Үкімет азық-түлік бағасын еркіндікке жіберуден айнып қалды
Үкімет азық-түлік бағасын еркіндікке жіберуден айнып қалды
Үкімет әлеуметтік маңызды тауарлардың құнын бақылаудан бас тартпайтын болды. Енді бір қатар азық-түлік құны екі жыл бойы белгіленген бағадан аспауы тиіс.
Әрі мұнай бағасы құлдырап, әлемдік экономика шатқаяқтап тұрғанда елімізде әлеуметтік міндеттер толығымен іске асады. Үкімет оптимизмге толы осындай дағдарысқа қарсы үш жылдық жоспарын жария етті. Басты стратегиялық құжатқа сай, Министрлер кабинеті жұмыссыздықты азайтып, кәсіпкерлерді қолдауды тіпті, қол жетімді баспана салуды да көздеп отыр.
Үкімет әлемдік дағдарысқа төтеп берудің жоспарын ұсынды. Үш жылға арналған осы стратегиялық құжатта ең әуелі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға басымдық беріліпті. Соның негізгісі азық-түлік құнын өсірмей ұстап тұру.
“Әлеуметтік тауарлардың бағасы көтеріліп кетпеуі үшін 2016-2017 жылдары азық түлікке белгіленген баға қоямыз. Тауар құны содан аспауы тиіс. Бірақ, 2018 жылдан бастап ол бақылауды алып тастаймыз”, – дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Әлемдік дағдарыс қол жетімді тұрғын үй салуға да әсер етпейді деп сендірді министрлер. Әрі доллар өскен соң шығынға батқан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары да алдағы жылдары өтемақысын алады. Ол үшін келесі жылы ұлттық қордан 20 миллард, ал 2017-де 16 миллард теңге бөлінбек. Ал, зейнат ақы қорындағы ақша келер жылдың ортасында жекенің қолына беріле бастайды.
“Зейнетақы қорындағы ақшаны жеке қорларға беруге әзірлікті бастадық. Бұл үшін біраз заңға өзгерістер енгізу керек. Ал, ақшасы үшін салымшылар алаңдамаса болады. Мемлекет оны сақтауға 100 пайыз кепілдік береді”, – дейді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышов.
Ал, мемлекеттік нысандарды жекешелендіру жалғасады. Бірінші кезекте алпауыт компания «ҚазМұнайГаздың» жартысы, яғни мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай бекеттері және «Қазақстан Темір жолының» нысандары сатылымға шығарылмақ. Негізінен жекенің қолына берілетін 60-тан астам мемлекеттік нысан бар. Бірақ әзірге олар айтылмай отыр.
“Егер бұл пайда әкелсе, «ҚазМұнайГаздың» жанармай құю бекеттерімен мұнай өңдеу зауыттары да жекенің қолына беріледі. Үкімет бұл арқылы кәсіпкерлерді қолдап бәсекелестікті арттыруды көздеп отыр”, – деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төрағасы Өмірзақ Шөкеев.
Дегенмен мұнай бағасының құлдырауы министрлерді алаңдатып отыр. Өйткені, үш жылдық бюджет қазіргі қара алтынның құнымен бекітілгені мәлім. Егер мұнай тағы құлдыраса бюджетті қайта қарауға тура келетін түрі бар.
Осылайша қарамағындағыларын жаппай үнемге көшіріп жатқан премьер Кәрім Мәсімов, бюджеттің әр тиынын шашпай-төкпей жұмсауды облыс әкімдеріне де ескертті.
Енді бүгіннен бастап министрліктер мен аймақтар үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы арнайы бағдарламамен жұмыс істеуі тиіс. Ал, бұл құжат экономиканың өсімін қаржы нарығындағы қиын жағдайда реттейді деген үміт бар.