Ірілену – күрделі кезеңнің басты талабы
Ірілену – күрделі кезеңнің басты талабы
Рахымғазы Куниязов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі. Елбасы жуырдағы Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікпен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 60, 61, 62-қадамдары да ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруға бағытталған. Онда сүт өнімдерін, ет өнімін экспортқа шығару жолдары нақты көрсетілген. Бүгінде мемлекеттің қолдауымен шаруаларға арзандатылған несие, субсидия, лизингке техника берілуде. Мұның барлығы шаруашылықтардың бәсекеге қабілетті өнім өндіруіне үлкен көмек болып отырғанын айта кету керек. Ауданда 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3 өндірістік кооператив, 9 ауылдық тұтынушылар кооперативі, 2255 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың ішінде несие алып, жұмысын жоспарлы түрде жүргізіп, шаруасын жолға қойғандары да аз емес. Мал басын асылдандыру жұмыстарына «Сыбаға» бағдарламасының септігі тиюде. Жалпы, «Сыбаға» бағдарламасы қолға алынған 2011-2014 жылдар аралығында ауданда 45 шаруа қожалығы 397,3 миллион теңгеге 2251 ірі қара сатып алды. Биыл осы бағдарлама аясында 13 шаруа қожалығы 142,6 миллион теңгеге 835 сиыр, 43 асыл тұқымды бұқа алып отыр. Одан бөлек, 6 шаруашылық құрылымының құжаты комиссияның қарауында жатыр. Жыл соңына дейін олар да бағдарлама аясында мал алады деп күтілуде. Өткен жылы «Құлан» бағдарламасымен 3 шаруа қожалығы барлығы 40,6 миллион теңгеге 139 бие, 15 айғыр, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша бір шаруа қожалығы 5,1 миллион теңгеге 230 саулық, 8 қошқар алған болатын. Биыл 10 шаруа қожалығы 135,6 миллион теңгеге 474 бие, 50 айғыр алды. Сонымен қатар, 5 шаруа қожалығы 35,8 миллион теңгеге 1453 қой, 58 асыл тұқымды қошқар сатып алып, мал басын асылдандыруда. Ауданда ауыл шаруашылығы техникасын жаңғыртуға баса мән берілуде. Бүгінгі таңда ауданда жалпы трактор саны 814-ке жеткен. Оның 737-сі доңғалақты трактор. Науқандық жұмыстар 638 трактордың күшімен атқарылып, егістік көлемін ұлғайтуға, егінді уақтылы жинап алуға мүмкіндік туды. Биыл масақты дәнді дақылдардан жалпы 57334 тонна астық жиналды. Арпа мен бидайдың әр гектарынан орта есеппен 17,3 центнерден өнім алынды. Майлы дақылдардан 15083 тонна өнім жиналды. Жүгеріден 795,6 тонна, көкөністен 15000 тонна өнім алынды. Ірілену – бүгінгі күннің басты талабы. Бүгінде ұсақ шаруа қожалықтары жер телімдерін біріктіру арқылы жай серіктестік түрінде шаруашылықтар құруда. Осы жолмен өткен жылы 1546 гектарды құрайтын 45 шаруа қожалығы жерлерін біріктірген болатын. Биыл 102 шаруа қожалық жерлері 58 шаруашылыққа біріктіріліп отыр.
Жуалы ауданы.