздер кемшілікті көрсеткен кезде қолданылатынын, ал «нәтижесі», «қанат жайды» деген сөздер жағымды жағдайды бейнелейтінін нақты мысалдармен тілге тиек етті. –  Соңғы кездері «туды» дегеннің орнына «туылған» деуді де шығардық. Адам анадан туады, туылмайды. «Бір анадан туған ағалы-інілі» дейтініміз де сол, – деді Мейрамбек Төлепберген. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда кейбір басқармалар мен мекемелердің баспасөз хатшыларының сауатсыздығын сынға алып, болашақ журналистерді тіл мәдениетін сақтауы үшін үнемі ізденісте жүріп, көркем әдебиет қайнарынан тереңірек сусындауға шақырды. Бұдан соң облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Көсемәлі Сәттібайұлы «Бұқаралық ақпарат құралдарының тіл нормалары» тақырыбында сөз қозғады. Семинардың болашақ тіл мамандары мен жас журналистерге берер тәлімі мол екеніне, олардың аға буынның тәжірибесінен үйренуі керек екенін айтқан К.Сәттібайұлы жас қалам иелерінің тілдік нормаларды сақтаудағы кемшін тұстарына тоқталды. Ол өз баяндамасында басылымдарға шолу жасай отырып, ондағы кейбір тілшілердің тұрақты сөз тіркестерін орынсыз қолданып жүргендігін жасырмады. Мысалы, «Бел шешіп іске кірісті», «Айдың жарығымен көз құртын тауысып кітап оқыды» деген сөйлем ішіндегі тұрақты тіркестер өз қызметін дұрыс атқарып тұрмағандығына назар аударды. Сондай-ақ, азіргі жаһандану заманында сайт тілдерінің «сақаулығы» мен ондағы аудармалардың жүйесіздігін сынға алды. Осыдан кейін «Бұқаралық ақпарат құралдарының тіл сауаттылығы» тақырыбында баяндама жасаған республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Оралхан Дәуіт қос сөздер мен біріккен сөздердің дұрыс жазылуы хақында ой қозғады. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Әзімхан Ыбырайымов, осы оқу орнының доценті Зиба Құламанова өз баяндамаларында тіл тазалығына көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Облыстық және аудандық (қала) бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығын зерделеу комиссиясының төрағасы Мақұлбек Рысдәулет, комиссия мүшесі филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ өздерінің зерделеу жұмыс­тарының қорытындысын баяндап, ой-ұсыныстарын ортаға салды. Семинар қызу пікірталас жағдайында қызықты өтті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.