Экономика

Беларусь елімен байланыста береке бар

Беларусь елімен байланыста береке бар

Ағымдағы жылдың қазан айында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация екіжақты экономикалық іскерлік байланысты нығайта түсу мақсатында Беларусь Республикасының Гродно облысына іссапармен барып қайтқан болатын. Бұл жөнінде газетіміздің өткен сандарының бірінде жариялағанбыз. 

Ал кеше Гродно облысынан келген қонақтарды жамбылдықтар қарсы алды. Он адамнан жасақталған делегация құрамында Гроднодағы жетекші кәсіпорын, өнеркәсіп басшылары, кәсіпкерлер, денсаулық сақтау, білім саласының өкілдері бар. Облыстық әкімдікте өткен ресми кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев келген қонақтарды облысымыздың әлеуетімен, халық саны, жерінің аумағы, ауа райына дейін жан-жақты таныстырды. 1 миллион 64 мың тұрғыны бар Гродно облысының Жамбыл өңірімен тек халық саны жағынан ғана емес, аграрлы облыс ретінде де ұқсастықтары көп екендігін айтып, жан-жақты тығыз байланыс орнатуға ниетті екендіктерін жеткізді. Өз кезегінде беларусьтық делегацияны бастап келген Лида аудандық атқарушы комитетінің төрағасы Михаил Карпович та Гродно ауданымен слайд арқылы толыққанды таныстырды. Михаил Карповичтің айтуынша, аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын Гродно облысында 139 ауыл шаруашылығы ұйымы, 346 фермерлік шаруашылық, 14 қайта өңдеу ұйымы бар. Химия өнеркәсібі, көлік құрастыру, құрылыс материалдары, ағаш өңдеу мен жиһаз, азық-түлік өндірісі жолға қойылған. Қант қызылшасын өндіру жылына – 2075,7, дәнді дақылдар – 1757 мың, картоп – 157,8 мың, көкөніс – 31,4 мың, зығыр талшығын өндіру 7,8 мың тоннаға жеткен. Үш жыл ішінде облысқа 7 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Ауыл шаруашылығы өркендеген осындай өңірмен облысымыздың сыртқы экономикалық байланысы өкінішке қарай, небәрі 2 пайызды ғана құрайды екен. Салыстыру үшін мысал келтірер болсақ, аталмыш облыс Ресеймен – 45, Қытаймен – 5,4, Польшамен – 8,2, Германиямен сыртқы экономикалық байланысы 5 пайызды құрап отыр. Сөзінің соңында комитет төрағасы екіжақты байланыстың беки түсуіне беларусьтықтар да ынталы екендігін айтып, Гродно облысының губернаторы Владимир Кравцовтың қолы қойылған келісім құжатын облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевке тапсырды. Бірер күнге созылатын іссапар барысында делегаттар Жамбыл жерімен жан-жақты танысып, екі ел арасында экономикалық қана емес, достық, туыстық байланыстар да нығая түседі деп күтілуде.

Эльвира  ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.