Халық театры халық көңілінен шықты
Халық театры халық көңілінен шықты
Ауданның мәдениет саласында жаңашыл істер байқалады. Бірнеше мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтіп, қыздың жасауындай жаңара түсті. Әсіресе, аудандық халық театры тың жоспарларымен көрермен көңілінен шығып келеді. Бұл театр өнерпаздары соңғы кезде Әлібек Әмзеұлының «Қара кемпір» драмалық қойылымын барлық ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтарында көрсетіп, елді мекен тұрғындарын әсерге бөледі. Бұл драмалық қойылымның режиссері – Әбдіхамит Жұмаходжаев. «Көрсетілім барысында «Қара кемпір» рөлін Сағыныш Қоянбаева сәтті сомдады. Көрерменді баурап, тебірентіп, сенімді ойнап жүр. Соғыстан жараланып қайтқан сарбаздың рөлін Есімжан Әлімқұлов деген өнерпазымыз жақсы алып шықты. Бұл қойылым биыл аталып өткен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. Алыс ауылдарда қазіргі сәтке дейін қойылу үстінде», – дейді аудандық халықтық театрының директоры Нұржан Тулақбаев.
Шәрбану Жұмабекова басқаратын Тәтті ауылдық Мәдениет үйі де сәт сайын іс-шарадан босамайды. Тіпті, көпшілікке көркем фильмдерді тұрақты түрде көрсету дағдыға айналды. Осы кезге дейін тәттілік тұрғындар «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Отырардың күйреуі» көркем фильмдерін ауылдық мәдениет ошағынан көріп, әдемі әсерге бөленді. Оқушы балаларды отаншылдыққа, қайсарлыққа, патриоттыққа жетелейтін «Ер Төстік», «Батыр Бауыржан» фильмдері де көрсетіліп, жасөспірімдерге үлкен тарту жасалды. Бұл фильмдерді ауылдық Мәдениет үйінен көргеніне ауылдықтар дән риза. Т.Рысқұлов ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Тәттікүл Болысбаеваның да ерекше ізденісі байқалады. Ол ауылдық мәдениет ошағында түрлі рухани кездесулерді, патриоттық іс-шараларды жиі өткізеді. Сондай-ақ, Т.Рысқұлов ауылының жастарына саламатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлықпен күрес, есірткі және діни экстремизмге қарсы фильмдер тұрақты көрсетіліп тұрады. Сондай-ақ, меркіліктер жерлестері Алтынбек Қоразбаев, Бағдат Сәмединова, Айгүл Иманбаеваның қатысуымен өткен концерттерді тамашалап тұрады. Мерейлі Меркі жеріне «Шаншар», «Базар жоқ», «Алдараспан» әзіл-ысқақ театрлары да жиі келіп, ауыл тұрғындарына жақсы көңіл күй сыйлап қайтуда. Табиғаты көркем өңірдің мәдени саласы жақсы шараларға, жаңашыл істерге толы.
Есет Досалы, «Ақ жол».