Жастар – қоғамның қозғаушы күші
Жастар – қоғамның қозғаушы күші
Жас келсе – іске
Бүгінгі таңда жастар қоғамдық бірлестіктерінің көпшілігінің жұмысы бірізділенді. Олар нақты істермен шұғылдануға бейімделген. Жастардың бұл белсенділігін азаматтық қоғамның дамуына қосқан үлесі деп білемін. Мен жетекшілік ететін «Жаңа-Ру» жастар коалициясы рухани бағытта дін өкілдерімен бірлесіп жұмыс атқарып жүр. Осы бағытта облыстық орталық мешітпен, қалалық және аудандық мешіттермен берік байланыс орнатып отырмыз. Олардың өкілдерін шақырып, жоғары және арнаулы оқу орындарында түрлі кездесулер, жиындар, студенттерге арнап тағылым сағаттарын өткізуді дәстүрге айналдырып келеміз. Мәселен, облысымыздың бас имамы Данияр Жұмабаевтың ислам діні тұрғысынан ой қозғаған тағылымға толы әңгімелерін, «Һибатулла Тарази» медресесінің оқытушысы Нұралы Бақытұлының өнегелі сөздерін жастарға үлгі етіп, жүректеріне имандылықтың, ізгіліктің дәнін сеуіп жүрміз деп білемін. Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жаңа Жолдауында еліміздің ертеңі болатын жастарға сенетінін ерекше толғаныспен айтты. Жастардың жұмысын белсенді көшбасшылар жандандырады. «Жаңа-Ру» жастар коалициясын құрғандағы себебіміз – имандылық, ізгілік, жақсы әдеттер тұрғысынан облыс жастарына ой салу. Бұл тұрғыда біздің мақсаттарымыз орындалып отыр деп есептеймін. Себебі, біздің ұйымдастырған іс-шараларымыз жоғары және арнаулы оқу орындары студенттерінің, мектеп ұстаздары мен оқушылары тарапынан ерекше қолдауға ие болып отырған жайы бар. Алдағы уақыттарда да облысымыздың жастар саясатына сүбелі үлесімізді қосып, өзім басқаратын жастар коалициясының жұмысын жандандыра бермекпін. Бұл ретте бізге көмектесуге дайын, халыққа жақсы сөзін арнауға ынталы мешіт қызметкерлеріне, бас имамдарға ризашылығымды білдіргім келеді. Себебі, имандылық, адалдық, сауаттылық секілді жақсы қасиеттерді бойына сіңірген жастар адаспайды.
Серікбол Берікқожа, «Жаңа-Ру» жастар коалициясының президенті. Бірлестіктердің атқарар ісі алуан
Қоғамның дамуына қоғамдық бірлестіктердің үлкен үлесі бар екеніне ешкімнің дауы жоқ деп ойлаймын. Қазынадан айлық алатын жұмысымды тастап, қоғамдық бірлестік жұмысымен шұғылданып кеткенімнің де себебі бар. «Жазушы жазбауға мүмкіндігі қалмаған кезде жазу керек» деп бір әдебиетші айтқандай, қоғамдық бірлестікті басқармауға мүмкіндігім қалмаған кезде азаматтық қоғамның жұмысына кіріскен едім. Бұл күнде қоғамдық бірлестік құрғаныма төрт жылға жуықтады. Нәтижесі жаман емес. Негізінен, мектеп қабырғасындағы жас ұрпақ тәрбиесімен, солардың талантын ұштаумен, қыздарға өнеге-үлгі болатын жұмыстармен шұғылданып келеміз. Менің айналамда жүріп жұмысқа бейімделген жастар көп. Қонысбай Ембергенов деген шәкіртім республикалық «Оралхан оқулары» көркемсөз оқу шеберлерінің байқауынан жүлдемен оралды. Мұның барлығы жұмысымыздың жемісін көрсетеді. Жоғары оқу орындарынан бірнеше өнерлі студентті бірлестіктің жұмысына тартып, қоғамдық жұмыстарға белсенділігін оятып келеміз. Жасынан белсенділікке бейімделген, ойын түрлі мәселелерге бағыттап жетілген студент ертең жұмыс орнына барғанда да түрлі шараларды өткізуден жалықпайды. Қоғамдық бірлестік жұмысында көп игі шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Көпшілік те біздің ұйымдастыратын іс-шараларымызды асыға күтеді. Мұны жұрттың азаматтық қоғамға оң көзқарасы деп қабылдап жүрміз. Ұйымдастыра білгенге қоғамдық бірлестіктер атқаратын жұмыс аз емес. Сондықтан, қоғамдық бірлестіктердің, яғни азаматтық қоғамның облыс өмірінде елеулі үлесі бар деп ойлаймын. Азаматтық қоғамға деген халықтың көзқарасы жылдан-жылға жақсаруда. Мені кейбір мәдени орындарға басшылық қызметке де шақырды. Бірақ, қоғамдық бірлестігімнің жоспарындағы жұмыстарымды аяқсыз қалдырғым келмей, ол қызметтерден бас тарттым. Сондықтан, біздің елде азаматтық қоғамның орны жоғары деп есептеймін.
Ринат Нұрақбаев, «Асыл арман» дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Азаматтық қоғамды қалыптастыру – міндетіміз
Азаматтық қоғам институттарының қоғам алдында алар орны қандай десек, біріншіден, мемлекетіміз – дамушы ел, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясына ұмтылушы халықпыз. Енді осы кезекте үкіметтік емес ұйымдар коммерциялық емес ұйым болғандықтан, бастысы қаражат мәселесінен гөрі қоғамға, азаматтарға берер септігіміз көп болу қажет. Қазіргі уақытта сан салалы бағытта жұмыс істейтін көптеген үкіметтік емес ұйымдар бар. Ал мен басқаратын ұйымға келетін болсақ, облысымыздың жастар мәселесін облыс әкімі жанындағы жастар кеңесінде жиі көтеріп, оның шешу жолдарын қарастырудамыз. Шыны керек, әлі де түйінін тарқатар мәселелер жеткілікті. Біздің ұйым Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына ат салысқаны үшін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтан алғыс алған болатын. Мемлекеттік саясатты түсіндіру және жүзеге асыру жолдарын жүйелеуге қол ұшын беру де міндетіміз. Осы жылы мемлекеттік нөмірлі автокөліктерге түнгі тексеру жүргіздік. Шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің өкілдерімен бірлесе өткіздік. Мемлекеттік қазынадан алынған автокөліктердің түнгі уақытта мейрамханалар алдында себепсіз жүргені шара барысында анықталды. Нәтижесінде тиісті департаменттерге хат жолданып, заң бұзған мемлекеттік қызметкерлерге айыппұл салынып, тәртіптік кеңесте мәселесі қаралды. Мұны жұмысымыздың бір жемісі, біздің ұйымның ілкімді ісі деп бағалаймыз. Кейбіреулер үкіметтік емес ұйым не екенін әлі күнге дейін түсіне алмай жүр. Алайда, кездесулерде, тексерулер мен өзге де шараларда «Үкіметтік емес ұйымдар – халық пен билік ортасындағы алтын көпір» деп түсіндіремін. Дегенмен, бұқара халық үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарына оң көзқараста екенін сезінеміз. Бұл да қоғамдық бірлестіктердің жұмысында қозғау бар екенін көрсетеді.
Исламбек Дастан, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті.
Тараз қаласы.