Ақтөбеде тостсыз той өтті
Ақтөбеде тостсыз той өтті
Ақтөбенің Шалқар қаласында ерекше той өтті. Ерекшелігі сол, тойға жиналған 300-ден астам қонақтың ешбірі ортаға шығып жас жұбайларға тілек айтқан жоқ. Тостсыз әрі ішімдіксіз өткен тойда тек бір адам ғана сөз алған. Ол – жаңа құдаларды бастап келген азамат. Оның өзі келген құдалар жағын таныстырумен ғана шектелген. Ал ішімдік орнына осыдан бес жыл бұрын жер астына киікотымен ысталып, ішіне қазы салынып сақталған қымыз ұсынылған. 150 литр қымыз жердің астынан тойдан бір күн бұрын ғана қазып алыныпты. – Тойдың түр-түрін көріп жүрміз. Қонақтар бірінің айтқан сөзін екіншісі қайталап тұрып алады. Жұрт та жалығады. Мен өз тойымның тостсыз өткенін қаладым. Ақ тілегін айтқысы келгендер «тілек бұрышындағы» микрофонды алып, арнайы камераның қызметін қолданып жатты. Біз оны міндетті түрде асықпай қарап шығатын боламыз. Бір байқағаным, тойда сөз берілмегеніне ешкім де ренжіген жоқ, – дейді жас шаңырақ иесі Қонысбек Терекұлы.
«Ақ жол-Ақпарат».