Ауылына қарап, әкімін таны
Ауылына қарап, әкімін таны
ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жылдағы дәстүр бойынша өңірдің барлық деңгейдегі әкімдерінің басын қосқан кезекті семинар-кеңес М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында өтті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашқан шараға Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік саясат және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің директоры Санат Тұңғышбеков, аталған министрліктің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты басқармасының басшысы Нұрлан Әбілқасымов, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және департамент басшылары мен аудан, қала, ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев жергілікті өзін-өзі басқаруға енгізіліп отырған жаңалықтарға, өңірде жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, әкімдердің еңбегіне баға берді. Атқарылған істердің ауқымды екенін айтқан ол бірқатар кемшіліктерді де тілге тиек етті. – Елбасы өзінің былтырғы Жолдауында біздер басшылыққа алып жұмыс істейтін негізгі жеті бағытты айқындап берді. Сонымен қатар, биыл Ассамблеяның 20 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қатар атап өткізілді. Осындай айтулы шараларға белсене ат салысып, оларды жоғары деңгейде өткізуге ат салысқандарыңыз үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Өздеріңізге белгілі Елбасы биыл 30 қарашада Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Алдымызға бірқатар ауқымды міндеттер қойылды. Осыған орай алдымызда отандық қаржы секторын тұрақтандыру, инфляция деңгейін төмендету, барлық бюджеттік бағдарламаларды қайта қарап, бюджеттік шығындарды ыңғайластыру, экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, мүлікті жария ету, инвестициялық ахуалды жақсартуды жүзеге асыру міндеттері тұр. Сондай-ақ, Елбасы 5 халықтық реформаны да жариялаған болатын. Оны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бекітілген. Аталған реформаның бір қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Осыған байланысты таяуда Мемлекеттік қызмет туралы жаңа Заң қабылданды. Сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заңнамаларға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Осыған орай, жергілікті әкімдіктердің өзіндік дербес есепшоттары қалыптастырылып, түсетін түсімдер тізбесі бекітілді. Дербес шоттағы қаражатты ауылдық округ әкімдері арнайы құрылған жергілікті қоғамдастықпен келісе отырып, мақсатты жұмсауы қажет. Сонымен қатар, ауылдық округте орналасқан коммуналдық меншіктің бір бөлігі де ауылдық әкімдердің басқаруына берілмек. Осылайша, ауылдық округ әкімдеріне мол мүмкіндік беріліп, оларға деген талап та күшейіп отырғанын түсіну керек.
– Ауылдық округ әкімдері жергілікті жерде мемлекеттік саясатты жүргізетін бірден-бір тұлға болып табылады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласындағы бірқатар бағдарламалардың жүзеге асырылуы тікелей Сіздерге байланысты, – деген өңір басшысы әкімдердің алдында тұрған нақты міндеттерді тізіп шықты. Мысалы, «Жол картасы» бағдарламасына сай әр ауылда кем дегенде бір жұмыс атқарылып, маусымдық болса да азаматтар жұмысқа тартылуы керек екенін айтты. Сондай-ақ, келесі жылдың басынан бастап іске кірісетін жаңа бағдарламалар мен қолданыстағы заңнамаларға енгізілген бірқатар өзгертулерді атап шықты. Ал жыл қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін кері тартып, тиісті еңбек жоспарын орындай алмаған әкімдердің жұмысына сын-ескертпе жасалды.
