Фәнилік драма
Фәнилік драма
(рубаяттар)Арғынбай БЕКБОСЫН.
– Байлық, мансап тегінде бақыт емес, Арпалыспен өткізген уақыт – елес... – Алакөзді көп көріп халайықтан, Бай-манаптың әр жерде-ақ талайы ыққан.
* * * – Рас шығар, өмірге алғыр лайық... Қайткенде де әйтеуір алдың байып. Байлық-заман сыйы ма расында?.. Байқа, ұятқа заманды қалдырмайық!
* * * – Қарыз ап той жасаймыз тыраштанып, Тоюға жететіндей бір аш халық. «Той – құдай қазынасы» деп соғамыз... О, онда құлашталық, құлашталық!
* * * Жабысып жатағандау қара жарға, Сықырлап азық артқан барады арба... Жинаумен ризығын азын-аулақ. Өстіп те тырбанады-ау адам алға.
* * * Дегенде «Адамы ғой бұрынғының», О, қанша жатыр терең, ұғым мығым! Мейірім, кеңдік, иман, бауырмалдық... Жоғалтпай сақтадық па мұның бірін?
* * * – Зулап күн, жылыстап жыл, асығып ай, Солармен өте шыққан, асылым-ай!.. Бір сәтке сен жарқ етсең, о, Жастығым, Тең келер қай заманның ғасыры қай?!
* * * – Көрдің бе кісіні анау парасатты?.. Құдайым бар бейілін сала сапты! Білімді, инабатты, ал пәктігі еске сап сағынтады бала шақты...
* * * – Қарашы, кім мына бір ғаріп келген? Не беріп, неменені алыпты елден?.. Мүсәпір көрінгенмен, пешенесі жазылған шығар алтын әріптермен?
* * * «Қаламасын, қаласын кейін, мейлі, Алла адамды бір іске бейімдейді. Ал басқадан таптырмас еш береке, Соңғы демін алғанға дейін» дейді...
* * * – Аңдитын, қапы кетер сәтіңді кім? Салатын қызған отқа дәтіңді кім? Құдайдан безген кәпір!.. Мүрдем кетер құсадан, жасамаса кәпірлігін!
* * * – Бүгінде екі аяқты нық басты кім? Жебірмен нешетүрлі жұптасты кім? – Алаяқ оның көбі пайдаланған қазақтың аңқау көңіл жықпастығын!
* * * – Жебірді жақтап қашан, қайда ұнаттық?! Шіркінді айдатса ғой «бай-құлақ» қып!.. – Айдалса барар жер де – өз жеріміз... Шыдау ма... жеткенше оның ай, күні ақтық?
* * * – Ойы оның: «Мен мына елден артық екем, Өмірі асып-тасып, шалқып өтем!..» – Сенбей ме ахиреттің боларына?.. Қалады-ау сорлы өзінің обалына. * * * – Күшті ел көрсетсе ылғи басымдылық, Алады-ау әлсізді де ашындырып... – Інінен қуғындалса ысырыла, Тышқан да қарсы шабар мысығыңа!
* * * – Қайтерсің о байғұсты пақыр демей, Болған соң көк тиынсыз тақыр кедей... – Жанына үңілдің бе? Жаны бай ма?.. Қаларсың мүмкін, тіпті, танымай да!
* * * Әкем үйсін болғанда, анам – керей, Біріне артық беретін бағам демей, Тайпалардың тарихи құймасы алтын – Қазақ ұлы болғаннан табам мерей!
* * * – Әзизім, бұл – сырым ғой, қабыл еткін: «Өмірдің ойын, қырын... – бәрін өттім» – десем де, мені әлдекім қимайтындай, Келмей жүр бұл фәниден әлі кеткім...
* * * Науқаспын... ойда тұман, бұлт ақылда... Өткенді шолған болам: құр тақыр ма?.. – Өзіңді түк өндірмей өкпелетсем, Күнәсін кешір, Өмір, бұл пақырға!
* * * – Теңіздей тулап өткен түні шерім, Шарт үзді көңілімнің бір ішегін. Күйіңмен жалғап оны берерсің сен?.. Жетсеңші, Әбдімомын «інішегім»!
* * * – Жастықта тау-тасыңды бұзып тасқан, Күлімдеп төбемізде тұрыпты аспан!.. Сол кезді сағынумен және өзіңді жүрмін ғой ұмытпастан... Ұмытпастан!
