Саясат

Барлық істің бағдаршамы

Барлық істің бағдаршамы

Нұржан Календеров, Тараз қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы.

Елбасымыз айтып өткендей, барлығымыздың мойнымызда еліміздің болашағы үшін орасан зор жауапкершілік, қиын жұмыстар күтіп тұр. 2016 жылдан Ұлт жоспары шеңберінде қабылданған жаңа заңдар жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар, келер жылы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауында айқындалған экономикамызды, мемлекетіміз бен қоғамымызды нығайтуды көздейтін жаңа шаралар іске асырылуы тиіс. Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында барлық міндеттерді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше жауапкершілік жүктелетінін баса айтты. «Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс. Кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауға біріктіру керек. Партиядан сайланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс. Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын», – деді Елбасы. Жалпы, еліміздің негізгі даму бағыттары Ұлт Көшбасшысының «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары мен биылғы Жолдауында нақтыланған. Бұл міндеттер бұған дейін Сайлауалды тұғырнамада да көрініс тапқан болатын. Сондықтан, Мемлекет басшысының бастамасын іске асыру – «Нұр Отан» партиясының басым бағыттарының бірі екенін айта кетуіміз керек. Бүгінгі күнге дейін Тараз қаласында Сайлауалды тұғырнамадағы 73 индикатордың 35-і нақты жүзеге асырылды. Тұғырнаманың 37 тармағы бойынша нақты шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, білім саласында 8 индикатордың алтауы белгіленген мерзімде орындалып отыр. Облыс орталығында Назарбаев зияткерлік мектебі ашылып, 2012 жылдан бері 17 жекеменшік балабақша іске қосылды. 5-6 жастағы балалар 100 пайыз мектепалды даярлықпен қамтылды. Интернет желісіне қосылған орта білім беретін мектептер саны 100 пайызды құрады. Сондай-ақ, №41 гимназия республикадағы білім берудің 12 жылдық мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты енгізілетін 30 пилоттық мектептердің тізіміне енгізілді. Өнеркәсіп саласында да өрлеу байқалады. 2012 жылы қала кәсіпорындары 116,1 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 179,8 миллиард теңгеге жетіп отыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2010-2014 жылдарды қамтитын бірінші кезеңінде Тараз қаласында 11 жоба іске асырылды. Олардың құны шамамен 35,5 миллиард теңгені құрап, 1861 жаңа жұмыс орны ашылды. «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2012-2015 жылдар аралығында 6381 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Партия тұғырнамасының жұмыссыздықпен күресте көзделген индикаторы 124,8 пайызға орындалды. Соның арқасында қаладағы кедейшілік деңгейі 0,4 пайызға төмендеп, 0,5 пайызды құрады. Ал «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша 2012-2014 жылдары республикалық және жергілікті бюджет есебінен 4 985,4 миллион теңге қаражат бөлініп, 56,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сөйтіп, негізгі индикатор 109,7 пайызға орындалып отыр. Биылдың өзінде 10,2 мың шаршы метрді құрайтын екі көп қабатты тұрғын үйде қоныс той тойланды. Жыл соңына дейін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамының қаржысы есебінен салынған 28,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Соңғы төрт жылда қалада 151 көп қабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал қайтарылған 258 миллион теңге қаражатқа қосымша 19 үй қайта жаңғыртылды. Үш жылдың ішінде қала сыртындағы бірнеше тұрғын алқапқа ауыз су құбырлары тартылды. Инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға бөлінген 6765,1 миллион теңге қаржыға газ, электр желілері жүргізілді. Партияның сайлауалды тұғырнамасында көрініс тапқан индикаторларды жүзеге асыру – «нұротандықтардың» міндеті. Ал Жолдау жүктеген жауапкершілікті сезініп, Елбасы тапсырмаларын орындау парызымыз. Өйткені, Жолдауда елімізді дамытудың жаңа жобалары мен жаңғырту идеялары көрініс тапқан. Бір сөзбен айтқанда, бізді алда үлкен белестер күтіп тұр.