Араны ашылған «аңшылар»
Араны ашылған «аңшылар»
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Ормандарды қорғау жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің маман-инспекторлары мен аумақтық инспекцияның қатысуымен бірлескен рейд жүргізілді. Рейд кезінде Кеңес ауылдық округіне қарасты Көшек батыр ауылының арқа тұсындағы Атбайлар жерінен түн мезгілінде аңшылық жасап, жарық салып жүрген екі көліктің соңынан түсті. Түнгі аңшылардың жолын кесіп, тосқауыл қою кезінде бір «Джип» көлігі қашып құтылып, осы маркалы екінші көлік қолды болды. Көлікті тексеру кезінде жарық салғыш құрал мен 2 аңшы мылтығы, соңғы жылдары тұқымы жойылып бара жатқан аң-құстардың қатарында «Қызыл кітапқа» енген 2 қарақұйрық аңы бас-терісімен табылды. Ұсталған үш азамат барлық айғақ заттарымен Талас аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Ақ жол-Ақпарат».
Талас ауданы.