Саясат

Еліміз әрқашан даму бағытын таңдайды

Еліміз әрқашан даму бағытын таңдайды

Чува Айдыр, аудандық мәслихаттың депутаты. Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» тақырыбындағы жаңа Жолдауын өте жылы қабылдадым. Мемлекет басшысының еліміз қиындықтардың барлығынан өтетінін сеніммен айтқаны көңілімді серпілтті. Елбасының сөздерінен болашаққа деген сенім күшін сезінуге болады. Президент экономикалық дағдарысқа, ешбір қиындықтарға қарамастан, әлеуметтік қолдау шаралары жалғастырылатынын айтты. Бұл – халық үшін қуанышты жағдай. Жолдауда «Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы, орташа алғанда, 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі категорияларына қатысты сараланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз» деді. Қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын ойлап, жастардың келешегіне бар мүмкіндікті жасап отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа халқы қашан да риза. 2025 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену, бай да қуатты мемлекеттермен бір саптан көріну бұрынғысынша біздің еліміздің басты мақсаты болып қала бермек. Елбасы оған жетудің жолы қазіргідей әлемдік экономикада болып жатқан құбылыстарға байланысты өте күрделі екенін ескертті. Сондықтан, етек-жеңімізді жиып, шешімді қабылдарда «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» дұрыс. Жолдауда көп жайлар қозғалды. Экономикалық, әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешудің жолдары нақтыланды. Елбасымыз ерекше атап өткен бір мәселе жастарға жұмысшы мамандығын меңгеруге қатысты берген кеңесі болды. Сұранысқа ие мамандық алуды, жұмыс бар өлкеге барудан қорықпау қажет екенін баса айтты. 2017 жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жаңа жобасы іске қосылады. Бұл – мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсе алмай дағдарып қалатын жастарға берілген мүмкіндік. Осы бағдарлама арқылы жұмысшы мамандығын алып, жастардың өмірден өз орнын табуына даңғыл жол ашылмақ. Елбасы Жолдауынан мемлекетіміздің алға қойған мақсат-мүддесі айқын көрінеді. Экономикалық қиындықтарды еңсерудің жолдары көрсетілген Жолдауды барша қазақстандықтар қызу қолдайтыны даусыз. Қордай ауданы.