Әлеумет

Төтенше жағдайға қарсы шыққан бас редактор

Төтенше жағдайға қарсы шыққан бас редактор

Алматыда 78 жасқа қараған шағында қазақтың белгілі журналисі әрі баспагері Нұрмахан Оразбек өмірден озды. 1991 жылы 20 тамызда Қарағанды облысында шығатын, компартияның облыстық комитеті мен облыстық депутаттар кеңесінің органы – «Орталық Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Иә, бұл – төңкеріс» деген тақырыппен, СССР-де төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ГКЧП) құрылғанын айыптаған мақала шыққан еді. Оның авторы – газеттің бас редакторы Нұрмахан Оразбек жазылған мақала үшін жауапкершілікті жеке өз мойнына алатынын мәлімдеген. Ал Қазақстандағы бірен-саран тәуелсіз газеттерден өзге басылымдар ГКЧП бүлігі сәтсіздікке ұшыраған соң ғана төңкерісті айыптаған мақалалар басқан. Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген Нұрмахан Оразбек Шорнақ ауылындағы орта мектепті бітірген соң Алматы облысындағы «Іле» кеңшарында, Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатында жұмыс істеген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімшесін бітірген. Қарағанды облысының Жезді аудандық «Октябрь туы», Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газеттерінде, «Лениншіл жаста», Қазақстан Жастар одағының Орталық Комитетінде, «Социалистік Қазақстан» газетінде, Партия тарихы институтында қызметтер атқарды. Қазақ ақпарат агенттігіне (ҚазТАГ) бас редактор, директордың орынбасары болды. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Баспасөз министрлігінің мерзімді баспасөз бас басқармасының бастығы, ағылшын тілінде шыққан республикалық «Қазақстан» газетінің бас редакторы, «Қазақстан» баспасының директоры, сонымен бір мезгілде республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы болып та еңбек етті. Өмірінің соңына дейін «Қазақстан» баспа үйінің» директоры болды. Нұрмахан Оразбек «Құрмет» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Қарсыбай Сыпатаев», «Құрбанбай Ырысбеков», «Капитал қамалындағы 18 күн», «Қасиеттісің сен, Отан!», «Қағажу көрген өмірден», «Бар айласы – бас пайдасы», «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы», «Шапық Шөкин» атты кітаптары жарық көрген. Атақты Оксфорд университетінің «Саясаттану», «Әлеуметтану» түсіндірме сөздіктерін түпнұсқадан аударған.

«Ақ жол-Ақпарат».