* * * – Алтын Ай шарасынан асып толған, Сәулесі жас жүректі ашып қонған... Сол кешті есіңе алшы... есіңе алшы, Еске алшы жігітті де ғашық болған...
* * * Ұйқыда Алмалытау. Бала сынды... Тулаумен жарты жүрек таң асырды. Жалғыз үн, жағымды үн-су сарыны... Кетсем... ала кетем бе Таласымды?
* * * – Немерем айналайын, ересегім, Оқуда бастан жаман емес едің. Ал енді жайы қалай кісіліктің?.. О, соған көп тәуелді келешегің!
* * * – Сен кеткен әңгі фәни сан қыры бар, Болса да көбі даң-дұң ән-жыры бар. Бірақ та бәрін басып түу ғарыштан, Дауысың жетер маған, жаңғырығар!..
* * * Бір түрлімін... мұң да емес, күйік те емес, Наз көңілді берген жоқ үйіп те кеш... Кенет келдің ғайыптан көз алдыма... – О, не деген, не деген сүйікті елес! * * * Қайран, біздің ауылдың шешелері, Жылап-сықтап өтсе де нешелері, Жеткіншекті жеткізді желкілдетіп!.. Ал өз анам... сөзге де шешен еді...
* * * Достық – асыл сезімдер қоспасы анық, Салады рас жаныңа дос та салық. Бірақ оның бәрі де есеп болса?.. – Кешір, кешір, осымен қоштасалық!
* * * «Қай сезім, – деп сұраса, – асыл маған?», Дер едім: «Ол – сағыныш басылмаған». Кішкентай кемпір көрсем кимешекті, Мәз болам жүргендей-ақ қасымда анам...
* * * Біз, оқушы бозбала, қалалықтар, Мейлі жаңбыр жауса да жамалып қар, Театрға қаптаушы ек... Онда, шіркін, Паһ, ке-ре-мет!.. Сәкиев, Табановтар...
* * * Бұрған кезде арулар жүзді көпке, От түсетін кемінде жүз жүрекке! Талай досым мұң құшты ғашық болып, Сахнадағы Баян мен Қыз Жібекке...
* * * – Деп жүргенде «Дүние-ай, батты күнім!», Астында қалдың өмір шаттығының. Мен өйтпеппін... сен, жаным, қадірлей біл, Орындалған арманның тәттілігін.
* * * Жып-жылы ма асқақ ой асқарлары? Суық па әлде жұлдыздай аспандағы? Фәни, бақи, ахирет... айналдырып, Жүрек лоблып, ып-ыстық жас парлады...
* * * Тұлпарларға желқанат сүрінерге, Жетіп жатыр жалғыз ін, сүдігер де. Енжарлықтан мерт етсе ел ерлерін, Толқып, тулап обалы білінер ме?
* * * Талайлар келер әлі басқа біздей, Өмірден олар да өтер астар іздей. Соңында қайбір белгі қалар дейсің, Шалғынға жалаңаяқ басқан іздей...
* * * – Жанарың жауһар жүзге тұтқындалып, Еркіңнен айырылдың!.. Ұқтың ба анық? Енді одан құтылу жоқ, құтылу жоқ... Тек тәңір мүсіркесін, тұтқын ғаріп!
* * * – О, Хайям, саған құдай игені де, Айналдың мыңжылдықтың сүйгеніне! Ұлы Ұстаз! Сенен мен аз жазғамын жоқ, Сонда да жету қайда ширегіңе?!..
* * * Менің өзім тумасымын Тараздың, Ізгімен дос, зұлымдықпен аразбын. Ұлт ұлына сүйінемін!.. Налимын сұрқын көрсем қазақылық қаны аздың.
* * * Көп қарасаң замананың әріне, Сезім сөнер, жалықтырар бәрі де!.. Бірақ... бірақ мына Жалған – бір сиқыр, Итшілеп-ақ келер жүргің әлі де...
* * * Мына күн де күн сияқты кешегі, Сол шуақ қой, сол ерке жел еседі... Тіршілікпен тіл табуға тырысқан, Тек пенденің сәл басқалау есебі.
* * * Елес, елес... өткен күндер елесі... Бар жақсысы, онша жақсы емесі. Мейлі... бәрі бастан кешкен өмір ғой, Бүгінің де елес болар келесі...
* * * – Нұрдан, сырдан, асқақ ойдан құралған, Таңғажайып тал жібектей бұралған, Өмір бойы өрге сілтер кіл алдан, Қаласың-ау, қайран арман, бір арман!..
Тараз.