Тәуелсіздіктен қымбат сый жоқ
Тәуелсіздіктен қымбат сый жоқ
«Жамбыл-Тараз» газетінің ұжымы Тәуелсіздік дастарханын жайды
Тәу етер Тәуелсіздік күні таяған сайын түрлі шаралар атқарылып жатыр. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың ақ таңын құрметтеу, қадір тұту – баршамыздың борышымыз.
Қалалық мәслихаттың депутаты, нәзік иығына ауыр жүк арқалап жүрген әріптесіміз, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-ғалидың бастамасымен екінші жыл қатарынан басылым қызметкерлері әріптестері мен қызметте жүрген азаматтарға арнап Тәуелсіздік дастарханын жайды.
Ақ дастархан жайылған бұл күні ел егемендігіне жанқиярлық ерліктерімен ат салысқан боздақтар рухына бағышталып Құран оқылды. Мұнан соң еңбек ардагері Қаржаубай Бекболатов, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген, облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Балабек Нарбаев, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжан, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбаршын Құланбаева, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің өңіріміздегі меншікті тілшісі Оралхан Дәуіт, облыстық «Арай» жастар газетінің бас редакторы Гүлнұр Ембердиева және өзге де азаматтар егемен ел тарихының тамыры тереңде жатқанын толғана айтты.
Әсіресе, «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепбергеннің тарихқа шолу жасай отырып, толғана айтқан танымға толы пікірлері көпшіліктің көкейіне қонды. Әріптестердің ақ дастархан басында отырып айтқан өзара әзілдері де жарасты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жайылған дастархан басында жас ақындар Нұржан Қадірәлі, Наурызбек Сарша рух оятар жырларын оқып, аға-әпкелерінің ризашылығына бөленді. Аға буын қаламгерлер қалалық газеттің ұжымына, директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғалиға ағалық ақ пейілмен шынайы алғыстарын жеткізді. Өз кезегінде Эльмира Мырза-Ғали жиналған әріптестері мен ағаларына, замандастарына, олардың риясыз көңілдеріне ризашылығын білдіріп, Тәуелсіздік дастарханынан естелікке ұлттық нақыштағы шағын кәдесый тарту етті. Осымен екінші жыл қатарынан жайылып отырған Тәуелсіздік дастарханы барша отбасында жайыла берсін деген тілекті біз де айта отырып, ізгі шараға бастамашыл болып жүрген әріптестерімізге ризашылығымызды білдіреміз!
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Тараз қаласы.