Экономика

Сарыбұлақтың қызылшашылары ерледі

Сарыбұлақтың қызылшашылары ерледі

Евгений Трубниковтің алқабында өнімділік 700 центнерге жетті

Биыл ауданның жиырмадан астам шаруашылығы жалпы көлемі 300 гектар алқапқа қант қызылшасы тұқымын сепкен болса, оның 222 гектары өнім берді. Аудандық орта көрсеткіш гектарына 200 центнерді құрады. 

Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Самғау» және «Нөсер» шаруа қожалықтары қант қызылшасының егіс көлемі жөнінен аудан бойынша алда тұр. Бұл екі агроқұрылымның да қожасы – Евгений Трубников. Ол биыл жалпы 45 гектар алқапта қант қызылшасын өсірген. Оның 10 гектарын – тамшылатып суару тәсілімен. Нәтижесі жаман емес. Өнімділік 700 центнерге дейін жетіп отыр. Қожалық басшысы Евгений Геннадьевич мұның сыры қызылшаның «Роксана» және «Андромеда» аталатын сапалы тұқымын шетелден алдырып пайдаланудың және өздері үш жылдан бері дәндік жүгері мен пияз өсіруде жаппай қолданып отырған израильдік тамшылатып суару технологиясында жатыр дейді. Алғашқы сынақ күткен үмітті ақтады, енді олар келер жылы қант қызылшасын тоқсан гектарға дейін ұлғайтып, барлығын тамшылатып суару арқылы өсірмек. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 10,5 миллион теңгеге қызылша жинайтын техника кешенін сатып алған Қасық ауылдық округіндегі «Нұр» шаруа қожалығы жиын-терінді сәтті өткізуде. Жаңа техника қызылша жапырағын шабатын, топырақты қопарып қызылша түбірлерін сыртқа шығаратын құрылғы мен өнімді жинап тазалайтын комбайннан тұрады. Бұл шаруашылық та қызылшаның Германиядан алдырған «KWS» тұқымын сепкеннен кейін жоғары өнімділікке қол жеткізіп отыр. Қожалық басшысы Нұрбақыт Естібаев тәтті түбірдің егістік көлемін келер жылы 80 гектарға арттыруды жоспарлауда. – Биыл Меркі қант зауытымен жасалған келісімнің нәтижесінде өнімді өткеруде іркіліс жоқ. Қызылша өсірушілерге мемлекет те жақсы қарайласып, субсидия төлеуде. Бір жылда екі мәрте, себілген қант қызылшасының әр гектарына 50 мың теңгеден бір төленсе, тапсырылған өнімнің әр тоннасына 2,5 мың теңгеден және төленеді. Қант зауыты болса қызылша шикізатын килограмын 13 теңгеден қабылдап алуда. Сондықтан, келер жылы қызылшаның егіс көлемін еселеп арттыруға мүмкіндік бар, – дейді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Молдабеков. Ауданның өзге ауылдық округтеріндегі «Щенхо» шаруа қожалығы, «Благовещенка», «Қақпатас-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің де жинаған өнімдерінің көрсеткіші көңіл көншітерліктей. Осыған қарап, келешекте Қордайда қант қызылшасын өсірушілердің қатары артады деген үміт бар.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.