Бүгінгі ахуал бізді шыңдай түседі
Бүгінгі ахуал бізді шыңдай түседі
Луиза Батчаева, «Тараз көлік жолы» ЖШС директорының орынбасары.
Елімізді бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосуда индустрияландырудың маңызы орасан. Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Алтыншыдан, Қазақстанда инновациялық индустрияландыру шеңберінде құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда» деп орынды атап өтті. Өндіріске инновацияны кеңінен енгізу дағдарысты еңсеруге мүмкіндік береді. Мұны біз өз тәжірибемізден айқын сезініп келеміз. Біздің «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс және еліміздің аумағында жол салу, жөндеу және құрылыс материалдарын шығарумен шұғылданады. Материалдық-техникалық базамызды жаңартуға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл мақсатқа жыл сайын 200 миллион теңге жұмсалады. Бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыс сапасын арттырудың барлық жолдарын үздіксіз іздестірудеміз. Жөнделген жолдың мерзімінің ұзақтығы мен төзімділігін арттыру үшін жаңа қоспалар енгіздік. Химиялық «Полидор» және «Полибонт» қоспалары жолдың сапасын нығайтуға мүмкіндік беруде. Асфальт кәсіпорын ауласында өндіріледі. Шағал, қиыршық құм және құм карьерден жеткізіледі. Қажетті материалдарды өзімізде өндіру кәсіпорынға арзан түседі әрі үлкен тиімділік әкеледі. Бұрын біз жол белгілерін сырттан сатып алатынбыз. Екі жыл бұрын арнайы цех ашып, оны өзімізде өндірудеміз. Мұның өзі бірнеше жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Қазір өзімізден артылған жол белгілерін сыртқа сатып, пайда табудамыз. Сатып алған жол таңбалайтын техникамыз да жұмысымызды жеңілдетіп, елеулі тиімділікке қол жеткізуде. Қысқасы, бізде жол құрылысына қажетті 27 түрлі өнім өндіріледі. Алдағы жылдары битумды да өзімізде өндіруге әрекет жасалуда. Бүгінде еліміздегі аса маңызды міндеттердің бірі жұмыс орындарын сақтап қалу, жаңа жұмыс орындарын құру және оған еңбекке қабілетті азаматтарды тарту болып табылады. Кәсіпорында 300 адам жұмыс істейді. Бүгінде оларды қысқартпаудың барлық жолдары қарастырылуда. Өткен жылы біздің мекеме Сарысу ауданының экономикасын өркендету үшін оған 250 миллион теңге инвестиция құюға шешім қабылдады. Жаңатастың индустриялық аумағында Украинаның «Кредмаш» кәсіпорнында шығарылған, қуаты сағатына 56 тонналық асфальт араластырғыш қондырғыны және Ресейдің «Канмаш» АҚ шығарған, 1 ауысымда 300 текше метр өнім шығаратын ұсақтау, сұрыптау кешенінің қондырғыларын орнаттық. Аталған жоба – облысымыздың индустриялық картасына енгізілген 9 жобаның бірі. Мұның өзі Сарысу ауданының бюджетіне құйылатын салықтық түсімді молайтып, жаңа 40 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Сарысу және Талас аудандарының тұрғындары асфальт-бетон және инертті материалдарды осы жерден алады. Үстіміздегі жылы біз «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» және «Ақкөл-Қойгелді» автомобиль жолын орта жөндеуден өткіздік. Жалпы, қазірге дейін 600 миллион теңгенің құрылыс құрастыру жұмысын атқардық. Бүгінгі ахуал бізді шыңдай түседі. Дағдарыс келеді, кетеді. Бәсекеге қабілеттілер одан қиналмай өтеді. Қазір жолшыларымыз техника жөндеумен және келесі жылдың жұмысы үшін құрылыс материалдарын әзірлеумен шұғылдануда.
Тараз қаласы.