Саясат

Ақпараттық- насихаттық пойыз жолға шықты

Ақпараттық- насихаттық пойыз жолға шықты

Өткен аптада Жолдауды жұртшылыққа жеткізуді көздеген автокеруен аудандарға жол тартса, енді үлкен үгіт пойызы жолға шықты. 

Қазірдің өзінде аудандар мен қалаларда, еңбек ұжымдарында, өндіріс және оқу орындарында Елбасымыздың жаңа Жолдауын түсіндіру және насихаттау жұмыстары қызу жүруде. Темір жол вокзалының перронына 300-ден астам қала тұрғыны, теміржолшылар мен жастар жиналды. Үгіт пойызын шығарып салуға арналған салтанатты шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты. – Әлемдік дағдарыс қыспаққа алған уақытта Елбасымыз одан шығудың жолын көрсетті. 90-шы жылдар мен 2007-2009 жылдардағы дағдарысты да бастан өткердік. Мәселен, 2007-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолы» салынып, онда он мыңға жуық адам жұмысқа тартылды. Түркіменстан-Қытай газ желісі құбыры салынып, оған екі мыңға жуық тұрғын жұмысқа алынды. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 7 мың адамға жұмыс орындары ашылды. Сол бағдарламаны пайдалана отырып, келер жылға да қаржымызды үнемдеп, жұмыс атқаруымызды тапсырды. Өздеріңіз білетіндей, денсаулық, білім, әлеуметтік сала бойынша да бүкіл жұмысшылардың жалақысы мен зейнеткерлердің зейнетақысы көтеріледі. Яғни, Елбасымыз қандай қиын кезең туса да әлеуметтің әлеуетіне баса назар аударады. Біздің ендігі міндетіміз – Ұлт Көшбасшысы ұстанымын халыққа дұрыс жеткізу. Кеше ғана ақпараттық-насихаттық топ және азық-түлік тиеген автокеруендер аудандарды аралады. 90-нан аса кездесу өткізілді. Ол кездесулерге 7 мыңға жуық адам қамтылды. Міне, бүгін «Нұр Отан» партиясының бастамасымен, теміржолшылар қолдауымен өз жұмысын жалғастырмақшы. Сіздерге ақ жол, сәт сапар тілеймін, – деді Кәрім Нәсбекұлы.

Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауын облыс тұрғындары арасында кеңінен түсіндіруге ерекше үлес қосып жүрген «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы Жамбыл филиалының директоры Дәулетбай Есімбеков Ұлт Көшбасшысының Жолдауына қолдау білдіретіндігін жеткізді.

– Жолдау біздің темір жол саласы қызметкерлеріне де үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Атап айтқанда, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы аясында басталған «Алматы – Шу» темір жол желісінің екінші жолының құрылысын жүргізуді Елбасы Үкіметке тапсырды. Алдағы уақытта бұл құрылыста мыңдаған облыс тұрғыны мен теміржолшылар жұмысқа тартылады. Бұл да Елбасымыздың елімізге деген ерен еңбегі деп білеміз, – деді Дәулетбай Дасырұлы. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат жылдың бас құжатында партиялық әріптестеріне жауапты міндеттер жүктелгенін қозғады. Оның айтуынша, ақпараттық топ мүшелері аудан тұрғындарына Жолдау міндеттерін ғана емес, сонымен бірге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жайлы да жан-жақты хабар бермекші. Ақпараттық пойызға 40-қа жуық адам тартылды. Олардың құрамында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері, жастар, зиялылар, ардагерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, дәрігерлер, мәдениет саласының өнерпаздары бар. Акпараттық пойыз «Жамбыл – Б.Момышұлы» бағыты және «Жамбыл – Шу», «Жамбыл – Мыңарал» және «Жамбыл – Отар» бағыты бойынша 2 бағытта аттанып, облыс бойынша 35 стансаға тоқтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, аталған пойызбен шалғай жатқан елді мекен тұрғындарына төмендетілген бағамен 300 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері (ұн, қант, күріш, картоп, пияз, сәбіз, жұмыртқа) жеткізіліп, дәрігерлер тегін медициналық қызмет көрсетеді. Өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламалары ұйымдастырылады.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».