Саясат

Үздік қызметкерлер

Үздік қызметкерлер

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен облыстық «Үздік жас мемлекеттік қызметші» байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру болып табылады. Мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігін арттыру және қолдау көрсету, беделі мен мәртебесін көтеру арқылы білікті қызметшіні анықтау. Байқауға жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері және орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінде қызмет атқаратын, жасы 30-ға дейінгі азаматтар қатысты. Арнайы құрылған комиссияның шешіміне сәйкес байқаудың бірінші кезеңінен (эссе жазу) өткен 15 жас мемлекеттік қызметші екінші және үшінші кезеңдерге қатысып, өз бақтарын сынады. Екінші кезең регламент бойынша «Таныстыру» және «Сұрақ-жауап» бөлімдерінен тұрды. Бұл айналымда қатысушы өзінің шығармашылық және жеке қабілетін көрсетті. Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарын, бағдарламалық құжаттарды, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын және т.б. нормативтік-құқықтық актілерді білу деңгейі бойынша берілген сұрақтарға жауап берді. Үшінші ақтық кезеңде байқауға қатысушылар мемлекеттік қызмет саласына қатысты жобаларын қорғады. Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының бас маманы Еркебұлан Есмаханов, 2-орынды Жуалы аудандық мәслихаттың бас маманы Мұстафа Бектұрғанов, 3-орынды Жамбыл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жансая Оспанова иеленді. Байқау қатысушылары мен жеңімпаздары дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Ақ жол-Ақпарат».