Өздеріне жүктелген міндет үдесінен шығып, ауылдық округтегі жұмыстарды жандандырған, сол арқылы ауыл халқының әлеуетін көтеріп, облыс экономикасы көрсеткішін көтеруге үлес қосқан ауылдық округ әкімдері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында әр ауданның бір-бір ауылдық округ әкімдері бар. Келесі кезекте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік саясат және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің директоры Санат Тұңғышбеков жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша заңнама нормаларын түсіндірді. Департамент басшыларына ауылдық округ әкімдері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Олардың негізгі бөлігі жыл соңында үнемделген және артылған қаржыны заңды түрде пайдалану тетіктері мен оны тиімді жұмсау көздеріне қатысты болды. Ал Мемлекеттік активтерді басқару саясаты басқармасының басшысы Нұрлан Әбілқасымов ауыл әкімдерінің коммуналдық мүлікті басқарудағы өкілеттіктері туралы баяндады. Семинар-кеңесте баяндама жасаған облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілда Рахманбердиев жергілікті атқарушы органдардағы орындаушылық тәртіп мәселелері туралы айтты және жергілікті қоғамдастықтың маңызына тоқталды. «Әкімдер есебін жыл сайын ұйымдастыру мәселесі де біз үшін зор маңызға ие. Ағымдағы жылы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, 2014 жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдер 43302 тұрғынның қатысуымен 378 есеп беру кездесуін өткізді. Жалпы, 1180 ұсыныс енгізілді. Соның нәтижесінде облыс, аудандар мен Тараз қаласында тиісті іс-шаралар жасалып, барлығы 228 мәселе бақылауға алынды. Бүгінде оның 142-сі өз шешімін тапқан. «Ауылдық округтердің қолма-қол есеп айырысу шоттарына трансферттерді қоса есептемегенде 2014-2015 жылдары (1 желтоқсанға) барлығы 13,4 миллион теңге қаржы түскен. Бүгінде Қаржы министрлігінің бұйрығы негізінде ауылдық округ бюджеттеріне негізгі 4 салық түрі бойынша ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап түсімдер түсуде. Олардан облыс бойынша 156 аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ және ауыл әкімдерінің бюджетіне 1 желтоқсанға барлығы 558 миллион теңге қаржы түскен. Бұл қаржылар да жергілікті қоғамдастықпен кеңесе отырып, тиімді жұмсалуы тиіс», – деген облыс әкімі аппаратының басшысы бірқатар кемшіліктерді де атап өтті. Ағымдағы жылы облыс әкімі аппараты бірқатар аудандарда орындаушылық тәртіп пен іс-қағаздардың жүргізілу барысына зерделеу жүргізген. Зерделеу жүргізілген мемлекеттік органдарда бірқатар кемшіліктер анықталды. Жергілікті атқарушы органдардың көрсететін қызмет түрлері жыл сайын артуда. Мысалы, 2014 жылы жергілікті атқарушы органдар 132 қызмет түрін көрсетсе, 2015 жылы 162 қызмет болды. Үстіміздегі жылғы 8-ші қыркүйекте «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне» өзгерістер енгізіліп, қызмет саны 171-ге жетті. 2015 жылғы 9 айда облыста жергілікті атқарушы органдармен 3 миллион қызмет көрсетілді, оның 96,7 пайызы мемлекеттік органда қағаз түрінде көрсетілген. Электронды түрде көрсетілген қызметтердің үлесі 2014 жылмен салыстырғанда біршама көбейгенімен, жалпы, көрсетілген қызметтердің тек 0,7 пайызын құрап отыр. ҚР «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңына сәйкес, рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап «е-лицензиялау» жүйесі тек электрондық нысанда ғана жүргізілуде. Үстіміздегі жылғы 9 айдағы мәліметтер ақпараттық жүйелердің дұрыс енгізілмегенін көрсетті. Яғни, есепті кезеңге «е-лицензия» жүйесіне енгізілуі тиіс ақпараттың тек 21 пайызы ғана енгізілген. Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев кәсіби мемлекеттік аппарат құру барысындағы заңнамаларды түсіндірді. Мұнан өзге семинар-кеңес барысында жергілікті өзін-өзі басқару мен жергілікті атқарушы органдардағы орындаушылық тәртіп мәселелері, 2015 жылдың 11 айы бойынша мемлекеттік бюджет жоспарының орындалу барысы, сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасын» іске асырудың кейбір мәселелері, өңірдегі жастар саясаты туралы баяндамалар әкімдер назарына ұсынылды.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Тараз.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.