Әлеумет

Азық-түлік Бағасы ала-құла. Неге?

Азық-түлік Бағасы ала-құла. Неге?

Облыстық бағаны тұрақтандыру жөніндегі штаб мүшелері Тараз шаһарындағы бірқатар ірі сауда нүктелерін аралап, халық тұтынатын негізгі азық-түліктердің сатылымдағы бағасымен танысты. Штаб мүшелерінің бақылау жүргізіп, алаңдауына негіз бар екен. Өйткені, әр дүкенде баға әркелкі болып шықты. Мәселен, «Дәмдес» сауда үйінде құмшекер – 205, жұмыртқаның 10 данасы 220-250 теңгеден сатылуда. Ал қант зауыты құмшекердің бір килограмын 185 теңгеден босататын көрінеді. Сонда өз өңірімізде өндірілетін тауардың әр килограмына 20 теңгеден қосылып сатылса, не болғаны? 

«Жүре берсең, көре бересің» деген «Дәмдесте» 385 теңгеден сатылып жатқан сұйық май Абай көшесінің бойында орналасқан «SMART» сауда орталығында 419 теңге деп тұр. Бұл дүкенде нан 45 теңге болғанымен, арнайы қаптамамен оралған 800 грамдық Қарағанды қаласында шығарылған құмшекердің бағасы 283 теңге екен. Ал 10 жұмыртқа алғыңыз келсе, 280 теңге төлеуіңіз керек. «Юбилейный» дүкенінде 10 жұмыртқаны 290 теңгеге, сұйық майдың ең арзанын 450 теңгеге саудалайсыз. Бірақ, даңғарадай дүкенде қант жоқ. Штаб мүшелері қала бойынша бағасы жүйелі «SMALL» дүкені болып тұр дейді. Онда қанттың бір килограмы – 193, жұмыртқа – 245, картоп – 52, сұйық май – 365, тауықтың сан еті – 345, нан 45 теңгеден сатылуда. Дүкен атаулыны шарлап жүріп байқағанымыз, ең арзан тауарлар Абай көшесінің бойында орналасқан коммуналдық дүкенде екен. Бұл дүкенде қанттың бағасы – 175, картоп – 40 теңге. Сәбіз 45 теңгеден өткерілуде. Таусылып кеткені болмаса, өсімдік майының литрі 240 теңгеден сатылыпты. Осы жерде «Дүкен иелері кез-келген тауарға ойына келген бағаны қойып, сатуына құқы бар ма, жоқ па?» деген заңды сауал туындайтыны сөзсіз. Негізінен, белгілі бір тауардың бағасы өскен жағдайда оның заңды-заңсыз тұстарын анықтау – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің құзырында. Штаб мүшесі, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті тергеу, құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Руслан Берік: «Қазір бәсекелестік заманы. Бір дүкен бір тауарды арзанға сатса, екіншісі одан 5-10 пайыз қымбатқа сатуы күнделікті өмірде бар жағдай. Себебі, тұтынушы бағаны да, дүкенді де өзі таңдайды. Бұрын бағаны 15-20 пайыздан асырмау керек деген талап болатын. Қазір ол алынып тасталған. Алайда, ірі сауда орындары жергілікті жерде доминант ретінде тіркелген. Сондықтан, олар мысалы, қанттың бағасын 35 пайыздан асырып жіберсе, өндіруші, жеткізуші, сауда орындарына тергеу жүргізу арқылы қантты кім негізсіз 35 пайыздан асырды, соған айыппұл салынады. Біз дүкендегі тауарлардың қайдан, қанша бағаға жеткізілгенін, ол тауарға қанша үстеме қосылып сатылып жатқанын растайтын құжат арқылы бағаның негізсіз көтерілгенін-көтерілмегенін анықтай аламыз. Ал өндіруші немесе түрлі сауда нүктелерінің негізгі орталығы басқа облыста болса, тексеруге біздің құқығымыз жоқ. Дегенмен, бұл жұмысты сол облыстағы әріптестеріміз жүргізе алады», – деді. Облыс әкімінің орынбасары, штаб жетекшісі Абдалы Нұралиев бастаған топ бірқатар дүкен иелерімен сөйлесті. Бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды тауар өндірушінің қойған бағасынан 5-10 пайыздан артық қымбат сатпауға шақырды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Тараз қаласы.